$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясының бастауыш партия ұйымдары алдағы жоспарларын пысықтады

AstanaTV
28.01.2019ж. 20:00
7919
«Нұр Отан» партиясының бастауыш партия ұйымдары алдағы жоспарларын пысықтады

«Нұр Отанның» бастауыш партия ұйымдарын ірілендіру - жұмысты жүйелендіре түседі. Мәселен, Шымкенттегі 73 осындай ұйымның қатары 43-ке қысқарды. Бас партияның жергілікті өкілдері санға емес, сапаға мән беруіміз керек деді. Тіпті бастауыш партия ұйымдарының өз ішінен мәслихат депуттатығына кандидаттарды ұсынуға мүмкіндігі артатын болады. Ал қазіргі уақытта, Астанада өтетін кезекті съезге жер-жерде делегаттар сайланып жатыр.  

Шымкенттегі медициналық академия жанынан құрылған «Бедел» бастауыш партия ұйымында бүгін 450 мүше бар. Жаңа жылға дейін олардың саны небәрі 134 болыпты. Нұротандықтар енді санмен емес, жұмыс сапасымен де ерекшеленуді мақсат еткен.      

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Себебі БПҰ ұсынған азаматтардың ішінен мәслихатқа депутаттар сайланатын болады. Олар өз кезегінде біздің фракция арқылы сол халықтың айтқан уәждерін, мәселелерін, мақсаттарын жеткізіп, соны орындап отыратын болады.

Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Еуразияттық энергетикалық корпорациясының бастауыш партия ұйымы да, атқарған жұмыстарына есеп берді. Металлургтер шаһарында партияның қолдауымен түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді.  

Мәдениет ОМАРҒАЛИЕВ, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: 

Еуразияттық энергетикалық корпорациясының бастауыш ұйымы саны бойынша өте жоғары. Қаланың әлеуметтік, экономикалық жағынан да көп үлес қосады. Қандай бағдарлама болсын қала тарапынан, қандай бір партия ұйымынан жаңалықтар болса бұл кісілер көштің алдында жүреді.

«Нұр Отанның» Атыраудағы өкілдері де 2030-шы жылға дейінгі бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстарын пысықтады. Жиын барысында партияның кезекті 18-ші сьезіне делегаттар сайланды. Айта кетейік, аймақта 137 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Онда 31 мыңнан астам адам нұротанға мүше. Партияның бағдарламалық жобалары ақпан айының соңына дейін барлық ұйымдарда талқыланбақ.  

Әділбек ТҰРДАЛИЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бұл бағдарламаға сәйкес 10 мақсат көзделген. Солардың ішінде басты мақсат елімізде әлеуметтік реформаны одан әрі жылжыту. Бұл реформаға сәйкес осы елде білім саласын жаңғырту, білім саласында педагог мәртебесін өсіру.

Ал, Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы» бастауыш партия ұйымы Жастар жылында көптеген жобаларды қолға алмақшы. Әуежайда қызметкерлерінің басым бөлігі жастар екенін мақтан етеді. Ұйым оқуға түсе алмай қалған жас жеткіншектерді де жұмысқа тартыпты.  

Ғабит ТӘЖІМҰРАТОВ, «Н.НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫ ТӨРАҒАСЫ:  

Оқуға түсе алмай қалған студенттерді жұмысқа алып,қазір жұмыс беріп отырмыз. Рейстердің саны да 5-6 пайызға өсті. Мысалы, транзиттік жолаушылар саны да 61 пайызға өсті. Сосын бізде қазір тағы бір үлкен жоба ұшу жолағын салу көзделіп отыр. Тағы екінші ұшу жолағы болмақ. Бұл мына өсіп келе жатқан Астанаға керек деп ойлаймын.

Айта кетейік, алдағы көктемде «Нұр Отан» партиясы 18-ші съезін өткізбекші. Осыған сай қазір жер жердегі бастауыш партия ұйымдары атқарған жұмыстарына есеп беріп, алдағы жоспарларын нақтылауда. Сондай-ақ, Астанаға баратын дегаттар сайланып жатыр.   

А. Төребекқызы