Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Автобустың қатысуымен болған жоқ оқиғасы». Тіл тазалығы. Тілді қолдану.

AstanaTV
04.11.2017ж. 20:00
4783
«Автобустың қатысуымен болған жоқ оқиғасы». Тіл тазалығы. Тілді қолдану.

Тіл тазалығына байланысты. Оның ішінде тілді қолдану практикасы. Мысалы, дендеп енген әлеуметтік желілердегі пікірлер, смартфондардағы хабарламалар сауатсыз жазылады. Көп ретте. Орашолақ сөйлемдер өз алдына, қазақша әріптерді қолданбайтындар көп. Ал банкоматтардағы операциялар негізінен орыс тілінде атқарылады. Жақында қолдану тілін таңдағанда «қазақ тілі» деген түймені басатындардың 2-ақ пайыз екені жайлы ақпарат шықты. Оны тоқтату мүмкін бе? Сондай-ақ, «сына», «доча» деп сөйлеу мәнері. Балам балабақшаға барып жүргенде «қазақтар неге орысша сөйлейді?» деп кәдімгідей таңғалған. «Доча» кімнің қызы? – деген материал да жасағам... Сонымен бірге тілді құртып жатқан тілшілер/журналистер, дейтін және оны аргументтеп беретін пікірлерді оқып, ұялып та жүрміз. Осы аптада Қали Сәрсенбайдың Мейрамбек Беспаевқа хаты жарияланған, сонда былай депті: Бір сұхбатыңда тұлпар мен есек жайында айтыпсың. Тура, тұр­пайылау айтылғанымен, ойың дұрыс. Дұрысы тұлпар мен мәстек дейікші. Тіпті тұздықтай түссек, ғалым мен залымның, қаймақ пен май­мақтың, мақау мен сақаудың да заманы бұл. Қазіргі қоғамда не әрі емес, не бері емес, орташа «таланттар» үстемдік құрып тұр. Олар билікке де, басқаға да қай жағынан тиімді. Өйткені бұлар ешқашан жел жағыңнан жүрмейді. Бәріне келіскіш, иілгіш. Демек, бас­қасын былай қойғанда, өнердегі ең қауіпті топ осы.

Тілдің тұрмыста қолданылуы туралы әріптесім Базаргүл Отыншиеваның материалы. 

- «балам, теледидарда қоссаңшы, не бар екен, әке, теледидардың басқышын берші, дауысын шығарайын»

Кәдуілгі «пультті» «басқыш» деп отырған 9 жасар Хақназар. Әкелі-балалы екеудің диалогы камера үшін ғана жасалған дүние емес. Күнделікті дағдылары осындай. Бұл отбасында барлығы таза қазақ тілінде сөйлеседі.Үлкен ұл әкесін «әке», анасын «апатай» дейді.Оған ерген кіші ұлдың да тілі осылай шығатынына ата-ананың сенімі кәміл.

Нұрмахан Кенжехан, Шымкент қаласының тұрғыны:

Әкемізді «көке» анамызды «апа» деп өстік, бізді солай тәрбиелеген, сол тәрбиені балаларыма беріп келемін, бірақ туған туыстарым әпке-ағаларым бар оларда олай емес, шешесін «мама» әкесін «папа» дейді. Мен айтам «мама» деген сөз қазақта болмаған адамға айтылмаған ағашқа айтылған «мама ағаш» деп, сосын биеге айтылған - 5-6 құлын туған биені «мама бие» деген. Үйге түскен келін де енесін «мама» дейді. Ол  маған ерсі көрінеді, келін келін болды ма, оның енесі ене болуы керек, апа болуы керек.

Бұл отбасындағы қазақша сөздік қор «тоңазытқыш, жылытқыш» деп кете береді. Ең бастысы ана тілге деген жанашырлық, құрмет бар. Алайда, тілдің тазалығына немқұрайды қарайтын, бұл төңіректе мүлде ойланып көрмеген адамдар да бар. Тіпті көп. Әсіресе жастар. Екеуара әңгімеде екі сөзінің біріне орысшаны қосып шұбарлап сөйлейтін қыз-жігіттер өзара хабарлама жазысқанда да қазақтың «қ,ң,ұ,ү,ө,ә» деген әріптерін қолданбайды. 

Көшедегі адамдар:

Кей телефондарда қазақша алфавит жоқ. Сол үшін жазамыз, амал жоқтан.

