Ақтауда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салуға келген Әзірбайжан азаматтары көк тиын таппай, далада қалды. Мердігер компания жұмысшыларға айлап жалақы бермей келген. Тапсырыс беруші әдеттегідей әкімдік. Ондағылар 1,5 айда бюджеттен ақша бөлу мүмкін емес деп отыр. Ал, бірнеше күннен соң еңбек визасы аяқталатын әзірбайжандықтар заңсыз мигрантқа айналмақ.
Ясиниали ЯСИНОГЛЫ, ҚҰРЫЛЫСШЫ:
«Ең болмаса 1000 теңге беріңдерші, ас ішетін ақша жоқ»-деп сұраймыз. Олар үнемі «қаражат жоқ» деп қашады.
Екі айдан бері еңбекақысын алмаған құрылысшылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мына тұрғын үй кешенін салған. Соңғы рет қараша айында 12 адам үшін небәрі 400 мың теңге төлепті. Енді құрылыс тоқтаған соң, олардан баспананы босатып, кетуін талап еткен.
Мұстафа САФАРОГЛЫ, ҚҰРЫЛЫСШЫ:
Мен оларды көрсем, өтінем 200 теңге, 500 теңге берші деп жалынамын. Бұлай жасауға бола ма? Далада қалдық, тамақ алатын теңгеміз жоқ. Айлығымызды берсін, өз елімізге қайтамыз.
Даулы құрылыстың мердігері - «Альянс Строй Сервис - R» компаниясы. Тұрғын үй кешенін салуға қалалық әкімдік тапсырыс берген. Алайда, шенеуніктер ақпанның соңына дейін қазынада қаражат болмайды деп отыр. Ал, 670 пәтерлі тұрғын үй жыл соңында бірақ берілмек.
Маңғыстау ҚОЙШЫҒҰЛОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:
Мердігер өз бюджетін бақылауда ұстауы қажет еді. 2018 жылы біз 723 млн теңге төледік. Тек жыл соңында ғана қаражат бере алмадық. Бірақ, мердігер өз жұмысшыларының айлығын қадағалауы тиіс. Енді ақпан айының соңына дейін мәселені шешеміз.
Қалалық әкімдіктің мердігер алдында 44 млн теңге қарызы бар. Оның 2 млн 200 мыңы - жұмысшылар жалақысы. Бірақ, еңбек басқармасы: «Құрылысшылардан ешқандай шағым келіп түспеді»-дейді.
Шыңғыс ДҮЙСЕНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жұмысшылардың талапқа сай келетін шағымдары қажет. Олар бізге жүгіне алады. Арызда жұмыс берушіні нақты көрсету керек. Біз сонда ғана мердігерге тексеріс жүргіземіз. Шара қолданамыз.
Ашынған азаматтар жақындарына ақша жіберу үшін несие де алған. Басым көпшілігінің еңбек визасы бірнеше күннен соң аяқталады. Демек, олар «заңсыз мигрантқа» айналып шыға келеді.
А. Бектас