$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда дамуы тежелген мүгедек әртістерге жалақы төлене бастады

AstanaTV
14.02.2019ж. 20:00
2347
Алматыда дамуы тежелген мүгедек әртістерге жалақы төлене бастады

Алматыда денсаулығында дамуы тежелгендерге арналған театр әртістері енді жалақы алатын болды. Бұрын шығармашылық дамуға, уақытты тиімді өткізуге бағытталған театрлық зертхана енді өнер иелеріне табыс табуға мүмкіндік жасайтын болады. Даун синдромы және аутизмнен зардап шегетін адамдар ресми түрде жұмысқа тұрып, алдағы уақытта гастрольдік сапарларды жоспарлап отыр. Бірақ, инклюзивтік театрды ұйымдастырушылар актерлер тиісті еңбекақы алу үшін шығармашылық ізденістерін көрсетуге міндетті екенін айтады. Продюсерлер әртістердің жарымжан екеніне мән бермей, дені сау адамдар сияқты қарым-қатынас құруға талпындырады. Бұл - сахнада аяушылық сезім тудырғаннан гөрі өнер мен бойындағы талантты ашуға мүмкіндік бермек.  

Мария, «ДЕЙСТВИЕ БУКВАЛЬНО» ИНКЛЮЗИВТІК ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ: 

Маған жалақы төлеген кезде ерекше таң қалдым. Енді оған арманымдағы «Аннабель» қуыршағын сатып алғым келеді. Ол арзан тұрмайды. Біз арнайы денсаулығында ақауы бар адамдар театрда ойнауды ермек үшін, өнерімізді дамыту үшін деп қарайтынбыз. Енді табыс та табуға мүмкіндік туды.

Инклюзивті театр өз әртістеріне айына 70 мың теңге көлемінде еңбекақы төлеп отырмақ. Мұндай жалақыны осы өнер ұжымының кәсіпқой әртістері де алады. Қаражат жағынан белгілі меценнаттар мен қайырымдық қорлар қолдау көрсеткен. Енді ұжым өздерінің алғашқы гастрольдік сапарларын ұйымдастыру үшін қаражат табуға көшті. Ол үшін жаздың ортасына дейін 2 млн. теңге жинаулары керек.  

Р. Асқарбекұлы