Көбінде смартфондар оларда қазақша клавитура болмайды, сол үшін басқа әріптерді қолданамыз.

Жастар осылайша бар «бәлені» қолындағы телефонға жаба салды. Жақсы. Қазақша қаріп жоқ деген сылтаулары «өтті» делік. Ал енді осылай «жазылып кеткен» сөйлемдер оқығанда қалай естіледі екен? 

gaini3215 Сизге саттилик сизге Казактын енбег синген артист атагын беру керек гой басшылар

akkuelembaeva Танертен кордик жаксы болды. саттилик тилеймин! 

tmiko95 Ананызга мын алгыс осындай онерли азаматты дуниеге акелген, баккан акенизге мын тагзым. Онериниз орлей берсин, жасыманыз, отбасыныз аман болсын. Ризамын сизге, коз тимесин.

baiysova69 Че попало мынау не сумдык, кукланы орамай устауга болама , ерсы корнеды

Бұл Инстаграм желісіндегі пікірлер. Қалай жазылса, солай беріп отырмыз. Құлақтың құрышы қанардай әсем сөздер емес. Оны айтасыз, құлақты қолмен басып қаша жөнелетіндей тұрпайы естіледі. Миллиардтаған пікірлердің бес алтауын ғана мысалға алдық. Ал осындай «жарымжан, мүгедек» сөздер қай әлеуметтік желіні алсаңыз да өріп жүр. Заңды сұрақ туады - осы бетімізбен кете берсек қайда барып тірелеміз?

Аршат Ораз, блогер:

«Маил ру» «мой мир» пайда болғанда қазақша әріптерді қабылдамайтын. Содан қалған үрдіс. Соның кесірінен адамдар смартфонға жазған кезде қазақша әріптерге игнор жасап, соның салдарынан қазір қарасақ жастар қазір «ң» әрпін айта алмайды. «Ң» ға қазір мықты игнор бар, бәрі «н» деп айта береді..

«Ң» ға мықты игнор бар». Қандай қорқынышты естіледі... Аршат Ораз қара бұлт «ң»- ның ғана емес, өзге бірнеше қазақша қаріптің де басына үйірілуі мүмкін деп болжайды. Тілге деген немқұрайдылық адамның мәдениетінің немесе интеллектісінің төмендігінен бе, әлде қағынан жеріген құлан сияқты өз тілімізден өзіміз жеруден бе? Немесе білімсіздіктен бе? 

Аршат Ораз, блогер:

Қарапайым ғана шылаулар «да» «де», немесе сұрақты білдіретін «ма» «ме» «па» «пе»- лерді адамдар бірге жазады, оның барлығы адамның интеллектуалдық деңгейін білдіреді бір жағынан, өйткені айыра алмайды ғой, сондықтан бұл жерде білім сапасының төмендігін айтар едім.

Журналистер қауымы. Теледидар, немесе газет тілшілері  сауаттылықтың үлгісі болуы тиіс адамдар. Осы қалам ұстағандардың арасында да тілдің құрдымға кетуіне ықпал етіп жүргендер жетіп артылады. Бұл журналист-жазушы Мырзан Кенжебайдың пікірі. «Тілшілер тіл тазалығын қалай сақтап жүр?» деген тақырыпта қамшы салдырмайтын азамат, әңгімесін қайсыбір жылы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқандағы бір журналистің қойған сұрағынан бастады.

Мырзан Кенжебай, жазушы-журналист:

Ол өзімен бірге қымыз шұбат па, қазы қарта алып кетіпті, ғарышқа. Сол қонып жатыр, сөйтсе қазақтың бір журналисті сұрақ қойып жатыр - «қазақтың ұлттық тағамдарының ғарышта өмір сүру кезеңі қанша екен?» дейді, «жарамдылығы қандай екен, бұзылып кетпей ме екен» демейді, міне бұл орысшаның аудармасы, «сколько продержится» дегеннің. «Автобустың қатысуымен болған жоқ оқиғасы» дейді, бұл не деген сөз? Бұл орысшадан аударған сөз «случай с участием автобуса» деген. Спортшы туралы бүй дейді - «ол 200 метрді пәлен секундта бағындырды» дейді, бұл орысша «покорил» дегеннің таза аудармасы.

Осындай «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма жан» дегізетіндей сорақы сөйлемдерді Мырзан Кенжебай сағаттап келтіруден шаршамайды.

