$498.51 €522.84 ₽4.81
×

28 жылда жол апаттарынан 82 мың адам опат болған...

AstanaTV
12.01.2019ж. 20:00
3120
28 жылда жол апаттарынан 82 мың адам опат болған...

«Қызымды өлтірген адамның анасының жағдайын түсініп отырмын. Ешқандай ана: -сен сөйт, деп айтпайды». Алматыда жаңа жыл қарсаңында болған жантүршігерлік жол апатынан мерт болған театр және кино актрисасы Шолпан Елгезекованың анасы Гүлжаһан апай егіліп отырса да, қызын қағып өлтірген кісінің анасына жаны ашиды... Шолпанмен бірге опат болған такси жүргізушісі Бақытнұрдың анасы Қытайда... Өзі бір күйзелісте жүрді, жалақысы жетпейтін. Сосын такси боламын деп қалаға шығып кететін, дейді досы. Оларды жаншып өлтірген Gelandewagen көлігінің жүргізушісі ішімдік ішкен.Жол апаттарының 95 проценті жүргізушілердің кінәсінен болады. Жылдамдықты асырып жүретін, ішімдік ішіп көлік айдайтындарға жақындары ескерту жасай ма екен, осы? Одан пайда бар ма, дерсіз... Мәжіліс депутаты П.Казанцевтің мәліметінше, 28 жылда 82 мың адам жол апатынан опат болған. 82 мың. Ришат Асқарбекұлы жалғастырады.

 Алматыдағы қайғылы оқиға 29 желтоқсан күні таңға жуық болды. Біздің уақытта ақпарат жылдам тарайды - қаза тапқан үш адамның бірі кино және театр актрисасы Шолпан Елгезекова екені белгілі болды. Бірақ көпшілікті «осындай жантүршігерлік жол апатын жасаған кім?» деген жалғыз сұрақ мазалады. Әсіресе әлеуметтік желі қатты дүрлікті. Ал «Мерседес Гелендваген» көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалыпты дегенде, қоғамдық резонанс күшейе түсті.

Дыбыстық қыстырма: Міне, мына көліктің жүргізушісі бәрін қиратып тастады...

Көп ұзамай оқиға болған жерден бейнетүсірілімдер де тарап жатты. Полиция департаментінің орталық басқару жүйесінде тіркелген мына бейнежазба екі күн өткенде пайда болды. Онда жол талғамайтын көлік бағдаршамның қызыл түсіне өткені анық көрінеді. «Гелендваген» жүргізушісі «К» есімді 33 жастағы күдіктінің актриса мінген көлікті жаншып өткенде мас болғаны анықталды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

Тергеп жатқан анықтау басқармасының қызметкерлері сот прокурор алдында бұл азаматты қамау туралы ұсыныс жасады. Мұны сотта, прокурор да қолдады. Тергеу кезінде бұл азамат міндетті түрде қамауда болады, қазір тергеу изоляторына қамалды.

Жол талғамайтын неміс көлігін тізгіндеген адам қарапйым емес. Тіпті машинаның номері мен сериясы да оның ауқатты адам екенінен хабар беріп тұр дейді, кәсіпкер, әрі көлік сарапшысы Тайыр Балбаев. Оның ойынша, «нөлдік төзімділік» қағидасына немқұрайлы қарауға болмайтынын әлеуметтік желі пайдаланушылары кезекті рет дәлелдеді.

Тайыр Балбаев, көлік сарапшысы:

Жолдағы осындай агрессияға қоғамның бей-жай қармайтынын әлеуметтік желілер дәлелдеп береді. Әлеуметтік желідегі пікірлер мен елдің ашуы байшыкештерді тез сабасына түсіріп, мысын басып тастайды. Сол сияқты құзырлы органдардың да істі бұра тартпауына ықпалы бар. Бұл өте жақсы. Талқыланғаны дұрыс.

Мынау сол күні жеңіл автокөлік тізгінінде болған Бақытнұр Құныпия есімді жігіттің соңғы рет түскен фотосуреті. Бір күн бұрын ұжымымен жаңа жылдық кешті атап өтіпті. Апаттан ол бірден көз жұмған еді. Алматы облысы Қаскелең қаласында колледжде жұмыс істеген. Әріптесі, әрі досы Долқын Нұрсали 2002 жылы Қытайдан бірге көшіп келген. Содан бері жұбы жазылмай соңғы күнге дейін бірге жүрген. Бақытнұрдың анасы мен үш бауыры әлі Қытайда тұрады. Ал өзі білім іздеп, тарихи отанына қоныс аударған.

Долқын Нұрсали, досы:

Машинасын кредитке алған болатын. Өзі бір күйзелісте жүрді, жалқысы жетпейтін. Сосын такси боламын деп шығып кететін қалаға. Ойламаған жерден осындайға душар болып отыр.

Жол апатының үшінші құрбаны - Астана қаласының тұрғыны. Екі баланың анасы Динара Хамитова тағам тасымалдайтын компаниялардың бірінде атқарушы директор болып қызмет еткен. Ал «Мицубиси» көлігіндегі жолаушылардың арасында аман қалған жалғыз жолаушы Айзада Сатыбалдинова осы аптада жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырлған.

Оңласын Ибекенов, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Қазіргі таңда жағдайы орташа ауырлықта. Ақыл есі анық. Барлық физиологиялық көрсеткіштер жағынан ауытқулар жоқ. Анализдері қалыпты, қажетті ем-шараларды алып жатыр.

