Әр түрлі контингент, әр түрлі жағдай... Дегенмен күні мен түнін ауыстырып алғандар бар ғой, солар өмірден қалып қойған сияқты сезімде болмай ма екен? Былтыр Астанада 102 байланыс каналына дәмхана, мейрамхана, түнгі клубтардан бұзақылық, төбелес, ұрлық, басқа да заңсыздықтар бойынша 13 588 хабарлама түскен. Көңіл көтеретін орындарға Алматы полициясы да мониторинг жүргізіп бастаған. Бір айдың ішінде лицензиясы бар күзет жалдап, ғимараттың іші-сыртына цифрлы камералар қою міндеттелген. Қазір 22 нысан бейнелеп айтқанда: «тәуекелі көп қызыл зонада». Жалпы Алматыда 400 ойын-сауық орталығы, оның ішінде 38 түнгі клуб, түнде қызмет көрсететін 45 кафе-ресторан бар екен. «Пионерская правда» клубында былтыр 12 төбелес, 16 қылмыс тіркелген. 2 адам өлген... Есірткі заттарының «құрық бойламайтын қулықпен» сатылып жатқаны да алаңдатады. Олжас Нұржақыптың репортажы.
Бүгінде есірткі бизнесі бұрынғыдай тікелей сатушыдан емес сан түрлі жолмен саудаға шыққан. Ол ешкімге құпия емес. Мысалы, мына жігіт нашақор емес. Арадағы делдал. Айтуынша алған синтетикалық заттарды қаланың әр бұрышына тығып шығуы тиіс суретке түсіріп. Әр тыққанына 800 теңге алады.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Жалпы есірткі саудасының басым бөлігі әлеуметтік желіге өтіп кетті. Сайттар, мессенджерлер арқылы сатылады. Бүгін біреуін анықтап, жапсақ, ертең басқа атпен ашылады. Құдды бір қылмыстық құрылым. Сайт ашушы, есірткі табушы, оны қала көшелеріне жасырушы және саудалаушы. Біз барынша күресіп келеміз. Көбіне көше ғимараттарына жарнама жазушы, тасымалдаушылар - жастар. Жеңіл ақша табуға қызығады. Олар салдарына бойлап бармайды. Ал ұсталған жағдайда жаза ауыр.
Есірткі бизнесінің қоғамды түрлі жолмен жаулауы сұраныстың көптігінде және күрес дұрыс жүйеленбегенінде дейді қоғам белсендісі. Осыдан 2 жыл бұрын ең алғашқылардың бірі болып аталған проблеманы ел арасында көтерген Константин Гудаускас «бүгінде қала көшелеріндегі ғимараттардың қабырғаларында сауда еркін жарнамаланады. Бұл бір көрінісі ғана. Одан бөлек көңіл көтеру орындарында да келушілердің ыңғайына бәрі жасалған. Жабық есік, тастай күзет, сирек келетін тексеріс құдды бір ессіздік пен есірткінің орталығы ма, деп қаласың» деп отыр.
Константин ГУДАУСКАС, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРҒАУШЫ:
Сұраныс үзілмей, есірткі бизнесі өлмейді. Бізде көңіл көтеру орындарында еркін сатылатыны сол мекеме басшылығының пайда көздеуінде. Өйткені, ондағы кіре берісте тұрған күзетті көріңіз. Жабық есік, еркін аймақ. Сондықтан есірткіге қызыққандар қашанда түнгі клубтарға асығады.
Дәл осындай еркіндіктен кейін есіру басталады. Қалалық полицейлердің рейдтерге жиі шығатыны рас. Қарағандыдағы оқиғадан соң, тексеріс артқан да. Бірақ біз бірге шыққан жоспарлы тексеруден есірткі саудалаушыларын да, тұтынушыларын да кезіктірмедік. Керісінше әкімшілік құқық бұзушылықтың дәл үстінен түстік.
Қоғамдық орындарда шылым, қорқор тартуға 2013-ші жылы тыйым салынған, заң жүзінде. Соған қарамастан қаладағы көңіл көтеру орындарында заң талаптары орындалмайды. Әсіресе біз түн мезгілінде кірген мейрамханалардың тең жартысынан байқадық.
Наталья ЧАНАЕВА, АНТИТАБАК КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Қорқор үшін көңіл көтеру орындарына 10-нан 30 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл қарастырылған. Ал сол тыйым салынғанды тұтынған клиенттерге 7 жарым мың теңге көзделеді. Әрине, қоғамдық орындарда құқық бұзса. Бірақ біз тексерген көп орындарда сол кемшілік көзге бірден көрінеді. Хаттама толтырамыз, айыппұл саламыз. Соған қарамастан нәтиже болмай тұр. Себебі біз тек айыппұлмен шектелеміз, оны түгелдей жауып тастауға мүмкіндігіміз жоқ.
Бүгінде мегополис төрінде 400-ден аса көңіл көтеру орындары тіркелген. Оның 80-ге жуығы түннің жарымына дейін жұмыс істейді. Жыл басында қалалық полиция департаменті осы мейрамханалар мен түнгі клубтарға тексеру жүргізді. Нәтижесінде 22-сі қара тізімге еніп отыр.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Күзетшілер аса мамандандырылған күзетші болу керек, сол кафеге немесе отауға келіп көңіл көтеретіндер арасында тізгіндегі азаматтар болатын болса спирттік ішімдіктер ұсынылмауы тиіс.
Республикадағы қылмыстық оқиғалардың 20 пайызы тек осы Алматы қаласында болады екен. Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы сол тіркелген қылмыстарды ашу әлдеқайда нәтижелі болған. Ауыр қылмыстар 46,4 пайызға, бұзақылық 74,4 пайыз. Ал осындай көрсеткіш жаппай құқық бұзушылықты қадағалау нәтижесінде қол жетіп отыр. Яғни, 2018-ші жылы қоғамдық тәртіпті бақылауға күн сайын 2 мыңнан аса полицей мен 550 Ұлттық ұлан сарбаздары шыққан.
Қаладағы қоғамдық тәртіпті полиция қызметінен бөлек сарбаздар да бақылауда ұстайды. Топ болып әр аймаққа бөлінеді. Қандай да бір көше бойында азаматтардың жөнсіз әрекетін байқаса «алдымен ескерту жасаймыз, оған көнбесе жақын маңдағы департаментке жеткіземіз» дейді олар.
Жалпы, департамент мәліметінше қоғам тыныштығын көңіл көтеру орындарынан шыққан демалушылар бұзады. Ал оған сол орындардағы күзетшілер мен әкімшіліктің жауапкершіліктен жалтаруы да себеп. Яғни кез-келген мейрамхана, клуб ішіндегі келіспей қалғандар бірден сондағы күзетшілердің ырқымен сыртқа шығарылады. «Жұдырықтас, бір-біріңді пышақта, өлтір – тек сыртта, біз жауапты емеспіз» деген ой жатыр.
Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ:
Салдарынан қылмыс орын алады, адам өледі, не ауыр жарақат алады. Оған мысал өте көп. Ең соңғысы қаңтардың 13-нде түнгі клуб ауласында болған адам өлімі. Күзетші бірнеше қылмысы үшін жаза арқалағаны белгілі болды. Түнгі клуб иесі қызметке алған кезінде жіті тексермеген. Міне, осы тектес проблемаларды еңсеру үшін полиция департаменті көңіл көтеру орындарына нағыз өз ісінің мамандарын қызметке алуды немесе келісім-шартқа отыруды міндет етіп отыр. Ол үшін бір ай уақыт берілді.
Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»