Астанада «Хайвилл Қазақстан» компаниясының кеңсесі түгі қалмай жанып кетті. Құдай сақтап, зардап шеккендер жоқ. Кешкі тоғыздар шамасында тұтанған от 1500 шаршы метрді күлге айналдырған. Оқыс оқиға орнына шұғыл жеткен «101» қызметі тілсіз жаумен 4 сағаттан аса алысқан. Төтеншеліктер ғимараттың неліктен лап етіп лезде жанып кеткенін айтып берді. Толығырақ Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Астананың қақ ортасындағы шетелдік компания кеңсесі тұрғындардың көз алдында әп-сәтте күлге айналды. Өрттің ұйытқып жалындағаны сонша жолдың арғы бетіндегілер де қызуын сезген.
Құдай қағып, қызыл жалын көрші ғимараттарға шаппады. Өртті сөндіруге 95 адам мен 25 техника тартылған. Құзырлы органдар соңғы рет ғимаратты өрт қауіпсіздігіне 2012 жылы тексергендерін айтады. Құрылыста қазір қолдануға тиым салынған материалдар пайдаланылған.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Отқа оранған ғимарат сырты «алюкобондпен» қапталған. Оны қолдануға 2009 жылы заңмен тиым салынған. Кеңсе 2004 жылы қаланған. Астанада заң шыққанша осындай материалдармен капталып, ауыстырылмаған тұрғын үйлер мен ғимараттардың саны қаншама ...
МЕЙРАМБЕК ҚАЙСАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ғимараттың тұрғын үй жайларының демонстрациялық макеті жанғыш OSB панельден, пленопласт және пластиктен жасалған. Сондай-ақ, ғимараттың сырты алюкобонд-тан жасалған. Бұл өрттің тез таралуына әсер еткен. Өрттің себебін анықтау үшін Астана қаласы ТЖД-нің өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр.
«Хайвилл» құрылыс компаниясы Қазақстанда 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Оңтүстік кореялық технология бойынша Астанада бірнеше «ақылды үй» салған. Олардың құны осал емес. Отқа оранған кеңсеге қатысты компания әкімшілігі әзірге жауаптан қашқақтайды.
«HIGHVILL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ:
Біз комментарий қазір бермейміз. Звондамай-ақ қойыңдар!
Корей компаниясы 10 жыл ішінде Астанада 3500 пәтер салып, қолданысқа берген. Солардың бірінде жарты жыл бұрын өрт шығып, Нигериялық профессор отбасымен жанып кеткен.
Ә. Өмірзақ