$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбенің Шалқар ауданында жасөспірімді өлтірген 10 сынып оқушысы кінәсін мойындаған

AstanaTV
28.01.2019ж. 20:00
3400
Ақтөбенің Шалқар ауданында жасөспірімді өлтірген 10 сынып оқушысы кінәсін мойындаған

Ақтөбе облысында 10 сынып оқушысын өлтірген, мектеп оқушысы ұсталды. Өткен сенбіде Шалқар ауданында оқушылар жаппай төбелесіп, 15 жастағы жасөспірім қаза тапты. Қазір оқиғаға қатысты Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Төбелеске қаладағы екі мектептің 10-сынып оқушылары қатысқан. Ауыр жараланған сыныптастары үшін, жедел жәрдем шақырмай, ауруханаға достары әкеліпті. Науқас кеуде жарақатымен түскен. Ол көп қан жоғалтқандықтан он бес минуттан кейін көз жұмыпты. Қаза тапқан жеткіншек Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектептің 10 сынып оқушысы. Ол спорттық шараларға қатысып жүлде алып жүрген белсенді оқушы екен.  

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 2002 жылы туылған Шалқар қаласынын тұрғыны жасөспірім ұсталды.Ол өз қылмысын толық мойнына алды және осы дерек бойынша ҚР ҚК 99 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы кезде оқушылар арасында әлімжеттіктің жиілеп кетуіне байланысты Ішкі істер Министрлігі де дабыл қағып отыр. Ведомство Кәмелекетке толмаған балалар ісі бойынша комиссияны шұғыл отырыс өткізуге шақырды. Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында болған жағдайларға қатысты Білім және ғылым министрлігімен бірге ведомствоаралық шұғыл комиссия құрылды. Ішкі істер министрлігінің ресми өкіл мұны қылмыстың алдын алу қажеттігімен түсіндіреді.

Алмас СӘДУБАЕВ, ІІМ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫ:

Ата-аналарды, оқу орындарының оқытушыларын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында, қылмыстық жауапкершілік жасына жеткендері, ойланбай жасаған әрекеттерінің салдарлары туралы хабардар етуге шақырамыз.

Б. Рахметова