Сол сияқты Алматыдағы оқиғадан бір күн бұрын Қызылорда қаласында да осыған ұқсас жағдай болды. Көлік тізгініне отырған 14 жастағы бала бойжеткенді қағып кеткен. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан 22 жастағы Саида Абдолла ауыр жарақаттан 1 қаңтарда жансақтау бөлімінде қайтыс болыпты. Бесіктен белі шықпаған бозбалаға көлік айдауға кім рұқсат берген?! Марқұмның туыстары ол да байдың баласы, әкесі Жәдігер Орақбаев аймақтағы беделді кәсіпкерлердің бірі деп отыр.

Сәния Абдуллаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Оқиға орнында оның анасы көліктің тізгінін ұлына өзі бергенін айтты. Ал тәртіп сақшылары дәл сол маңдағы бақылау камералары басқа жаққа қарап тұрған дейді. Шындық болады, әділ жазасын алады деп шырылдап жүрміз.

Аймақтағы адвокаттар алқасының мүшесі Светлана Біржанова оқушы жауапқа тартылмайтынын бірден айтты. Заң бойынша кәмелеттік жасқа толмаған адам үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Тек көлік тізгінін бергені үшін оның ата-анасының бірі қылмыстық кодекс бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тайыр Балбаев, көлік сарапшысы:

Әрине ауқатты адамдардың өмір сүру салты қазір ешкімге жасырын емес. Мыңдаған адам олардың әлеуметтік желілердегі парақшасына жазылып, өміріне қызыға қарайды. Пікірлер қалдырады. Әсіресе кәсіпкерлер, баршылықта өмір сүретін адамдардың балалары неге ұрыншақ деген заңды сұрақ туындайды. Мақтаулар, елдің көңіл аударуы оларды құтыртып жібереді. Бұл өз кезегінде қылмыстарды қымсынбай жасауға, агрессияға итермелейді.

Парламент депутаттары жаңа жылдық қарбалас кезінде болған осы екі көлік оқиғасынан соң мәлімдемелер жасады. Мәжілісмен Павел Казанцев елдегі көлік апатынан қайтыс болу көрсеткішін тіпті соғыс жағдайымен теңестірді.

Графика: Статистикалық талдау нәтижесіне көз жүгіртсек, 2018 жылы елде 2 мыңнан астам адам көлік апатынан опат болған. Түрлі жарақат алғандар 20 445. Жалпы тәуелсіздік алған 28 жылда 82 мың адам жол-көлік оқиғаларынан көз жұмса, жарты млн. отандасымыз жарақаттаныпты. Ал осы жағдайлардың 95 пайызы көлік жүргізушісінің қателігінен орын алатыны айтылды.

  Шолпан Елгезекова біздің арнада қараша айында тұсауы кесілген «Жүрек сыры» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған болатын. Фильм сценариі бойынша, актриса өз қызына жүрегін беріп, өмірімен қоштасады. «Шабдалы» фильмінің шарықтау кезеңінде де ол сомдаған кейіпкер қайғылы жағдайға душар болады. Анасы Шолпан өмірден өткен соң құжаттарының арасынан кездейсоқ мынадай хат тауып алғанын айтты. Онда актриса жақындарына қоштасу сияқты сөз жазып қалдырған екен.

Рақымжан Елгезеков, Ш.Елгезекованың әкесі:

Көптеген айтқан әңгімелеріне күліп отырушы едік. Бір күні Астанада көлікпен келе жатсам дейді, жол жиегінде бір апа тұр екен. Тоқтап, апа қайда барасың дедім дейді....(жылап қалады)

Гүлжаһан Заманбекова, Ш.Елгезекованың анасы:

(Мен айтайын, сен өз-өзіңді ұста.) Апа қайда барасың депті де, отырғызып үйіне алып кіргізсе, үйі шашылып жатыр екен, ыдыстары жуылмаған. Шолпан пальтосын шешіп тастап, әлгі үйді жинап, бәрін жуып-шайып беріп кетіпті. Батасын алып, өз апасындай кірісіп кеткен ғой.

 Шолпан отырған көлікті қаққан адамның туыстары марқұмдардың жақындарынан кешірім сұрап келген.

Гүлжаһан Заманбекова, Ш.Елгезекованың анасы:

Өлтірген адамның анасының жағдайын түсініп отырмын. Ешқандай ана сен сөйт деп айтпайды.

Сондай жағдайда отырмын, не айтарымды білмеймін, Алладан жазасын алатын шығар. Енді осы сіздердің телеарна арқылы еліме, жұртыма, қолдаған өнер адамдарына, Шолпанның әріптестеріне алғыс айтқым келеді. Басымызға қайғы түскенде қолдап, жылы сөздерін айта білді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Оқиғадан соң он бес күн өтсе де, полиция «Гелендваген» автокөлігінің рөлінде болған жүргізушінің аты-жөнін толық атаған жоқ. Құзырлы органдар күдіктінің есімінің тек бас әрпін ғана айтып, «жасырынбақ» ойнаумен шектелді. Бірақ әлеуметтік желіде ел оның есімі Ильяс Кар екенін айтып, тіпті фотосуреттері тарап кетті. Бұл мәліметті терістеген ешкім болмады. Десе де араққа сылқия тойып, қара жолдың апшысын қуырған ала құйын жүргізуші сотта бой көрсететіні мәлім.

Бақытнұрдың Қытайдағы анасы мен бауырлары алдағы аптада баласының басына келмекші екен. Бұл туралы марқұмның Қанат есімді досы хабарлады. Ал Шолпанның ата-анасы кінәлілердің жазасын сот әділ бағамдайды дегеннен басқа дәрмені жоқ екенін айтады.

Дыбыстық қыстырма: ....Осыларды басып өлтірген баланың анасына айтарым: осы менің мынандай жарқылдаған баламды, Шолпан жұлдызымды сіздің балаңыз өлтірді. Не айтамын, Алла тағала өзі реттейтін шығар. Біздің әділ соттар дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».