$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Адасқандардың оралуы. «Жусан» операциясы

AstanaTV
12.01.2019ж. 20:00
6962
Адасқандардың оралуы. «Жусан» операциясы

 Жусанның түрі көп. Жусанның қасиеті де көп. Жоғалу қаупі бар жусанға қарамай, елімізде жусан жетеді. Туған ауылымыздың ауасын жусан исімен байланыстыратынымыз да содан... Адасқандарды елге қайтару операциясының «Жусан» аталуы және оның сәтті өтуі елге барғандағыдай елжірейтін күйге түсірді. Әрине, Қарағандыдағы оқиғадан кейін сансыз сауал туды. Олардың жауабы әп-сәтте қайтарылмайтынын білсең де, «күту сезімін» өшірмейсің. Отанымыздың бейбіт өмірі бәрінен жоғары екенін түсінген қауым сөйтеді. Дегенмен бәрінен қымбаты – Адам, адам өмірі екені дәлелденген «Жусан» операциясы сияқты басқа да операциялардың болатынынан үмітті еткесін де салқын ақылға саласың.

 Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сириядан қайтарылған азаматтар – Алматы мен Астана қалалары, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының тұрғындары деп хабарлады. Олар Сирияға 2012-2015 жылдар аралығында кеткен. Гүлмира Тасболатқызы жалғастырады.

 Жусан - қазақ даласының символы іспеттес өсімдік. Елден жырақ кетсең иісін сағынасың. Ал аузыңа салсаң ащы дәмі өзекті өртейді...Құпия шараның "Жусан" деп аталуында да гәп бар шығар. Елден жырақ жүріп жусанның иісін сағынғанымен, өмірдің ащы дәмін татып үлгергендер туралы шағын бейнебаянды сол құпия операцияға қатысқандарды өздері түсіріпті.

 Бұл шараға Қазақстан бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындалған. Асқан құпиялықты талап еткен игі істің құны қымбат- 47 жанның өмірі! Артық құлаққа артық сөз айтуға болмайды. Ғаламтор дамыған заманда ақпарат жердің түбіне әп сәтте ақ жетеді. Оны лаңкестер пайдаланып, операцияның астаң-кестеңін шығаруы да мүмкін.

 Мынау - Ақтау халықаралық әуежайынан Сирияға аттанғалы тұрған ұшақ. Белгілі себептермен бет әлпетін көрсетуге болмайтын әскерилер бортқа азық түлікпен қоса, алып қайтатын жолаушыларға қажетті керек жарақтарды тиеп жатыр. Көп ұзамай көкке көтерілген борт бірнеше елдің аспанымен ұшып өтті. Бұл мемлекеттердің рұқсатын алу Елбасының тікелей араласуынан соң ғана мүмкін болған екен.

 Бірнеше сағат әуеде қалықтаған ұшақ Таяу шығыстағы елдің құпия әуежайына кеп қонды. Абырой болғанда бұл операциядан лаңкестер мүлде мақұрым болған. Әйтпесе, ұшақты жолаушылармен қоса атқылап тастар ма еді. Кескілескен қан майданның қоршауынан өз беттерімен қашып шыққан әйелдер мен балалар алдымен міндетті тіркеуден өтті. Сонан соң әскерилердің көмегімен бортқа көтерілді. Барлығы ұшаққа 11 әйел, бес жасқа дейінгі 30 бала мен "Сирия аумағындағы соғысқа қатысты" деген күдікке ілінген 5 ер азамат пен бір әйел мінді. Беттері тұмшаланған олар "жазамызды Қазақстан соты тағайындасын, айыбымызды Отанымызда өтейміз" деген тілек білдірген екен.

Бақытбек Рақымбердиев, ҚР ҰҚК департамент басшысы:

Бұл кісілердің бәрі жан жақты тексеруден өтеді. Соғысқа қатысты ма, лаңкестік әрекеттерге араласты ма, ол жағын алдымен тергеу шаралары анықтайды. Ал бұл істе нүктені сот қоятын болады. Бізде соғысқа араласып, Қазақстан соты үкімімен жазасын өтеп жатқандар да, өтеп болып бостандыққа шыққан азаматтар да бар.

