Алматыда белгілі кәсіпкерлер арасындағы дау-дамай кесірінен екі бірдей отбасы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деген үреймен күн кешіп отыр. Екі отбасына да баспананы бір адам сатқан. Тараптар арасында сату-сатып алу келісім-шарты жасалғанымен, үшінші бір адам сот шешімімен үй-жайды босатуды талап еткен. Сатып алу кезінде құқықтық тұрғыдан таза болғанымен, бір жыл өткен соң сот шешіміне сәйкес пәтерлерге арест қойылды. Енді екі ортада жапа шеккен отбасылар не істемек? Мән-жайды тілшілеріміз анықтауға тырысты.
Акульшиндер отбасы мына екі бөлмелі пәтерді бір жарым жыл бұрын 18,5 млн. теңгеге сатып алған. Ескі пәтерін сатып, қалғанын қарызданып, қоныс аударған отбасының қуанышы ұзаққа созылмады. Сатып алу келісім шартын жасағанда, пәтерге қатысты ешқандай ауыртпалықтар кездеспеген. Өткен күзде біреулер үйді босатуды талап етіп, сот шешімін алып келеді.
Олег АКУЛЬШИН, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен пәтердің иесі екенімді дәледеуге кірістім. Үйдің бұрынғы иесін тауып, сотқа шағымдандым. Сөйтсек ,ол бөтен біреуден қомақты қаржы алған көрінеді. Енді ауада отырғандай күн кешіп жатырмыз. Бұл қандай да бір екеуара келісіп алған алаяқтық әрекет пе деген күмәніміз де бар.
Олег Акульшиннің айтуынша екі ортада пәтерге таласып жүрген адам ірі кәсіпкер. Ол - Қазақстандағы халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының президенті, әрі теннис клубының қожайыны Мақсат Сақтағанов. Оның бизнестегі серіктесі Серік Бұлғараев бұдан қарызға ақша алып, қайтармай жүргені үшін сотқа жүгінген. Осы Бұлғараевтан Акульшин пәтер сатып алыпты. Сол сияқты Райхан Қалымжанқызы да, осы екі кәсіпкердің текетіресінің кесірінен далада қалуы мүмкін.
Райхан ҚАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз осы үйден 3 бөлмелі пәтерді Бұлғараевтан сатып алғанбыз. Мен үш балалы анамын. Кішкене балам бар қолымда. Сол екі жылдан бері 2017 жылдан құжаттар өзімізде. Бірақ содан бері бір аяғымыз далада қалғандай боп отырмыз.
Қорқуға себеп бар, өйткені бұл жылжымайтын мүлік бойынша да аудандық және қалалық сот пәтердің қазіргі иелерінің құжаттарын жарамсыз деп танып отыр. Бізбен тек телефон арқылы сөйлескен кәсіпкер Мақсат Сақтағанов, борышкерден қарызын осындай жолмен қайтаруға әрекеттеніп жүргенін айтты. Ол алданып қалған отбасыларына Серік Бұлғараевтан өтемақы талап етуге кеңес берді. Біз Бұлғараевқа да хабарласып көрдік, бірақ тілдесу мүмкін болмады. Ал, құқық қорғаушы Құндыз Өтебекова сот шешімінің заңдылығына күмәнденеді.
Құндыз ӨТЕБЕКОВА, ҚОРҒАУШЫ:
Осындай оқиғалардан кейін адамдар қандайда бір жылжымайтын мүлік, көлік келісім-шарттарын жасаудан қауіптенетін болады. Сонда үйін сатып жіберген адамдардың барлығы сотқа келіп, арыз түсірсе, сатып алушылардың баспанасынан айырыл бере ме? Біз осы іс барысында соны ұқтық.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Енді пәтер иелері Жоғарғы сотқа шағымданбақшы. Егер, ол жақтан да әділдік таба алмаса, полицияға жүгінбек. Олар осы іске қатысы бар адамдардың үстінен «алаяқтық» фактісі бойынша арыз жазуға мәжбүр.
Р. Асқарбекұлы