$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Экологиясы онсыз да нашар облыстағы қоқыс проблемасы

AstanaTV
19.01.2019ж. 20:00
8060
Экологиясы онсыз да нашар облыстағы қоқыс проблемасы

-Біз шлагбауымды жауып, кіргізбей қоямыз деп ойлағанбыз. Бірақ соның салдарынан қала қоқысқа батып қалады ғой... Бәрін жинап алып, «тапсырманың орындалуы – міндет!» десе, қоқысты түнімен сұрыптайды. Бізде басқаша мүмкін емес. Қызылордада қалдықтар бизнесімен айналысатын Ибрайхан Мұсабаевтың айтып отырғаны Экологиялық кодекс, оның ішінде тұрмыстық және өндірістік қалдықтарға байланысты тұсы. Орындалмайтыны. Барлық жердегі сияқты Қызылордада да қалдық проблемасы – проблема. Мұсабаев облыс әкімінің 1-қаңтардан бастап сұрыптау қондырғыларын орнатуды шегелеп тұрып тапсырғанын, бірақ істеліп жатқан дүние көріп тұрмағанын да айтты. Қауіпті заттар тұрмыстық қалдықпен араласып жатыр. Жылына төгілетін 147 мың тонна қалдықтың тек 6 мыңнан астам тоннасы сұрыпталады. Экологиясы онсыз да нашар облыста қоршаған ортаны қолдан одан әрі ластауға тыйым болмай тұр. Шарипа Сақтапованың материалы.  

Қолқаны қабатын жағымсыз иіс, тозығы жеткен кәріз жүйесі, іске қосылмай қалған биологиялық тазарту станциялары. Төніректегі септиктен шыққан лас судың барлығы арнайы алаңға емес, кез-келген жерге төгіліп жатыр. Тұрмыс қалдықтары да осында. Бюджеттен миллиондаған қаражат бөлінеді, бірақ жұмыс нәтижесі көрінбейді: канализация жүйесі жоқ деуге болады, ақшаның тағдыры да беймәлім.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі: /20 желтоқсан 2018 жыл

Жалпы облыс көлемінде кәріз су жүйелерінен шыққан лас сулар арнайы алаңдарға тазартылмай тасталып, санитарлық экологиялық ахуалды ушықтырып отыр. Кәріз су жүйелерінен шыққан жағымсыз иіс қаланың, елді-мекендердің аумағына таралып, адамдарға қауіп төндіруде. Бұл мәселе бүгін ғана туындап отырған жоқ. Кезінде жобаларды әзірлеу барысында кейбір талаптар ескерілмеген. Нысандарды тексерместен қабылдаған. Нәтижесінде осындай күрделі мәселенің туындауына жеткізіп отыр.

Бұл проблеманы қалай шешіп жатқандары жайлы аудан әкімдері алдағы наурызда есеп берулері керек. Ал аймақтың бас экологының айтуынша, қаланың төрт бұрышында биологиялық тазарту стансалары, сүзік алаңдары бар. Бірақ берекесіз. Барлық қуатымен істеп тұрған жоқ. Мәселен, қаланың үлкен биологиялық тазарту стансасынан бұрынғы полифильтрацияның үстіне су құйылып жатқан көрінеді. Бұл сол жердегі ауаның ластануына әсер етіп отыр, дейді эколог. Ал Белкөл стансасындағы өндіріс объектілерінен шығатын лас су сүзік алаңына тазартылмай төгіліп жатыр. Аудандардағы ахуал тіпті нашар.

Марат Құрманбаев, Қызылорда облыстық экология департаментінің басшысы:

Арал, Қазалы аудандарында арнайы лас су тазартатын биологиялық стансалары жоқ. Бірыңғай тазартылмай сүзік алаңына тасталуда. Қармақшы ауданында Жосалы кентінде ауруханадан шығатын лас суларды тазарту стансасы салынған. Дегенмен ол дұрыс жұмыс жасамай отыр. Оның бәрі, айналып келгенде, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағаны.

Ал облыс орталығындағы алпыс жыл бұрын салынған кәріз жүйелері әбден тозған. Олардың соңғы 3-4 жылда кезең-кезеңімен жаңартылып жатқаны рас. Себебі миллиардтаған теңге бөлініп отыр.

Берік Сәрменбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Бүкіл қаланың системасын жаңартпай проблема бітпейді. Қазір, мысалы, ауыстырылып жатқан үлкен кәріз жүйелері, биоочисткаға баратын, КНСтерге баратын кәріз жүйелері ауысып жатыр. Осы соңғы үш жылдың көлемінде көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы кәріз жүйелері де ауысып жатыр. Былтырдың өзінде бізге бір жарым миллиардтай қаражат келді.

Қызылорданың ішінде адам тұруға тыйым салынған учаскелер бар. Мысалы, мынау Оңтүстік өнеркәсіптік аймағы. Қысы-жазы үйлердің терезелері ашылмай, тұрғындар тұншығып, өкпелері өшіп жүреді. Десе де, қауіпті аймақта үш жүздей отбасы қоныстанған.

