$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстанда жыл сайын 2,6 млн адам науқас парағын алады

AstanaTV
21.01.2019ж. 20:00
2868
Қазақстанда жыл сайын 2,6 млн адам науқас парағын алады

Қазақстанда жыл сайын 2,6 млн адам науқас парағын алады. Бұл - медициналық сақтандыру қорының ресми ақпараты. Ал, Астанада былтыр 60 жалған медициналық анықтама жасалған. Жалған ауруларды азайту мен дәрігерлер жұмысын жеңілдету мақсатында биыл құжат электронды форматқа көшеді. Жаңашылдықтың игілігі жөнінде Абай Сейфулланың бейнематериалы.  

Ғаламторда жалған анықтама жасайтын делдалдар көп. Қалаған уақыт аралығына науқас парағын дайындап береді. Бүгін біреуіне хабарласып көріп едік. Еңбекке жарамсыздық қағазын 1 аптаға 7000 тг-ге бір-ақ күнде жаздырып берем деді. Екі аптаға 12 000 төлейсіз. Бір ғана кемшілігі - жалпы базада болмайды.  

- Сұрайын дегенім - «больничный» істеп жатырсың ба?  

- Болады, аха?

- Бағасы қандай болып тұр?

- Сіз маған жазыңызшы ватсаппен, мен қазір қарап жазып жіберем сізге.

- Уақытына байланысты ма?

- Шамамен қанша болып тұр?

- Сіз маған аты-жөніңізді, туған жылыңызды, жұмыс орныңызды бәрін жазыңызщы. Мен шамамен қарап, ақшасын жазып жіберем.

Былтыр жалған медициналық анықтама жасаудың 60-қа жуық фактісі тіркеліпті. Оның ішінде науқас парағымен қоса санитарлық кітапшалар да бар. Жалған анықтама дайындағандарға қылмыстық кодекстің 385 бабы бойынша іс қозғалады. Бұл кезде екі тарап та 750 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.  

София ҚЫЛЫШБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Полиция қызметкерлері осы жағдайды әлеуметтік желі арқылы анықтай алады. Бірақ, көбінесе емханалар өкілдері арыз, сонымен қатар, ұйымдардан ақпарат келіп түскен жағдайда, тікелей бақылауға алынып, сотқа дейінгі жұмыстары жүргізіледі.

Астанадағы №8 емхана қызметкерлері екі жылдан бері «Даму Мед» жүйесімен жұмыс істейді. Сайтта әр науқастың жеке кабинеті бар. Амбулаторлық кітап та электронды нұсқада. Егер, еңбекке жарамсыздық парағы eGOV порталы арқылы электронды форматқа өтсе, кабинеттен шықпасақ та болады деп отыр.  

Анар АСУБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ №8 ЕМХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: 

Мәселен, науқас үйге шақырды дейік. Бұл кешке болған жағдай. Дәрігер науқасты қарап болғаннан кейін қайтып поликлиникаға оралмайды. Сол себепті үйде интернетке қолжетімділік болса, онда үйден отырып-ақ еңбекке жарамсыздық парағын ашуға болады.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Ресейде электронды еңбекке жарамсыздық қағазы 2017 жылдан бері беріледі. Былтырғы көрсеткіш бойынша осындай форматтағы науқас парағын 2 млн адам алыпты. Мамандар осылайша жалған анықтама жасауды 100 пайызға жеңеміз деп отыр. Ал, Қазақстан жаңа жүйені жыл соңына дейін енгізуі тиіс.

А. Сейфулла