Мырзан Кенжебай, жазушы-журналист:

Екінші ме үшінші ме этаждан құлаған қыз баланы айтып жатыр, «арқасындағы миына зақым келді» деп, мынау не деген сұмдық, арқасындағы миы несі? Ол «спинной мозг» деген орыстың сөзін айтып тұр. Сосын «аяғының саусақтары»деп сөйлейді «башпай» ғой, дұрысы. «Бұл шаралар кешенді болмаған соң нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады» дейді. Ал, не түсіндіңіз? «Оның зейнетақысы 70 мың теңгені құрайды» дейді, айналайын ау, «құрайды» демей ақ, «зейнетақысы 70 мың» десе, болды емес пе?!

Тілді құрметтеу қарапайым нәрселерден басталады. Банкоматтарды алайық. Былайғы уақытта қазақша сөйлеп, жазып жүретін адамдардың өзі банкоматты қолданғанда автоматты түрде орысша нұсқасын тереді екен. Бір азамат «банкоматта қазақша нұсқаны басқаныма аң-таң болған досым млн-даған жылдар бұрын қырылып кеткен динозаврды көргендей  болды»,- деп жазады. Онымен қоймай өзге достарына мені "банкоматта қазақ тілін тандайтын жігіт" деп таныстырады,- дейді. Күлеміз бе, жылаймыз ба?!. Меніңше, күлкілі емес...

Аршат Ораз, блогер:

Болашақта орыс тілінің орнына ағылшын тілі келе жатыр, «brothеr, sister-лер» көбейюі мүмкін. Неше түрлі жаргондар шығып жатады, қысқа жазулар, соның барлығы тілдің сүйкімін кетіреді. Ал менің жеке пікірім мейлі қандай да болсын тіпті боқтық сөз қолданса да, адамдар өз тілін қолдануы керек.

Блогер Аршат «мінсіз, таза болмай ақ қойсын, ең бастысы тілім бар болсын, жойылып кетпесін» деген ниетте. Иә, жойылып кеткен тілдер туралы да естіп жүрміз. Айтқан жерден аулақ. Әйтсе де, тілді сақтап қана қоймай оны таза етіп сақтасақ несі айып?.. Экономика құлдыраса, күндердің күнінде көтерілер, тұрмыс нашарласа бірте-бірте түзелер. Ал тілімізді жоғалтып алсақ, қайтып таба аламыз ба? Мырзан Кенжебайға күні - түні осы ой маза бермейді.

Мырзан Кенжебай, жазушы-журналист:

Мопассанның біз сөзі бар «будущее принадлежит пройдохом» дейді. Телевидениені алаяқ әншілер, сазгерлер, КВН –шылар, ойын-сауық, той-томалақшылар жаулап алды, олар тілді қайдан біледі, тілді шұбарлап бітірді. Осыны айтып жүргеніме 20 жылдай болып қалды, бірде-бір адам маған әлі жауап берген емес, қорқам Қазақстанда қазақтың сөзі желге ұшқан заман ба?- деймін. Менің айтып, жазып жатқандарымның барлығы «ит үреді, керуен көшеді» күйінде қалып тұр.

Тіл жанашыры осылай деп күрсінеді. Ал Шымкенттік азамат Нұрмаханның ісі нағыз оптимисттің тірлігі. Төл тілімізді сақтап, оны қызғыштай қорып жүр, сөйте те бермек.

Нұрмахан Кенжехан, Шымкент қаласының тұрғыны:

Өзбектер барлық дүниесін өз тілінде жеткізеді орыстар да өз тілінде айтады,  біз неге қазақтар өз тілімізде жеткізуге намыстанамыз,қорсынамыз? Ол адамның жүрегінің түкпірінде ұлтына деген адалдық, отанға деген патриоттығы жатуы керек. «Мен» деген, « ұлт» деген, «қазақпын» деген намысты бәрінен жоғары қоюымыз керек. Сол кезде қазақша сөйлейміз, сөйлей аламыз да, біздің қолымыздан келеді.  

«Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ». Тіл туралы әңгіме қозғалғанда, Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Ғамзатовтың осы екі жол өлеңін айналып өту мүмкін емес. Халықтың қасиетін де, қасіретін де сипаттайтын тіліміз өлмесін. Қазақ баласы, өзіміз де аман жүрейік.

Базаргүл Отыншиева «Біздің уақыт».