$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Давоста дүниежүзілік экономикалық форум басталды

AstanaTV
22.01.2019ж. 20:00
3063
Давоста дүниежүзілік экономикалық форум басталды

Жаһанданудың төртінші толқыны, экономика болашағы мен ғаламдық дағдарыс. Бүгін Давоста осы тақырыптарды талқыға салатын дүниежүзілік экономикалық форум басталды. Бірақ, бұл жолы Швейцарияда «жұлдызды» саясаткерлер төбе көрсетпеді. Биыл сауда соғысы мен Brexit-тің жайы саяси көшбасшыларсыз талқыланбақ. Өйткені, форумға Дональд Трамп, Эммануэль Макрон мен Тереза Мэй келмеген. АҚШ Президенті елдегі «шатдауннан» шыға алмапты. Америка басшысы болмаған соң, Владимир Путин де қатыспаған. Ұлыбритания Премьерінің Brexit-пен басы қатса, Франция Президенті «сары жейделілердің» жайымен жүр.  

Клаус ШВАБ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:  

Мен АҚШ президенті Трамппен Рождество қарсаңында кездестім. Ол форумды асыға күткен. Бірақ, елдегі Үкімет жұмысының тоқтауына байланысты келмеді. Трамп бұл пікірталаста лайық серіктес болар еді. Дегенмен, келесі жылы көрісеміз деп ойлаймын.

Күн тәртібінде қаржылық нарықтың жағдайы, мұнай бағасы мен Қытай-АҚШ арасындағы сауда соғысы тұр. Бұдан бөлек, Еуроодақ пен Британияның «Брексит» келіссөзі де басты тақырыпқа айналды. Сарапшылар бұл мәселе әлемдік экономиканы құлдырауға әкеледі деп санайды. Ал, форумға Тереза Мэй қатыспаса да, тиімді шешім қабылданарына сенеді.  

Карл-Йохан ХАГМАН, STENA LINE БАС ДИРЕКТОРЫ:  

Мен Ұлыбританияға жеткізу қызметтерін ұсынамын. Сондықтан бұл Brexit-ке қарсымын. Қатаң қағиданың соңы қиындықтарға алып келуі мүмкін. Әрі оған дайындалу маңызды мәселе. Сондықтан мен тараптар барлығын ескеріп, дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.

А. Бектас