Орынша Сәденова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Көп көршілер бронхымен ауырады, балалар бронхымен аурады. Асфальт заводтың түтінінен болады екен көбі. Жерді беріп, осы жерден тамды салдық, тұрып жатырмыз енді осында. Иісі жаман, жаздың күндері форточканы ашып тұра алмаймыз. Даладағы кіріміздің барлығы қара күйе болады ғой.

Марат Құрманбаев, Қызылорда облыстық экология департаментінің басшысы:

«Южная промзона» дейміз, қаланың ішіндегі темір жол вокзалының аймағы, Сыбаға базарының аймақтарында қоршаған ортаны қорғаудын сапасы кейбір көрсеткіштері бойынша белгіленген шеткі көрсеткіштен арту фактілері бар. Мысалы, ПДК бір деп көрсетілсе, онда екі, үшке дейін артып кеткен тұстары бар.

Берік Сәрменбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Бұрын олардың бәрі мазутпен, соляркамен жағатын. Қазір газға көшіру туралы ұсыныс берілді. Кейбіреулері газга көшірілді. Оларға екі вариант ұсындық: сіздер газға көшесіздер, немесе оборудованияларыңызды талапқа сай келтірулеріңіз керек. Өйткені экологтар оның экологический сбросын бәрібір тексереді.

Бұл проблемаға қоқыс проблемасын қосыңыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала аймағында 140-тай апатты күл-қоқыс орындары болған. Шенеуніктердің айтуынша, барлығы жойылған. Аудандарда өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинайтын полигондар салуға 145 жер учаскесі бөлініп, кейбір жерлерде іске қосылған. Бірақ ешқайсысы экологиялық талапқа сай емес. Қалдықтар сұрыпталмайды. Биологиялық қалдықтар радиация тарататын бұйымдармен араласып жатыр.

Болат Бисенбаев, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Облыста жыл көлемінде 145-147 мың тонна көлемінде қалдықтар құралады. Соның алты жарым мың тоннасы өңделеді, қайта өнделеді. Үш ауданда толық полигон болмауына байланысты, сұрыпталмастан көмілуде.

15 жылдан бері қалдықтар айналымын басқару саласында қызмет көрсетіп келе жатқан Ибрайхан Мұсабаев болса, қатты қалдықтар тасталатын жерлердің барлығы тек қана бір рет ұйымдастырылған қоқыс төгетін орынға айналып отыр, дейді.

Ибрайхан Мұсабаев «Ибрайхан и К» көпсалалы мекеме басшысы:

Облыс әкімі 2018 жылы тапсырма берді, 1-қаңтардан бастап сұрыптау қондырғыларын орнату жөнінде. Бірақ бізде типтік полигон жоқ. Бүкіл облысты айтпағанда, Қызылорданың өзінде жоқ. Ал біз, біз сияқтылардың жасап жатқаны-бейберекет амал. Бастау керек! Қашанға дейін қоқысқа көміліп отырмақпыз? Атқарушы органдардын талпынысын байқамадық. Аймақ басшысы қуырып жіберердей тапсырма берді, нәтижесі қайда? Ештеңе істеліп жатқан жоқ.

ГРАФИКА: Экологиялық Кодекске сәйкес, 2016 жылдан бастап Қазақстанда құрамында сынап бар шамдар мен құрылғыларды, түсті және қара металлдардың сынықтарын, қалдық майларды, электрондық қалдықтарды полигондарда көмуге тыйым салынды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмасса, полиэтилен мен қағаз қалдықтарын, картон мен шыныларды да көмуге болмайды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бұл тізімге құрылыс және тамақ қалдықтары енеді.

Барлық дамыған елдерде қалдықтарды сұрыптау системасы енгізілген. Мұсабаев қалдықтарды материалдық ресурс ретінде қабылдау керектігін айтады. Нарықтың жоқтығынан кәсіпкердің жеке компаниясы полимер қалдықтарын Ресейге өткізуге мәжбүр. Оны айтасыз, «Қызылорда тазалығы» кәсіпорнының жұмысшылары болса, нұсқауларға қарамастан, қала полигонына қоқыстарды сол күйі сұрыптамай алып келеді, деп күйінеді кәсіпкер.

Ибрайхан Мұсабаев «Ибрайхан и К» көпсалалы мекеме басшысы:

Біз шлагбауымды жауып, кіргізбей қоямыз деп ойлағанбыз. Бірақ соның салдарынан қала қоқысқа батып қалады ғой. Жалпы, Елбасы бірінші қаңтардан деп тапсырма берсе, ол орындалуы тиіс ғой. Бүгін бәрін жинап алып, «тапсырманың орындалуы міндет» десе, қоқысты түнімен сұрыптайды. Бізде басқаша мүмкін емес.

Экологиясы онсыз да нашар облыста қоршаған ортаны қолдан одан әрі ластауға тыйым болмай отыр. Шенеуніктер экологиялық «Жол картасы» әзірленетінін айтты. Бірақ заң орындалмай отырғанда...

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».