$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Газбен қамтамасыз ету саласы қадағаланбайды...

AstanaTV
12.01.2019ж. 20:00
3646
Газбен қамтамасыз ету саласы қадағаланбайды...

 Жаңа жыл қарсаңында Ресейдің Магнитогорск қаласында 10 қабатты тұрғын үйдің бір подъезінде газ жарылып, 39 адам опат болғаны мәлім. Содан кейін бізде рейдтер ұйымдастырылып, тұрғын үйлердегі газ құбырлары тексеріле бастады. Ал қаншама қалада орталықтандырылған газ жүйесі болмағасын, газ баллондарымен отырған қаншама көп қабатты үй бар. Абайсызда жарылуы мүмкін оқ-дәрі толы бөшке сияқты екенін тұрғындардың өздері біледі. Бірақ көбінде амал жоқ... Жекеменшік үйлер де жетеді. Қыс түскелі тек Түркістан облысында 13 адам иіс пен жарылыстан опат болған. Шымкентте демалыс күні ғана 13 жастағы қыз бала қаза тапты.

Тұрғындардың арасында қарапайым ережелерді білмейтіндері де бар. Баллонды газбен толтырып алып, оны суық сарайда, не салқын дәлізде ұстап, кейін жылы жерге алып кіргенде жарылыс болуы мүмкін. Ал баллонға газ 85 процентке ғана толтырылуы тиіс.

Жалпы, газ баллондарын сататындардың қызметін кім бақылайды? Газ жүйесін қадағалайтын инспекция неге жоқ? Реттеудің қажеті жоқ жерде реттеу, бақыламайтынды бақылау, қадағаламайтынды қадағалау. Және керісінше... Әлішер Өмірзақтың материалы.

 Еліміз ТМД елдері арасында газ өнеркәсібі бойынша 3 орында. Дегенмен шет аудандар түгілі көгілдір отын жетпеген ірі қалалар бар. Ал комфорт ше? Жұрттың басым бөлігі қолайлы деп газ баллондарға жүгінеді. Табу оңай, бағасы да қолжетімді. Бірақ дұрыс қолданбаған жағдайда үлкен апат болуы мүмкін. Оған Жаңа жыл қарсаңында Ресейдің Магнитогорск қаласында болған жағдай дәлел. 10 қабатты үйде газ баллоны жарылып, салдарынан 39 адам көз жұмған еді. Олардың саны бізде де аз емес. Былтырғы жылдың өзінде газбен жабдықтау жүйесінде 80 төтенше жағдай болған. Қаза тапқандардан бөлек, күйік шалып, мүгедек болып қалғандар да қаншама?!

Тарас Бендерский, «Жігергаз» тауар белгісі «LPG Distribution» ЖШС бас инженері:

Газ баллондарын ережеге сай қолдану қажет. Темір болғандықтан оның да тозығы жетеді. Дегенмен қарапайым қолданушы оның жарамсыз жағдайға жеткенін байқамауы мүмкін. Ал заңсыз газ толтыратын орталықтар аса маңызды дүниелерге мән бере бермейді. Оларда баллонды тексеріп, газ толтырғаннан кейін жағдайын бақылайтын құрылғылары да жоқ. Сондықтан қазір газ баллон жарылыстары жиілеп кетті. Ал 2 қабаттан жоғары пәтерлерге газ баллон қоюға болмайды. Осылардың барлығын бақылап, ірі апаттар болмауы үшін тәртіпке шақыратын арнайы орган қажет.

Әлішер Өмірзақ, тілші:

Мұндағы газ баллондарының өзіндік төлқұжаты бар. Осы арқылы оның жарамдылық мерзімі анықталады. Ал бос баллондар арнайы пропан және бутан газымен толтырылады. Ережеге сай оның салмағы белгіленген мөлшерден аспауы қажет. Ал тұрмыстық жағдайда оны тым төмен және тым жоғары температурада қолдануға болмайды.

Бұл төрт күн бұрын Ақтөбеде болған жағдай. Үйдегі газ балонының жарылу салдарынан бір отбасы қақаған қыста далада қалды. Отағасын күйік шалып, ауруханаға жеткізілген. Төтенше жағдайлар департаментінің болжамы бойынша жарылыс газ баллонындағы ақаудан болған. Ал Өскемендегі халық сауатсыздықтан емес, мәжбүрліктен 5 қабатты үйге газ баллон тасып жүр. Қалада соңғы 10 жылда орталық газдандыру жүйесі атымен жоқ. Қауіпсіздік үшін электр плиталары қажет-ақ, - дейді тұрғындар. Дегенмен оны тұрмыста қолданудың өзі бір ақырет.

