Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ақтөбе облысында жыл сайын бір мың бас жылқы ұрланады

AstanaTV
22.02.2019ж. 20:00
3206
Ақтөбе облысында жыл сайын бір мың бас жылқы ұрланады

Осы өңірде мал ұрлығы өршіп тұр. Шаруалар барымтадан мыңдаған бас жылқысын із-түзсіз жоғалтады. Бірақ, көп жағдайда қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргенімен мал табылмайтын көрінеді. Ал, қылмыстық істер қысқарып, жабылып қалады. Жоқ іздеген ақтөбелік шаруалардың мәселесі кәсіпкерлер құқық қорғау кеңесінде қаралды.  

Қуанбек Әсімбетов Әйтеке би ауданында мыңнан астам жылқы өсіріп отырған кәсіпкер. Шаруашылығын дамытуға ұрылар кедергі келтіріп отырғанын айтады. Кәсіпкер осыдан үш жыл бұрын бес жүз бас жылқысын жоғалтқан. Қылмыстық іс қозғалғанымен, мал табылмапты. Былтыр сәуірде тағы осы екі жүз алты бас жылқысы қолды болған. «Тағы да тергеу дұрыс жүрмей, кінәлілерді өзіміз ұстап бердік»,- деп отыр.   

Қуанбек ӘСЕМБЕТОВ, КӘСІПКЕР: 

Аудандық ішкі істер бөлімі неге екені белгісіз осы біздің бақташылардың қатыстығын бүркемелеп, істің малдың жоқтығын 206 емес, оны кемітуге тырысты. Тергеу жүргенде қалай оны өзіміз тауып бердік. Тергеу басында істі жауып тастады. Оған қатысты адамдар жоқ деп. Бірінші показаниеде 25 бас деді, енді қысқартып 9 бас дейді.

Тап осындай жағдай Алға ауданынан келген кәсіпкер Самат Қалдығұловтың да басынан өткен. 43 бас жылқысын жоғалтқан шаруаның полицейлер ісіне көңілі толмайды. Ақтөбе облысында жыл сайын мыңға жуық бас жылқы қолды болатын көрінеді.  

Рахат ТӘЖІБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: 

Қылмыстық істе көп жағдайда күдіктілер табылады. Оларға жаза қолданылмайды біріншіден, екіншіден тергеу барысында анықталған тұлғалар күдіктілерге қарсы шара қолданбайды. Бұлтартпау шарасы, тергеу шаралары жүргізілмеген.

Кеңеске қатысқан Ақтөбе облыстық полиция департаментінің өкілі аталған қылмыстық істердің тергеліп жатқандығын жеткізді. «Әйтеке биде жоғалған 206 жылқы бойынша іс аяқталды»,- деп отыр.  

Евгений ГОДЛЕВСКИЙ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі таңда қылмыстық іс толық тергеліп болды. Екі тарап та іспен танысты. Жәбірленуші жақ танысқан соң іс прокуратураға жолданады. Ол жақта тексерілетін болады. Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша бес адам күдікті ретінде ұсталды. «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық қозғалған.

Бірақ, облыстық кәсіпкерлер палатасындағылар шаруалардың шағымы мен ұсыныстарын прокуратураға, басқа да құзіретті орындарға жолдамақ. 

Б. Рахметова