$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әлеуметтік шеберхана арқылы 30-дан аса адам жұмысқа тұрды

AstanaTV
16.01.2019ж. 20:00
4534
Әлеуметтік шеберхана арқылы 30-дан аса адам жұмысқа тұрды

Әлеуметтік шеберхана соңғы үш жыл ішінде отыздан астам адамға жұмыс тауып берді. Бірегей жобаның арқасында 29 мүмкіндігі шектеулі жан, қоғамға өз қажетін сезінді. Бүгін партия төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев Елордадағы «Green TAL» әлеуметтік шеберханасына барып, оның жұмысымен танысып қайтты. 

Ермек мұнда жақында жұмысқа орналасқан. Жоғарғы білімі бар. Бірақ, жүйке ауруына шалдыққан. Содан жұмысқа орналасуға жүрегі дауаламайды. Қазіргі табысына көңілі толады.  

Ермек МӘДИЕВ, ЖҰМЫСШЫ:  

Мен зарплата аламын еще пенсиям бар. Жетеді өзіме. Отделениялардан заказ келеді журналға. Біз соны распечатовать етеміз. Тиражбен. Өзімізді қамтамасыз етеміз осында түгелдей.

Бұл әлеуметтік шеберханада темір, ағаш, дәнекерлеу, тігін және безендіру цехтары, көркемөнер студиясы бар. Орталықтың басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып, жұмыспен қамтамасыз ету. Партия төрағасының орынбасары әлеуметтік кәсіпті қолдауға кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік секторды тарту көзделіп отырғанын айтты. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН»ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мұның барлығы Елбасының жолдауын жүзеге асыруға, Елбасы жолдауындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған арнайы тапсырмаларды орындауға өзінің үлесін қосады деп сенеміз. Бұл біздің партиямыздың осы бағыттағы мақсаттарының бірі.

Уатхан ҚАБЫЛТАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:  

Бұл жердегі қолдан жасалған өнімдердің барлығы Астана қаласында жоғарғы сұранысқа ие. Сондай-ақ, мұнда жақында «Тренинг кафе» бөлімі ашылған. Мұнда даяшы, ас қызметкері, бармен секілді қызметкерлерге тренинг, курстар өткізіледі. Содан барып дайын мамандарды Назарбаев университеті ішіндегі кафеге қызметке жібереді.

Эмин АСКЕРОВ, «GREEN TAL» ӘЛЕУМЕТТІК ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ,КӘСІПКЕР: 

Жоба бір жарым жылдан кейін барып жемісін бере бастады. Басында сәтсіздіктер көп болды. Содан оқыту жүйесін өзгертейік деп шештік, содан барып клиенттеріміз көбейе бастады. Сонда ғана атқарған жұмыстың текке кетпегенін түсіндік.

Жоба аясында 34 адам жұмысқа орналасқан. Оның 29-ы әртүрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Әлеуметтік шеберхана әзірге Астанада ғана бар. Сәтін салса осындай шеберхана еліміздің өзге де өңірлерінде ашылады. Жоба авторы түрлі челенждермен жарысқанша осындай бастамаларды қолдауға эстафета жолданса жақсы болар еді деген ниетін білдірді. 

У. Қабылтай