Людмила Голяшова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Тұрғындардың арасында элект плитаға көшкендер бар. Дегенмен біразы әлі де газ баллондарын қолданып келеді. Үйдің ішінде де, сырттан кіре бергенде де газдың иісі мүңкіп тұрады. Магнитогорскідегі жағдайдан кейін қорқып өмір сүретін болдық.

Төтенше жағдайлар басқармасы халықты абай болуға шақырады. Ал газ баллондарын қолданатын зейнеттегі және мүгедектігі бар тұрғындардың үйлеріне арнайы құрылғы орнатқан. Газдан ақау байқалғанда дабыл қағып, тез арада ғимаратты босатуға шақырады.

Марина Лискова, Өскемен қаласы ТЖ басқармасының баспасөз хатшысы:

Қаладағы тұрғындардың басым көпшілігінен 1-ші қабаттағы үйлерден көптеп ашылып жатқан кафелер мен ресторандарға байланысты шағымдар келіп түседі. Онда сол газ баллондарды қолданады. Бұл өте қауіпті. Оларға біз әкімшілік шаралар қолданамыз. Ал тұрмыста қолданатын тұрғындарды жазаламақ түгілі тексерістің өзіне әрең қол жеткіземіз. Ол үшін басқалардан шағым түсуі керек. Сондықтан газдың иісін байқағанда бірден хабарлау маңызды.

Астанадағы жағдай да мәз емес. Төбесін түтін жапқан Астананың газбен енді тек Сарыарқа құбыры салынғасын қамтылатыны түсінікті. Газ жүйесі әзірге тек «ескі» үйлерде ғана бар. Бар екенін аңғару қиын емес. Маңайынан өтсеңіз иісі мүңкіп тұрады. Негізі «пропан» мен «бутанның» иісі мүлде болмайды. Сіз бен біз сезетін қауіптің бар екенінен хабар беретін арнайы иіс. Яғни иіс сезсеңіз, ақауды тауып, дереу реттеу қажет. Бірақ дереу дегеніміз 10-20 жылға дейін созылып келеді, түбі төтенше жағдай болғанда ғана жөнделмесін. Ал ғимараттағы газдың мөлшері 20-30% ке толатын болса, адам өліп кетуі мүмкін.

Федор Мордовкин, Тәуелсіз газ қауымдастығының өкілі:

Тұрғын үй ауласында газдан еш қауіп болмағанмен, баспанадағы жағдайды ешкім бақылап жатқан жоқ. Ондайда тез арада тексеріс жүргізіп, құбырларды ауыстыру қажет. Оны тұрғындар өз қалтасынан төлеуі тиіс. Бұл мәселе бұрыннан бері келе жатқан ескі тұрғын үйлерге қатысты. Барлық бақылауды заң аясында жүзеге асыру үшін алдымен қайта құру жобасын жасау керек. Нақты сметалық құны шыққан кезде, ары қарай тұрғындар өздері шешеді.

Халықтың біраз бөлігі газға жете алмай жүрсе, енді бір тұрғындар бар болса да, қауіпті жағдайда пайдаланып отыр. Жауаптының бірі өзіміз. Абай болсақ, аман жүруге мүмкіндігіміз бар. Ал билікте «газдың» проблемасын шешетін өкілетті орган жоқ. Газ баллондарын толтыратын фирмаларды қадағалайтын, жалпы газбен қамтамасыз ету саласын Бақылаушы органның аса керектігін айтып, үкіметке екі жыл бұрын ұсыныс жібергендер жауап берілмегенін айтады. Жауап хатпен қайтарылып, ол жоғалып кетті ме екен? Бірақ хат жоғалатын заман да емес. Әйтеуір "иә, сөйтейік" демегендері анық. Әшейінде ұнататын бақылаушылық функциядан қашатындары "қызық". Тек жарылыс жиілесе, ешқандай да қызық емес...

Әлішер Өмірзақ "Біздің уақыт".