Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Тәліптер соғыстан шаршады ма?

AstanaTV
04.02.2019ж. 20:00
3450
Тәліптер соғыстан шаршады ма?

Тәліптер соғыстан шаршады. Қозғалыс өкілдері мәмлеге келуге әзір. АҚШ Президенті Дональд Трамп СВS арнасына берген сұхбатында осылай деді. Айтуынша, тәліптер алғаш рет мәмлеге келу жөнінде ишара танытты. Тараптар ортақ келісімге келсе, АҚШ әскері Ауғанстаннан шығуы ықтимал. Рейтерс агенттігі Президент қажет болса, Ауған мен Сирияға әскерді қайта кіргізуге дайын екенін мәлімдеді деп жазды. Еске салайық, былтыр желтоқсанда Ақ Үй қожайыны екі елден де өз әскерін шығаратынын айтқан. Конгресс пен қорғаныс министрлігі бұл шешімді құптаған жоқ. Тіпті, Пентагон басшысы Джеймс Мэттис жұмыстан кетіп қалған еді. 

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ: 

19 жыл бойы Ауғанстанда әскер ұстап отырмыз. «Тәліптермен» не болып жатқанын қараңыздар. Олар шаршады, бейбітшілікті қалайды. Бәрі де шаршады. Маған да бітпейтін соғыстар ұнамайды. Не болатынын алда көрерміз. Бірақ, «тәліптердің» бірінші рет беті бері қарады. Сондықтан біздің сыртқы саясатымыз дұрыс деп ойлаймын.

Сарапшы Сұлтан Әкімбек тәліптердің шаршағаны туралы Трамптың мәлімдемесі асығыстық. Бұл Президенттің қозғалыс дәстүрін, тарихын білмеуі деп отыр. Қазір тараптар тәліптерді өз ығына жығуға тырысады. Өйткені, жазда елде Президент сайлауы өтеді. Америка Дохада кездессе, Ресей де кезекті келіссөзге әзірленіп жатыр дейді.   

Сұлтан ӘКІМБЕК, САРАПШЫ:  

Бұл қақтығыстардың көрінісі АҚШ пен Ресей арасында. Сыртқа ғана емес елдің ішіндегі жағдайдан да хабар береді. Мәскеуде келіссөзге кімдер қатысатынынан-ақ көрініп тұр. Оған барлық саяси күштер келеді деп күтіледі. Күнтәртібінде Тәліптер Үкіметпен мәмлеге келе ме, жоқ па сол тұр. Үкіметтің қозғалысты елемеуі қазір, дұрыс емес. Егер, осы екеуін кім татуластырса, сол абырой жинайды.

М. Дюсекина