Алматыдағы 19 мың кәсіпкер салықтық рақымшылыққа ілікпек. Олар барлығы 50 млрд-қа жуық теңгенің салығын төлемегені үшін «қара тізімгі» енген. Кәсіпкерлер қордаланған қарызды бүгіннен бастап төлеп тастаса, өсімпұл мен үстемақы жойылады. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін жарияланған салықтық рақымшылық туралы заң бүгін күшіне енді. Салықшылар қарызды кешірудің нақты тетіктерін бекіткен. Ришат Асқарбекұлы толықтырады.
Құрылыс саласында 10 жылға жуық еңбек еткен кәсіпкер Ержан Орманов салықтық ауырпалықтан есін жия алмай отырғанын айтады. Ол құрған мердігер компанияның салық органдары алдындағы қарызы 40 млн. теңгеге жеткен. Алаяқтықтың құрбаны болған кәсіп иесі мемлекеттік алымды дер кезінде өтей алмапты.
Ержан ОРМАНОВ, КӘСІПКЕР:
Басқа бір фирмадан құрылыс тауарларын сатып алып, 2013-2014 жылдары болатын. Ол фирма жалған кәсіпкерлер болып шықты. Оларды сот бірден танымай, 3-4 жыл өткенде сот жалған кәсіпкерлік деп танып, соның кесірінен біз осындайдың салдарынан біздің мойнымызға қарыз жүктеліп, шығынға батып отырмыз.
Бүгін күшіне енген салықтық амнистия туралы заңның аясында Ержан Ормановтың берешегі 16 млн. теңгеге қысқармақ. Қалалық кірістер департаменті оның қарызын есептеп, осыншама сомманың кешірілетінін айтқан.
Алматы қаласында салық үшін орта және шағын кәсіпкерлердің берешегі 50 млрд. теңге. Оның 30 млрд. теңгесі негізгі қарыздар. Кәсіпкерлер осы сомманы өтеуі тиіс. Сонда қалған 18 млрд. теңге өсімпұл мен 2 млрд. теңге айыппұл кешіріледі.
Талғат ҚЫДЫРӘЛИЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Рақымшылық кезінде ешқандай шағын және орта бизнес өкілдері ешқандай арыз жазып келмейді. Жергілікті жерлерде аудандарда мамандар қарап, өсімпұлдарын төлеген кезде алып тастап отырады. Оны кәсіпкерлер «салық төлеушілер» деген сайттан алынған, алынбағанын қарап отырады.
Кәсіпкерлер арасында рақымшылыққа жатпайтындары да бар. Олар ірі кәсіпкерлер, жер қойнауын пайдаланушылар және акциздік өнім шығарушылар. Елімізде алғашқы салықтық амнистия 2001 жылы, одан кейін 2006-2007 жылдары, соңғысы 2014 жылы жүргізілген. Биылғы жолдауда Президент кезекті рақымшылық науқанын жариялаған болатын.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Президент әсіресе орта және шағын кәсіпкерлер үшін бастаманың маңызды екенін айтқан еді. Олар елдің салық органдарына 300 млрд. теңгеге жуық қарыз. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 90 мың кәсіпкердің берешегі қайтадан сүзгіден өтеді. Салықтық жеңілдік алу үшін кәсіпкер негізгі қарызын толық жабуы тиіс. Сонда ғана айыппұл мен өсімпұл жойылады.
Р. Асқарбекұлы