Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«ҚазТрансГазАймақ» компаниясының мамандары газ инспекциясын құруды ұсынды

AstanaTV
10.01.2019ж. 20:00
2848
«ҚазТрансГазАймақ» компаниясының мамандары газ инспекциясын құруды ұсынды

Газ баллондары жарылып, көгілдір отын халықты уламас үшін газ жүйесін бақылайтын арнайы инспекция құру қажет. «ҚазТрансГазАймақ» мамандары осындай ұсыныс айтып отыр. «Төтенше жағдайда шұғыл көмек көрсететін мамандар қадағалаудан басқа құзыретіміз жоқ»-дейді. Аймақтағы тілшілеріміз газ баллонын қолданатын қарапайым тұрғындардан бастап, барлық мамандар пікірін білуге тырысты. Бақыт, Ақтөбедегі жақында болған жарылыс туралы қандай ақпарат бар?  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Кеш жарық, Ләйлә! Газ баллонның жарылуынан үй иесі күйікпен ауруханаға түсіп, шаңырағы ортасына түскен соң оқиға орнында комиссия жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар: «Тұрғындар көгілдір отынды пайдалану тәртібін біле бермейді»-деп отыр. Қайғылы жағдайдың көбі осындай білместіктен болатын көрінеді.

Алтынай МҰҚАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КОМПАНИЯЛАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Баллонды газбен толтырып алып, оны сарайда не дәлізде ұстауға болмайды. Салқыннан келген баллонды жылы жерге қойғанда, ондағы мұз еріп, ол баллоннан газ шыға бастайды. Жарылыс сондайдан болады.

Газ баллондары әр бес жыл сайын тексеріліп, ауыстырылуы керек. Ал, ішіне толтырылған газ 85 пайыздан аспауы тиіс.  

Ақтөбе облысында газ баллондарын толтыратын 4 бекеттің ғана арнайы рұқсаты бар. Қазір олардың үшеуі жұмыс істеп тұр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Олар бізге сұқбат беруден бас тартты. Айтуларынша, тек Энергетика министрлігі өкілдеріне ғана есеп беріп, көрсете алады. Абзал, Қызылжардағы көпқабатты үй тұрғындары газ баллонын заңсыз пайданатын көрінеді. Мамандар қайда қарап отыр екен?

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Иә, Бақыт. 23 көпқабатты үй үй орталық газ жүйесіне қосылмаған, газ баллондарын жағып отыр. Олардың көбі 4 қабатты. Ал, заң бойынша 2-ші қабаттан жоғары тұрғын үйлерге газ баллондарын қолдануға қатаң тыйым салынған. Қажқұмаровтар отбасы мамандар орталық газға қосуға ұсыныс жасағанмен, көршілері қолдау білдірмегенін айтады.

Сәуле ҚАЖҚҰМАРОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Ай сайын газ баллонды толтырып отырамыз. Оны төртінші қабатқа көтеру оңай емес. Баллонның редукторын дұрыс орнатпасаң, газдың иісі шығады. Балаларымның қауіпсіздігіне алаңдаймын.

Қаладағы жер үйлер де сұйытылған газды пайдаланып отыр. 100-ден астам баспана шағын газгольдер қойған.  

Жанайдар СҰЛТАНОВ, СҚО ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЯРЛЫҒЫ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Біз қазіргі уақытта тек қана мониторингпен жұмыс жасап жатырмыз. Оларды тексеру біздің құзыретімізге кірмей тұр. Қандайда бір нарушенияларды қарап, оларды айыппұлға тарту біздің құзыретімізге әлі кірмей жатыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

«ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің Шымкенттегі өкілдері газ қондырғыларын талапқа сай, сай еместігін тексеретін арнайы орган болуы керек деген бастама көтеріп отыр екен. Айзада, сөз кезегі өзіңізде...

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Рахмет, Абзал... Көгілдір отынға жауаптылар арнайы инспекция құру қажеттігін айтып жүр. Ал, ол жергілікті әкімдіктің құзырында болуы тиіс деп санайды.

Жасыратыны жоқ, бүгінде үй ішілік газ құбырлары мен құрылғыларын жөндеу және оған қызмет көрсетушілер негізінен жекеменшік компаниялар.  

Бақыт ӘБДІМӘЛІКОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ШЫМКЕНТ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:  

Жекеменшік компнаиялардың бәрін біз бақылауға алатын болсақ олар өз міндеттерін, өз жұмыстарын адалынан атқарады. Сол кезде ғана біз бір тәртіпке келеміз. Бұл ұсыныспен біз 2016 жылдан бастап әкімшілікке және төтенше жағдайлар министрлігіне бірнеше рет хат жолдағанбыз. Нақты жауап әлі алған жоқпыз.

Биылғы жылыту маусымының өзінде 13 адам Түркістан облысында осы газ жайылу мен жарылыс құрбаны болған. Шымкентте демалыс күні ғана 13 жасар қыз бала қаза тапты.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Жергілікті атқамінелер «ҚазТрансГазАймақ» мамандарының арнайы инспекция құру бастамасын қолдап, Энергетика министрлігіне желтоқсанда ғана ұсыныс хат жіберген. Бірақ, әлі жауап келмеген көрінеді. Ләйлә...

Рахмет, құзырлы органдардың жауабын біз де бақылауда ұстайтын боламыз.  

Т. Оспанбаева