 Күні бойы құпия әуежайда тұрған әскери ұшақ кешқұрым Қазақстанды бетке алып көкке көтерілді. Жолаушыларға ыстық ас таратылды. Одан соң балаларға кітаптар, тіпті ойыншықтар ұстатты. Сәбилердің ұзақ жолда іштері пыспасын десе керек.Өкінішке орай, қызыл жасыл түсті кітапты өмірінде бірінші рет рет көрген бес жасар мына қыздың қуанышын заңға сәйкес, этикаға сәйкес көрсете алмаймыз. Әттең! Ал әскери жанның қолында отырған емшектегі мына сәби анасынан айрылған. Оның жергөгін ауыстырып, жейдесін түймелеп отырған көріністерді қарап тұрып, көмейден барып көтерілген көз жасты әрең тиясың.

 Ақтауда Сириядығыдай емес, күн суық. Әскерилер осыны да ескеріп жолаушылардың бәріне жылы киім де ала шыққан екен. Ұшақтан түсіп арнайы автобусқа отырған жолаушылар Каспий бойындағы шахардың бейімдеу орталығына келіп жайғасты. Ыстық ас, ақ төсекті талайдан көрмеген сәбилер әп-сәтте тәтті ұйқыға кетті. Тілдері арабша шыққан оларға қазақша үйрету, құжат жасау осы мекеме қызметкерлеріне жүктелген міндет.

 Дыбыстық қыстырма:

 -ты сейчас где знаешь где ты?

-нет не знаю...

-Қазақстан!

-мы приехали, все хорошо будет не переживай.

 Кезінде діннің теріс ағымына еріп, шет ел асқан күйеулерінің соңынан кеткен мына әйелдердің дені өздерін Отан алдында кінәлі санайды екен. Оларды бұл ойдан арылтып, бейбіт өмірге бейімдеу - психологтардың жұмысы.

Дыбыстық қыстырма:

Я не знала мне плакать то ли мне смеятбся. Я в шоковом состоянии была. қатты қуандым да. Как будто я предала свою страну. Моя страна меня не оствила меня вернули. Все таки мы же предали, уехали туда в чужую страну. То что я вернулась,потому что меня могли же гражданства лишить.

 Осы шараның бүге- шігесін айтып беру үшін тілшілерді жинаған Сыртқы істер министрілігі брифингке ұлы Сирияда қайтыс болған қарағандылық Ботагөз Махатованы да шақырыпты. 16 жасар баласы дінге бет бұрып, намазға жығылғанда, оның соңы осылай тынарын ана байғұс қайдан білсін. Сирияда жүріп Ақтөбеден барған қазақ қызына үйленген жігіттің ұш баласы болған. Алайда екі жыл бұрын соғыста көз жұмған екен. Әлі сол жақта қалған Ботагөздің келіні мен үш немересі елге қайтып, әжелерінің ыстық құшағына енуді армандап жүр.

Ботагөз Махатова, Қарағанды облысының тұрғыны:

Ол жақта әйелдер алалар, басқа ұлттың да әйелдері бар. Бәрі қоршауда. Ол жақта соғыс болып жатыр ғой. Өздері келеміз деп айтқан. Былтыр да айтқан. Әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Олар енді ол жақта соғыс болып жатқасын өздері шығамыз деді. Бері қарай енді өздері ұмтылып келе жатыр.

Бақытбек Рақымбердиев, ҚР ҰҚК департамент басшысы:

Соғыс басталғанда шетелдіктер біздің жастарды ғаламтордың көмегімен арбаған. Сирияда ислам дінінің талаптары қатаң сақталады, бұл жерде өмір емес жұмақ деген. Осыған сенген әйелдер бар, еркектері бар түгел отбасыларымен көшіп кеткен. Ол жаққа барғанда ғана алданғандарын біліп, қан майданның қақ ортасына түскен. Ол жерден қашып шығу мүмкін емес. Талайлар соған талпынып атылып та кетті. Олардың арасында отандастарымыз да бар.

 Ботагөз Махатованың айтуынша, елімізде бауырлары Сирия, Ауғанстан мен Иракта жүрген 120 жан ғаламторда бір топқа бірігіпті. Бәрінің үміті бір - "Жусан" сынды арнайы гуманитарлық операциялар тағы ұйымдастырылып, туыстарының елге оралуы. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір қанды қырғын болып жатқан аймақтарда мыңға жуық Қазақстан азаматы жүр. Тең жартысы балалар. Олардың да туған жердің жусанын иіскейтін уақыты тусын деп тілейік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Мына адамдарды біз мемлекет ретінде көмек өрсетіп, бізге достық қарым қатынасы бар елдердің көмегімен Қазақстан ұшағымен елге алып келдік. Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайтындығын көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ету елдің міндеті. Сондықтан қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарды, әсіресе балаларды елге қайтаруды біз жалғастыра береміз.

Гүлмира Тасболатқызы «Біздің уақыт».