Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Алматыдағы «Алатау» еркін экономикалық аймағындағы кәсіпорындар тұралап тұр

AstanaTV
29.01.2019ж. 20:00
3718
Алматыдағы «Алатау» еркін экономикалық аймағындағы кәсіпорындар тұралап тұр

Алматы маңында салынған «Алатау» еркін экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыру үшін оны қалалық әкімдікке өткізу процесін жеделтету керек. Қазір ақпараттық технологияның соңғы жаңалықтарын ойлап табу үшін мұнда мамандарға жағдай жасалып жатқан жоқ. Бұл туралы технологиялық парктің қазіргі басшылығы мәлімдеді. Аймақтың инфрақұрылымына 20 млрд. теңге қаражат салынған. Бірақ, төселген асфальттар тозып, жол жиегіндегі шамдар жанбай тұр. Ал, құрылысы тұралаған кәсіпорындардың болашағы қаражат пен инвестицияға тәуелді. Тақырыпқа байланысты мамандар пікірін тілшіміз тыңдап қайтқан еді.  

«Алатау» технологиялық паркі Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше гектар жерді алып жатқан еркін экономикалық аймақта жұмыс қызып жатыр деп айту қиын. Көбіне құрылысы бітпеген ғимараттар мен бос жер телімдерін көруге болады. Автомобиль жолдарының бойындағы жол белгілері қадам сайын қойылған. Бірақ,онымен қатынаған көлік те байқалмайды. Ат шаптырым аумақ қараусыз жатқандықтан су, кәріз желісінің қақпақтары да тоналып кетіпті.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:  

«Алатау» ақпараттық технологиялар паркінде мынау сияқты қаңқасы ғана қалқиған немесе қаңырап тұрған ғимараттар жетерлік. Ал, оны айнала салынған шамдар жанбайды, ал бірнеше шақырымға созылған асфальт жолдармен қатынап жатқан көліктерді көрмейсіз.

Ақпараттық технологиялар паркінде тіркелген кәсіпорындардың тең жартысы жұмыс істемейді. Осыдан екі ай бұрын «Алматы инвест» форумында инновациялық компаниялар қауымдастығының президенті Әмірет Қонысбаев бұл мәселені ашына айтқан еді. Ол инновациялақ алаңда өнім шығарады делінген 158 компанияның жартысынан көбі маман тапшылығы мен қаржыландырудың немесе тапсырыстың жоқтығынан тоқтап тұр деп мәлемдеген. 

Әмірет ҚОНЫСБАЕВ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Паркті әкімдік өз құзырына алып, басқарушы компания жұмысты жандандыруы тиіс. Сонда бақылау сонау Астанадан емес, осы жерден оңай жүргізіледі. Екіншіден, «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде жұмыс істемей тұрған нысандар көп. Мысалы, Қазақ-Британ техникалық университеті 30 гектар жерді алып, құрылыс бастады да, жарты жолдан тоқтатып қойды. Сол сияқты компаниялар жетеді. Еркін экономикалық аймақта қазір жүйелі жұмыс болмай жатуының себебі осында.

Азамат ел экономикасының драйвері саналатын ақпараттық технологияны дамытуға өз үлесін қосқысы келеді. Экономикалық аймақтағы зауыттардың бірінде жұмыс жасайтын маманның жалақысы 160 мың теңге. Оның жартысы қаладан қатынағандықтан жол ақысы мен тамағына жұмсалады. Жас инженер мамандардың әлеуметтік мәселесін шешіп, инфрақұрылымды дамытпай, еңбек өнімділігі артпайтынын айтады.  

Азамат КЕСЕКБАЕВ, ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР:  

Отандық мамандарды ұстап тұру үшін әрине жалақы жоғары болуы керек. Қаладан маршрут келеді, бірақ кішкентай автобустар. Сыймай қаламыз. Мамандар таксимен келеді. Күнде жағдай көтермейді. Егер, мұнда спорт алаңдары, мектеп, балабақша салынса, адамдар осында көшіп келер еді.

Ақпараттық технологиялар алқабына жауапты басқарушы компания дерегінше осы күнге дейін инфрақұрылымға 20 млрд. теңге жұмсалған. Мұнда қазір 5153 адам жұмыс жасайды. Биыл экономикалық аймақта 1 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Технопарктің құрамында 153 компания жұмыс жасап жатыр. Бірақ, олардың көбі еркін экономикалық аймақтың сыртында орналасқан. Технологиялық парк мүшелерінің қаржы айналымы 2018 жылы 51 млрд. теңгеге жеткен.  

Мамед ҚАЛДЫБАЕВ, «АЛАТАУ» ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКІ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Еркін экономикалық аймақта бітпей тұрған нысандар бар. Олар қаржылық қиындықтарға орай құрылысты жалғастыра алмай отыр. Соның бірі халықаралық санаттағы мамандар дайындау колледжі. Қазір бұл жобаны қалалық әкімдік алды. Ол жерде жатақханасы, оқу корпусы мен барлық жағдайы жасалған оқу орны бой көтереді.  

Қазір технопаркті «Автономдық кластерлік қор» деп аталатын мекеме Астанадан басқарады. Оның басқарушылар қатарында премьер-министр де бар. «Басқаруды аумағы жағынан жақын отырған қалалық әкімдікке беретін кез келді»-дейді мамандар. «Ол үшін жергілікті атқарушы билік жанынан арнайы басқарушы компания құрылып, қазір осы бағытта жұмыстар есекаяңмен жүріп жатыр» - дейді мамандар.     

Р. Асқарбекұлы