Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Ақтөбеліктер екі бірдей мүгедек баламен пәтер жағалап жүрген «түймеқызға» қаражат жинап жатыр

AstanaTV
25.01.2019ж. 20:00
1989
Ақтөбеліктер екі бірдей мүгедек баламен пәтер жағалап жүрген «түймеқызға» қаражат жинап жатыр

Ақтөбелік Инна Рокинаға баспана сатып алу үшін ақтөбеліктер 3 күнде жарты миллион қаражат жинапты. Жылу басқа мемлекеттерден де түсіп жатыр дейді еріктілер. Тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан жиырма тоғыз жастағы келіншектің бойы мен салмағы тежеліп қалған. «Түймеқыз деп атылып кеткен келіншектің екі бөбегі де ауыр дертке шалдыққан, мүгедек.

Бұл нәзік келіншектің ауыр тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Инна туа біткен ауруға шалдыққан. Дерттің кесірінен Иннадан шақалақ кезінде ата-анасы бас тартқан. Балалар үйінде өскен ол кейін тұрмысқа шығыпты. Бірақ, некесі сәтсіз болып, екі перзентімен далада қалды. Оның үстіне алты жастағы Валерия мен 3 жастағы Артем да тұқым қуалайтын дертке шалдыққан. Екеуінің де мүгедектігі бар.

Инна РОКИНА, ТҰРҒЫН:

Балдарымның диагнозы да Минковский-Шауфардың гемолитикалық анемиясы. Бүгін ғана ауруханадан шықтық. Қайта-қайта сырқаттанып қала береді. Қазір көкбауырларын алып тастаған соң, дерті бауырға шауып тұр. Өзім де денсаулығым сыр берген соң, мүгедектік рәсімдей бастадым.

Қос баласы күтімді қажет етеді. Сондықтан тұрақты жұмысқа да тұра алмайды. Бірақ, балаларын асырау үшін жұмыс талғамай, еден де жуады, құрылысқа да шығады. Ал, отбасы үшін ең қиыны - баспананың жоқтығы. Инна мемлекеттен баспана алу үшін кезекке тұрған. 11 жыл болыпты.

Инна РОКИНА, ТҰРҒЫН:

Екі бірдей мүгедек баламен отырған соң бұрынғы күйеуімнің атындағы үй кезегін өзіме аударуды сұрап, арыз жазғанмын. Барлық құжаттарды тапсырдым. Он күннен соң хабарласамыз деген еді. Хабарсыз кетті. Күтумен келемін.

Жанаргул ДҮЙСЕКЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі жолдасының атына кезекті аудару туралы ресми түрде арыз берген жоқ. Сондықтан да жолдасының келісімі жоқ болған соң бас тартты. Сондықтан қазір кезекте жолдасы Сергей тұр. Екеуі бас қосып, бір шешім қабылдау керек. Мына кезек кімге берілетінін анықтау үшін екеуін де қайталап бөлімге шақырамыз.

Науқас балаларымен пәтер жағалап жүрген Иннаны еріктілер байқап, алғашында азық-түлік жағынан көмек көрсетіп жүрген. Кейін қайырымдылық марафонын бастапты.

Екатерина ГОЛОТИНА, ЕРІКТІ:

Балалардың жағдайы пәтерден пәтерге көшкенді енді көтермейді. Бізге енді тезірек оларға көмектесу керек. Ауқымды ақша жинап, үй алып берсек жақсы болар еді.

Қазір бұл отбасы үй кезегінде 40-шы болып тұр. Бірақ, ол еріктілердің бастамасынан үмітті. Өйткені, олар ұйымдастырып жатқан марафонға жер-жерден, тіпті, АҚШ пен Ресейден де қайырымды жандар қаражат аударған. Көптің көмегімен үш күннің ішінде 500 мың теңге жиналыпты. Осы қарқыннан таймаса, жанашыр адамдардың көмегімен жас ана баспаналы болмақ.

Б. Рахметова