$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Венесуэлада төңкеріс

AstanaTV
24.01.2019ж. 20:00
2624
Венесуэлада төңкеріс

Венесуэлада төңкеріс. Халық Президентті тақтан тайдырмақшы. Шеруге шыққандар ішінде 16 адам опат болды. Ел астанасы Каракас пен басқа да қалаларда мемлекет басшысы Николас Мадураның саясатына қарсы мыңдаған тұрғын көшелерге шықты. Жаппай толқу Валенсия, Баркисимето, Маракаи, Сан-Кристобаль қалаларында өтіп жатыр. Сарапшылар жаппай көтеріліске АҚШ-тың қатысы бар дегенді айтады.    

Полиция ашынған адамдарды көз жасаурататын газбен таратуға талпынып жатыр. Бірақ, адам қарасы қалың. Каракаста мыңдаған ереуілші қаладағы басты жолдарды жауып тастады. Николос Модураға қарсы 23 штатың 4-і бас көтеріп жатыр. Жергілікті БАҚ 16 адам опат болып, қаншасы қамалғанын жарыса жазуда. Бірақ, ашуға булыққандар қайтар емес.   

Мария КОНТРЕРАС:  

Мадуро, сенің уақытың өтті. Сен және сенің үкіметің Венесуеланы тақырға отырғызыды.

Гектор СИЛВА: 

Диктаторлықты тоқтататын кез жетті. Аштық пен кезек, жоқшылықты тоқтататын кез келді. Адамдардың дәрі сатып алуға жағдайы жоқ.

Ал, бұл уақытта Парламент спикері Хуан Гуайдо өзін уақытша Президент деп жариялады. Тіпті, ант қабылдап үлгерді. 

Хуан ГУАИДО, ОППОЗИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:  

Венесуэланың уақытша Президенті ретінде Ұлттық атқарушы органның құзіретін өз мойныма алуға ант етемін. Заңсыздық пен сатқын билікке тосқауыл қойып, еркін сайлау өткіземіз. Құдай мен халық жарылқасын.

Гуаидоның ант қабылауы сол-ақ, бірнеше ел оппазиция өкілін өтпелі президент ретінде мойындады. Бірінші болып, Америка басшысы Дональд Трамп қолдау білдірді. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Мадуроны орнын босатып, билікті Гуаидоға беруге шақырды.  

Майк ПЕНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Николас Мадуро - билікке отыруға заңды құқығы жоқ, диктатор. Ол ешқашан сайлауда әділ жеңіске жеткен емес. Ол өзіне қарсы шыққандарды түрмеге тоғытып, билікті күшпен уысында ұстады. Құрама штаттар барлық еркіндіксүйгіш елдермен бірге Ұлттық ассамблеяны елдегі демократияның соңғы үлгісі ретінде мойындайды. Ол халық сайлаған жалғыз орган.

Осыдан соң, Николас Мадуро АҚШ-пен қарым-қатынасты түбегейлі үзуге үндеді. Ол бұған дейін бірде бір америкалық жоғары шенді оппазицияны үкіметке бұлайша «айдап салмаған еді» деді. 

Николас МАДУРО, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІ:  

АҚШ-тың дипломатиялық және консулдық қызметіне елден кетуге 72 сағат беремін. Осы тарихи күні мен дипломатиялық нотаға қол қоямын.

Жаңа үміткерді Аргентина, Бразилия, Канада, Колумбия, Парагвай, Перу, Чили де қолдап отыр. Ал, Мексика, Боливия және Ресей әлі Мадуроны Президент санайды. 15 қаңтарда Венсуэла Парламенті Мадуроны «басқынышы» деп таныған. Ол жуырда миллиондаған тұрғынның қарсылығана қарамастан, Президент болып қайта сайланды. Халық елдегі тауар дефициті мен гепер-инфляцияға Мадуроны кінәлайды.  

М. Дюсекина