Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты

AstanaTV
23.02.2019ж. 20:00
2355
Үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты

Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті отставкаға жібергенде Бақытжан Сағынтаев басқарған министрлер кабинетінің тиімсіз жұмысының қандай дүниеден көрінетінін санамалаған. Бастысы – экономиканың өсуіне, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпалдасатын тетіктер іске қосылмады деді. Ішкі жалпы өнімнің өсімі бұрынғыдай - шикізат ресурстарының есебінен. Өңдеу өнеркәсібі ақыры дамымады. Стратегиялық инвесторлар да келмеді. Жалпы, жоғары атқарушы билік 2010 жылы басталған индустрияландыру бағдарламасы экономиканы диверсификациялайды деп сендірген. Сол 2010 жылдан 2018 жыл аралығында 1 250 жоба ашылған. Бірақ экономиканың әр тарапты болғаны сезілді ме? Ал ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан қаржы туралы мәліметтер мен ауыл шаруашылығындағы ахуал екі түрлі мемлекетке қатысты ақпарат сияқты. Аграрлық саланы дамытатынымыз сонша - 60 мың тонна ет экспорттаймыз деген жоспарлары бар етін. Енді 25 мың тонна деген айтылып отыр. Қытайда піскен көкөністі жеуге тартынғанымызбен, сатып аламыз. Таңдау жоқ.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өнімді жұмыс орындары жеткілікті түрде ашылмай отыр. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге қатысты. Шағын және орта бизнес өсімнің қозғаушы күшіне және оны дамыту ісі әкімдер мен министрлердің негізгі міндетіне айналмады. Индустриалды, әлеуметтік, инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға қатысты барлық қажетті мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Оларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржы бөлінді.

Дегенмен, жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті.

Цеснабанкті құтқаруға 1 трлн теңге, алдында Казкоммерцбанкті сақтауға 2 трлн теңге кеткені мәлім. Мұндай мәліметтер әрине, кредит қамытынан белін жаза алмай қалған көпшіліктің ашуын туғызғаны, туғызып отырғаны рас. Бір ай бұрын нақ сол банк секторына орай үкімет мүшелері «қорқақтар» деп сипатталған. Ал жұмыспен қамту, кедейлікпен күрес әрекеттері, көп балалы, мүгедек бала асырап отырған, тұрмысы нашар отбасыларға берілетін көмек жайлы түрлі бухгалтерлік, басқа да олардың ойындағы «қисындарға» салынған есептер тіршілікте қисынды көрінбеді. Керісінше, үлкен адамға арналған көйлек ретінде ұсынылған дүние қорабын ашып қалғанда мөлшері кішкентай, кішкентай болғанда да бала көйлек болып шығып тұр. Елімізде адамдар табысының 44 процентін азық-түлікке жұмсайды, ал ҰБ жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша қазақстандық отбасылардың 10 процентінің ғана кірісі 300 мың теңгеден асады.    

Талғат ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Отчет, отчет үшін ғана жұмыс істейтін, қағаз үшін сандарды көрсетуші еді. Оның бәрін Елбасы да айтты – жұмысты дұрыс ұйымдастырмадыңдар деп. Нәтиже деген қарапайым адамның өмірін өзгерту, жақсарту.

Әрі қарайғы тірлік келесі аптада өтетін «Нұр Отанның» съезінде айқындалайын деп тұр. Билік "Мөлдір" деген қыздардың есімі ғана емес, анықтауыш екенін ұқса, бүкіл ел жинаған және мұнайдан түскен қаржыны қалай жұмсайтындарына байланысты айтылатын әңгімелерді терістейтін әрекетке көшсе, осы жер көктесе деген ниеті барына сендіріп, жан-тәнімен жұмыс істесе проблемасыз, пір тұтатын мемлекет болмайтынын халық та түсінер еді.