Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Жақсы бол» деп айта бергеннен бала жақсы болмайды. Тағы да әлімжеттік туралы...

AstanaTV
02.02.2019ж. 20:00
4742
«Жақсы бол» деп айта бергеннен бала жақсы болмайды. Тағы да әлімжеттік туралы...

Өткен аптада балалар арасындағы әлімжеттік, дәлірегі Түркістандағы оқиға жайлы материал бергенбіз, Ақтөбеде 10 сынып оқушысы жүрек тұсынан соғылған пышақ жарақатынан көз жұмды деген тағы бір хабар тарады... Сюжет соңында «Асқар таудай көрінуі тиіс әкелердің қолы тимейтін сияқты, әлде тәрбиесі басқа ма?.. Ал мұғалімдер...Олардың қағаз толтырудан, басқасынан қолы тимейді. Сөйтіп "ондай емес еді" деп өз шәкірттерін тани алмай жатыр. Дәлірегі, енді танып жатыр...» дегенбіз. Әкелер туралы сөзді Еркін Карин жалғастырады.  

Соңғы аптада оқушылар арасындағы озбырлық әрекеттер түсірілген видеолар көбейіп кетті. Осындай ожарлықтың соңы бір жеткіншекті қыршынынан қиды. Әдеттегідей болары болып, бояуы сіңгесін, құзырлы органдар қозғала бастады. Қаңтардың соңғы күнінде Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді. Бас прокуратура деректерінше, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс бұрынғы деңгейде. Бірақ еліміздің жеті өңірінде балалар жасаған қылмыс саны өскен.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:  

... Бұл түске дейін шекісіп, түстен кейін достасып кететін ойын баласының ісі емес. Бұл – қоғамдағы кейбір мәселенің өзегі қайда жатқанын айқын көрсетіп берген дабыл қағарлық жағдай.Сонда ол балалардың бесіктен белі шықпай жатып, бір-біріне осыншалықты өшігулерінің себебі не? Меніңше, бұл сұрақтың жауабы тым тереңде жатыр. Алдымен, біз қазіргі таңда қоғамдағы кейбір құндылықтардың құлдырап кеткенін және бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы үйлесімнің үзілгенін мойындауымыз керек.

Аятжан АХМЕТЖАН, ҰСТАЗ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: 

Қазақ айтады: сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды дейді. Біз тәрбиені толыққанды ұранға айналдырып жібергенбіз. «Жақсы бол» деп айта бергеннен бала жақсы болмайды. Алдымен жақсы болу үшін өзің жақсы болуың керек. Балаға кітап оқы деп айтып керек емес, егер өзің кітап оқымайтын болсаң. Дәл сол сияқты ең алдымен балаға сөзіңмен емес, ісіңмен үлгі болуың керек.

Қоғам белсендісі, ұстаз Аятжан Ахметжан тәрбиеге ұлттық тұрғыдан көңіл бөлу керек дейді. Ушыққан жағдай сонда түзеледі. Оның сөзінше, баланың үш жұрты бар. Ол – мектеп, ата-ана және қоғам. Осы үш жұрт өзара ымыраға келсе, бала тұлға болып қалыптасады. Өкінішке қарай, қазір осы үштіктің бір-бірімен әбден жауыққаны соншалық, болашақтың жауапкершілік жүгін біріге көтеруге де дайын емес. 

Аятжан АХМЕТЖАН, ҰСТАЗ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: 

Бала тәрбиесі толыққанды әйелдердің тәрбиесіне көшіп болған. Ал бала тәрбиесі әйелдердің мойнына көшіп болған кезде жалпы «көкбет ерлер» деген ұғым шығады. Ез бала – көкбет, көкбет бала – қатігез. Қатігез балада мінез болмайды.

Сондықтан мектептерге ер азаматтарды көптеп тарту керек дейді мамандар. Жігіттердің міндетті түрде мектеп директоры болуы шарт емес. Бірақ ұстаздар ұжымының кемінде 30-40 пайызын бөріктілер құрағаны жөн. Сонда ғана азаматтан тәлім алған ер мінезді жаңа буын қалыптасады. 

Дариға МҰШТАНОВА, АРДАГЕР ҰСТАЗ: 

Әке түгілі адамға ұқсамайтын еркек көп, бар ондай. Әкесі шешесін боқтап, балағаттап жатса, аузы арақтан құрғамаса, баласын теуіп жұмсап жатса, тек қана азаптап араққа жұмсап жатса, ондай балалар көп қой. «Сабаған ит қабаған» дейді. Таяқты жеп, анасын жәбірлегенді көріп, мына жалпақ әлемге өкпелі болып, жәбірленіп өскен бала ол өшін кімнен аларын білмей өседі.

