Еліміздің зергерлері отандық алтын өндіретін компаниядан шикізат алуды доғарғандарын хабарлады. Себебі қосылған құн салығы енген, баға аспандап кеткен. Сонымен бірге «Қазақстан зергерлері лигасының» төрағасы Қайсар Жұмағалиевтің сөзіне сүйенсек, зергерлік бұйымдарды контрабандалық жолмен әкеліп сататындардың арасында терроризмді қаржыландыруға ақша аударатындар болуы мүмкін. Себебін былай түсіндіреді: заңсыз кірістерді заңдастырып, жылжытуға қарсы бағытталған заң бойынша Қаржылық қадалағау комитетінің арнайы есебінде 300 компания мен жеке тұлға бар. Ал елімізде 10 мың тұлға зергерлік бұйым сатумен айналысады. Зергерлік нарықтың айналымы болса орасан - 300 млрд теңге. Яғни кім біледі, саудамен заңсыз айналысатындар терроризм сияқты қауіпті әрекеттерді қаржыландырып отырған шығар. Данияр Қайыртай зерттеп көрді.
Алтынымыз бар, бірақ әшекейіміз жоқ. Жоқтың қасы. Қазір Қазақстанда саудаланып жатқан алтын бұйымдардың 60 пайызы Ресейдің өнімі екен. 30 пайызы – Түркияда шығарылған, 5 пайызы Еуропа елдерінен әкелінеді. Тек қалған үлесін ғана отандық зергерлер жасайды. Солай бола тұра, бағасы басқаларымен салыстырғанда, удай. Бұған себеп не?
Қайсар ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЗЕРГЕРЛЕРІ ЛИГАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Салық кодексіне енгізілген өзгерістер тазартылған алтын сатып алған кезде қосылған құн салығын төлеуге міндеттеп отыр. Бұл дайын өнімнің бағасына әсер ететіні анық. Ал басқа елдерден әкелінетін арзан бұйымдар тұрғанда, бағасы жоғары отандық әшекейлерді ешкім сатып алмайды. Сондықтан қазір зергерлер алтынды қара базардан немесе ломбардтардан сатып алуға көшкен. Себебі ондай жерден алсаң салық төлемейсің және бағасы да әлдеқайда арзан. Кейін соны балқытып, өз бұйымдарын жасайды.
Қайсар Жұмағалиевтің айтуынша, бұрын қазақстандық зергерлер тазартылған алтынды отандық «Тау-Кен алтын» зауытынан алатын. Салық салынғалы бұл компанияға ешкім жоламайтын болған. Сонда аффинаж зауыты тек биржа үшін жұмыс істеп отыр деген сөз. Кәсіпорынның өзінен жауап ала алмадық. Бірақ бұл үрдіс жалғаса берсе, оларға да тиімсіз болады деген пікір бар.
Ілияс СҮЛЕЙМЕНОВ, ЗЕРГЕР:
Біздің кен орындарынан өндірілетін алтын шет мемлекеттерге сатылады, кейін сол елдерден біз дайын әшекей бұйымдарды сатып аламыз. Жылдар бойы осылай жалғасып келеді. Бұл деген абсурд. Сондықтан бізде алтын бұйымдар жасайтын өндіріс жоқтың қасы. Кішігірім зергерлік шеберханалар жеткіліксіз. Олардікі – қолөнер. Бізге осы авторлық қолөнер бұйымдарын көптеп өндіретін кәсіпорындар керек. Ал ол үшін өндірушілер салықтан босатылуы қажет немесе жеңілдіктер берілуі тиіс.
Ал экономист Бекнұр Қисықов алтын сатып алушыларға салық салу – өркениетті елдерге тән үрдіс дейді. Бастысы қосарлы салыққа ұрынып қалмау керек.
Бекнұр ҚИСЫҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Қазір бұл салада «қара» импорт және заңсыз айналым көбейген. Алтын кен орындарында ұрлық та барын бәрі біледі. Сондықтан осы нарықты мемлекеттің реттегені өте дұрыс. Салық салынып жатқанын осы жағынан қолдаймын. Кодексте көрсетілгендей рұқсат қағазын алған кез келген адам заңды түрде алтын іздеумен айналысып, оны сата алатын болады. Ұрлап, қара базарда саудаламайды.
Шикізат сатып алу тиімсіз болғандықтан, зергерлер ломбардартарды маңайлай бастағаны айтылды, әлгінде. Осыны анықтау үшін Астанадағы бірсыпыра ломбардты аралап көрдік. Көпшілігі жауап беруден бас тартты. Кейбірі шеберлер алтын бұйым іздеп келмейтінін айтты. Тек біреуі растады.
- Сіздерге ювелирлер келген жағдайлар болды ма?
- Болды. Бір-ақ рет.
- Көп көлемде алды ма, сонда?
- Жоқ, көп емес.
- Сонда ювелирмін деп айта ма, олар?
- Иә.
Елдегі зергерлік өнер мен өндірісті тежеп отырған тек қосылған құн салығы емес. Шекарадан жасырын өткізілетін әшекей-бұйымдардың да ықпалы бар. Себебі кеденнен заңсыз өткізілетін, ешбір салығы төленбейтін, белгілі талаптарды сақтай отырып, саудаланбайтын тауардың бағасы төмен болады. Тиісінше өтімді келеді. Мәселен, былтыр Түркиядан 11 млн зергерлік бұйым контрабандалық жолмен кіргізіліпті. Оларды сататын 10 мыңға жуық тұлға бар көрінеді. Заң бойынша олар Қаржылық бақылау комитетінің арнайы есебінде тұруы керек. Бірақ тіркелгені – 300-ден астамы ғана. Қалғаны неге тасада? Бұған қатысты Зергерлер лигасы төрағасының өз пайымы бар.
Қайсар ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЗЕРГЕРЛЕРІ ЛИГАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстанда зергерлік бұйымдардың нарықтағы айналымы 300 млрд теңгеге бағаланады. Оның 100-200 млны ғана заңды айналымда шығар. Қалғаны – заңсыз. Сонда ол қайда кетіп жатыр? Мүмкін түрлі діни лаңкестерді қаржыландыруға жұмсалып жатқан шығар? Сондықтан контрабандамен күресу де кезек күттірмейтін мәселе.
Контрабандалық жолмен келген алтын көбінесе базарларда саудаланады. Ашықтан-ашық. Ал Қазақстанда Сауда қызметін реттеу туралы заңда зергерлік бұйымдарды сатудың тәртібі қарастырылған. Қымбат әшекейлер – бейнебақылау жүйесімен, таразымен және арнайы аспаптармен жабдықталған тұрақты бір орында саудалануы керек. Бізде осы заң да жұмыс істемейді.
Данияр Қайыртай, Анар Нұртазина «Біздің уақыт».