$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астаналықтардың 90 пайызға жуығы заңсыз такси қызметін пайдаланады

AstanaTV
14.01.2019ж. 20:00
3914
Астаналықтардың 90 пайызға жуығы заңсыз такси қызметін пайдаланады

Астаналықтар заңсыз такси жүргізушілерінің қызметін көбірек пайдаланады. Ал, ресми тасымалдаушыларға жүгінетіндер 12 пайыз ғана. Бұл туралы біздің арнамызға Астана қаласының Көлік қызметкерлері Ассоциациясында мәлімдеді. Ал, Үкімет осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 1 сәуірден бастап жеке таксистердің барлығына онлайн кассалық аппарат қондыруды міндеттеп отыр. Осылайша Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күреспек. Бірақ, бұған қарсы келген жеке таксисттердің қарасы басым. Әлішер Өмірзақтың материалы.  

Владимир Кухарский-дің таксист болып жұмыс жасап жүргеніне 20 жыл болған. Оның айтуынша, бір зейнетақыға қарап өмір сүру қиын. Ал, бұл оған қосымша табыс көзі. Сонымен қатар, зейнеткерге жеке кестесіне сәйкес таксист болған ыңғайлы. Бірақ, алдағы уақытта арнайы аппаратты өз қаражатына алып, жолаушыларға чек беру керектігін естіп, біраз ойға батты. 

Владимир КУХАРСКИЙ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:  

Менің кассалық аппарат сатып алуымның қаншалықты қажеті бар? Және біздегі баға да келісім бойынша. Халық бұл тиімді екенін түсінді. Олар жолға шығып, такси ұстай салады.

Заң бойынша сәуірдің 1-нен бастап барлық тасымалдаушылардың көліктерінде кассалық аппарат орнатылған болуы тиіс. Өз қаражаттарына сатып алуы қажет есептегіш құралдың бағасы 60 мың теңге шамасында. Жүргізушілер бұл қалтаға салмақ салады деп отыр. 

Абзал КУТУРМАКОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:     

Барлық таксистер кассалық аппараттарды алу үшін қанша ақша кетеді. Оны салықтық полицияға тіркеуі бар. Менің ойымша, мүмкін емес бұл.

Айбатыр СҮЙІНДІКОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:     

Оның маған ешқандай пайдасы жоқ. Оны алуға әрбір таксистің қалтасы көтере бермейді. Ол - мүмкін емес.

Ал, ресми тасымалдаушылар бұл жаңалыққа қауанып отыр. Көлік тасымалдаушылар қауымдастығындағылар шақыртулардың 12 пайызын ғана өздеріне тиесілі екенін айтты. Сөйтсек, астаналықтардың көбі жол бойынан тоқтатып, заңсыз таксиге отыра салатын көрінеді. Сондықтан, Сәкен Ханқожиев жаңа талап бұл саладағы адал бәсекелестікті қалпына келтіреді деп отыр.    

Сәкен ХАНХОЖИН, «АСТАНА Қ. КӨЛІК ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ЗТБ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Біз бұған дайынбыз, өйткені бұл заң. Құрылғыларды сатып алу қажет екенін түсінеміз. Бұл тарифтерге әсер етпейді. Бізде бұған дейін тариф өзгерген. Нарық ережелерді жасайды, біз соған бейімделеміз.

Қаржы министрлігіндегілер бұл талап бұрыннан бар екенін айтты. Бірақ, тасымалдаушылар кассаны таксометрге ауыстыра алатын еді. Енді тек қана ғаламторға қосылған аппарат қолдану қажет. Осылайша ведомство көлеңкелі экономикамен күреспек. Ал, талапты орындамағандар әкімшілік жауапқа тартылмақ.   

Олжас ОТАР, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ҚМК ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

2019 жылдың бірінші сәуірінен бастап кезең-кезеңімен 633 қызмет түрі онлайн бақылау машиналы кассасына өтеді. Бұл аранайы Қаржы министрлігімен бекітілген. Осы арқылы бүкіл кәсіпкерлер онлайн бақылау касса машинасын қолдану қажет.

Такси жүргізушілері ғана емес, сән салоны, техникалық қызмет көрсететін станциялар мен сату мен қызмет көрсететін кәсіпкерлер де кассалық аппарат орнатуы тиіс. Осылайша 1 жыл ішінде 633 сала онлайн-кассаға қосылмақ.  

Ә. Өмірзақ