Шымкенттегі кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына былтыр мезгілсіз уақытта көшеде жалғыз жүрген 1 мыңнан астам жеткіншек жеткізілген. Солардың 61-і арнайы мекемелерге өткізіліп, қалғаны ата-аналарына тапсырылыпты. Мұндай келеңсіздіктің түбірі - ата-аналардың баласымен сырлас дос болмайтыны, дейді мамандар. Досыңыз не, қайда, не істеп жүргенінде шаруасы жоқ...  

Арайлым ЕСЖАНОВА, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ:  

Ата-анасының балалармен тығыз байланыста болмағандығының себебінен, одан кейін тура осы переходной шақта, жеткіншек шақта көбірек әңгімелесіп, олармен көбірек сөйлесу керек. Ол бала мысалы анасымен, әкесімен дұрыстап сөйлесе алатындай болуы керек. Ішіндегі нәрсесін айта алатындай болуы керек. Бала сол уақытта өзінің ойын дұрыстап айтуға, айтатын адам іздейді негізінде. Содан кейін ішіндегі ойын айта алмағаннан кейін жан жаққа қашу, әртүрлі әрекеттер жасайды.

Ал кейбір бозбаланың өресі ересектерден биік.  

Жомарт АДАНБЕКОВ, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:  

Оқушылардың көбісінде агрессия кеңінен байқалады. Агрессияға жұмсалатын күшті дұрыс бағыттап қоя білсек, оқушылардың арасындағы төбелес-жанжалдардың деңгейін өте қатты азайта аламыз деп ойлаймын. Бас бостандығынан айрылған адамдарды мектепке шақырып, олардың қазір қандай халде екендігін көрсетіп, олардың өмірі қандай қиын екенін көрсете білсек, осы оқушылар өзі түсіне алады деген ойдамын.

Небір жамандықты «обал болады, ұят болады, жаман болады» деп тыйған сөздің салмағы жеңілдеп кетті. Бүкіл жауапкершілікті мұғалімге артып қойған уайымсыз ата-ана көп. Сондықтан оң-солын танымаған баланы жазалағаннан гөрі, бұған жол берген әке мен шешені тәртіпке салса, қалғандарының сабақ алары анық, дейді ардагер ұстаз. 

Дариға МҰШТАНОВА, АРДАГЕР ҰСТАЗ: 

Тыраштыққа тәрбиелейміз баланы, ол дұрыс емес. Қарапайымдылыққа тәрбиелеуіміз керек. Қарапайым адам болып, екі аяғын тең басқан адам бол, қасыңдағы баланың қуанышына шынымен қуана алатын пейіл тәрбиесін беруіміз керек, қуана алатындай. Біздер қуана алмастықты, күншілдікті, тыраштықты үйретіп жатырмыз. Біреуді әкеліп қоямыз: «Мынау дейтін жұлдыз болды, осындай болуың керек», - дейміз. Жоқ! Олай емес. Басқаша, мүлдем басқаша. Адамгершілік тәрбиесі деген жалпылама нәрсе. Пейіл тәрбиесі жетпейді қазір бізге.

Балаңызды өзіңізді тәрбиелегендей тәрбиелейсіз бе? 

Осы онлайн сұраққа 17 мен 25 аралығындағы жастар жауап берді. Көбісі «иә» деп келісетінін білдірді. Бірақ "жоқ" дегендер де аз емес. Осыған қарап жаңа буынның заманауи тәрбие үлгілерін енгізгісі келетіні байқадық.

Иә - 184 

Жоқ – 114

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:  

Осыдан жарты ғасыр бұрынғымен салыстырғанда қазіргі әкелер балаларына екі есе көп уақыт жұмсайды екен. Статистика бойынша күніне 59 минут. Бірақ бұл дамыған елдердегі жағдай. Ал біздің елде ше? Күнделікті тірліктің қамымен бірнеше жұмысты қатар атқарып, баласын көрмейтіндер де бар. Демек жақсы әке атану үшін алдағы демалысты күткенше, смартфон мен өзге де ермекті жиып қойып, бос уақытыңызды отбасымен бірге бүгін өткізуге тырысыңыз. Өйткені уақыт сіз бен бізге білінбей, зымырап өтіп жатыр.

Еркін Карин, Әлішер Өмірзақ, Айзада Төребекқызы, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»