Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Оралдық полицейлер қымбат құрылғыны қолданып жүр

AstanaTV
13.02.2019ж. 20:00
2279
Оралдық полицейлер қымбат құрылғыны қолданып жүр

Батыс Қазақстанда полицейлерге арнап бәленбай млн-ға сатып алған планшеттер қыста қатып жатыр. Полиция департаменті қымбат құрылғыларға 119 миллион теңге жұмсаған. Оның 53 миллионына 304 планшет алыныпты. Қалғанына мобильді термопринтер және өзге де керек-жарақтарымен қаруланған. Бірақ, интернет болмаса, құрылғының пайдасы жоқ. Жаңа жүйенің жұмысын Еркін Карин таразылап көрді.  

Мысалы, қағаз протокол толтырғанда уақыт алады. 10 минут база тексереміз, ал қазір планшет ыңғайлы. Бәрі бар, бүкіл информация шығады. 

Жол сақшысы Берік Сиязбаев планшетті оп-оңай меңгеріп алған. Айтуынша, қазір жұмысы әдеуір жеңілдепті. Енді көлік пен жүргізуші туралы барлық дерек әп-сәтте қолжеттімді. Тіпті, хаттама толтыру уақыты да қысқарған. Облыстық полиция департаменті жеке құрам қызметкерлеріне осындай 304 планшетке 53 миллион теңге жұмсапты.  

Динара ӘБДУЛКАЛИКОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ПБ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: 

Бұл құрылғының осал тұсы да бар. Аязды күндері сыртқа шығарғанда жұмысы баяулайды. Бірақ, бұл барлық электронды құрылғыларға тән. Болашақта осы кемшілігін де реттейді деген сенімдемін. Сосын планшетті жауын-шашын кезінде пайдаланып көрмедік. Бірақ, зиянынан пайдасы көп болады деген ойдамын.

Көлік жүргізушілері де жаңашылдықтан хабардар екен. Бірі тиімді десе, бірі қолайсыз деп отыр. Жазалы болып, жүргізушілік куәлігінен айрылған Айболат Бөкенов жаңа бастамаға қарсы. Айтуынша, планшет ұялы байланыс желісі жақсы дамыған қала аумағында ғана қолайлы. 

Айболат БӨКЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бір протоколды толтыру үшін мені үш сағат ұстады. Екі сағат сеть іздеді ауылда, сетьті тапқаннан кейін де ол тағы толтыра алмады. Ананың ішінде толтыратын парақшалары көп екен, соның бәрін толтыру керек екен. Бос орындарды дұрыс толтырмаса, қызыл бірдеме жанады. Екі сағат отырдық.

Бүгінде өңірде иелері айыппұлын төлемеген 92 автокөлік айыптұраққа қамалған. Олардың берешегі 1 жарым миллион теңгеден асады. Осыны алға тосқан полиция электронды көмешкі жауаптан жалтарғандарды анықтауға көмектеседі деп сенеді.  

Е. Карин