$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясы жаңғырудан өтуге бет бұрды - Н. Назарбаев

AstanaTV
03.11.2017ж. 20:00
3777
«Нұр Отан» партиясы жаңғырудан өтуге бет бұрды - Н. Назарбаев

"Нұр Отан" партиясы жаңғырудан өтуге бет бұрды. Партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізген партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай бастама көтерді. Елбасының айтуынша, еліміз бен экономикамыз жаңғырудан өтіп жатыр, саяси күштер де соған лайық болуы тиіс. Жиында еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланып, оның қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері қаралды.

«Нұр Отан» партиясының саяси алаңға шыққанына 18 жыл. Осы уақыт аралығында партия шыңдалып, еліміздегі үлкен саяси күшке айналды. Партия құрылған күннен бері бүкіл қоғамдық істің басы-қасында келе жатыр. Басты қағидасы - халқымыздың береке-бірлігінің артуы мен саяси тұрақтылықты нығайту. Осы ретте Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отанның" экономикалық реформаларды табысты іске асыру үшін атсалысып келе жатқан бірден бір саяси ұйым екенін баса айтты. Енді  партия жаңғырудың даңғыл жолына түспек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы:

Партия болашақта да халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастары береді деп сенеміз. Алдымызда көп шарауа бар. Қажетті бағдарламалардың барлығы қабылданды, өздеріңіз білесіздер. Дегенмен қазіргі жағдайда дүниенің, ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына бүкіл әлем түсіп отырған кезде, біздің де алға қойған мақсатымыз аз емес. Сондықтан осының бәріне партия басшы болып, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіру қажет.

Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Кедергіге де тап болуы мүмкін. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен, жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруы тиіс, - деді Мемлекет басшысы. Ал төрағаның бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед биылғы 10 айда партияның қоғамдық қабылдауына 190 мың өтініш түсіп, оның 96 пайызы оң шешім тапқанын айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Нұротандықтар партия төрағасының тарихи бастамаларын әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Партияның күнделікті жұсмысында Республика үкіметімен бірлесе қабылданып, 2021 жылға дейінгі мерзімге айналған сайлауалды бағдарламасын орындау бірінші кезекте тұр. Партияның республикалық желілік графигіне сай, жыл басынан бері 5 млн-нан астам адамды қамтыған 85 мыңға жуық іс-шараның нәтижесінде бағдарламада белгіленегн межелік көрсеткіштердің 96 пайызы бүгінде орындалды.

Партияға қыбылдау талаптары күшейтілді. Саяси ұйым төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед "Нұр Отанға" тек елге сөзі өтетін, беделді адамдар ғана алынатынын айтты. Қазір саяси ұйым партиялық кадр резервін дайындауға кірісіп жатыр.

Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Партиялық кадрлық резервті жасағанан кейін оны партия мектебінен арнайы оқытулардан өткізу керек. 4 негізгі бағыт бойынша оқытуды ұйымдастыру керек. Олардың ішінде интернет кеңістігінде жұмыс жасай білу мәселесі, қоғамда халықаралық деңгейде өтіп жатқан саяси мәселелерді бағалай білуге жөнінде оқыту, әртүрлі насихат жұмыстарына үйрету, насихатқа қарсы насихатты үйрену. Мысалы, бұның бәрі партиялық технологиялар деп аталады.

Партия ұлттық бірыңғай тестілеуден жолы болмаған немесе сынаққа қатыспаған 52 мыңнан астам түлекті былтыр «Сәтті қадам» жобасының арқасында жұмыспен қамтыды. Ал биыл ондай жастар саны 55 мыңнан асты. Сонымен қатар «Нұр Арман» жобасы бойынша өз күшімен шетелге оқуға түскен тұрмысы төмен отбасы балалары мен мүгедектерге қайырымдылық білім гранттары тағайындалды. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бері 84 мыңнан астам белсенді жас партия қатарына өткен.

Наталья Годунова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Жастармен жұмыс бойынша да нақты тапсырмалар берілді. "Жас Отанның" съезін өткізу жоспары бар. Съезді дайындау бойынша тапсырма бар. Онда жастармен жұмыс жүргізудің барлық мәселелері қаралады. Әр жас  адамға көңіл бөліну керек. Әрбір жас білім алуы тиіс.

Партияның басты назарда ұстап отырған бағытының бірі - қазақ әліпбиін латынға көшіруді халық арасында кеңінен насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру да күн тәртібінен түспек емес. "Рухани жаңғыру - «Нұр Отан» партиясының қазіргі идеологиялық жұмысының платформасы", - деп атап өтті партия төрағасы.

Айгүл ӘДЕПБАЙ