$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жасыл кілем, түкті кілем, көк кілем. Қазақы кілемдер жоғалып кетпес пе екен?..

AstanaTV
23.02.2019ж. 20:00
11030
Жасыл кілем, түкті кілем, көк кілем. Қазақы кілемдер жоғалып кетпес пе екен?..

Шымкентте қазақы кілемдердің көрмесі өтіп жатыр. Көпшілікке ұсынылған қолөнер бұйымдары қала тұрғыны Дана Бектаеваның жеке коллекциясындағы дүниелер. Барлығы да қол еңбегі. Қазақтың қыз-келіншектері мен асыл аналарымыз тоқыған бұйымдар. Дана жинаған 500 кілемінің көрмеге қырықтан астамын қойған. Арасында 19-ғасырға тиесілісі де бар. Кілем мен алашадан бөлек басқұр, уықбау сынды киіз үй жабдықтары да жеткілікті.  

Дана БЕКТАЕВА, КІЛЕМ ЖИНАУШЫ КОЛЛЕКЦИОНЕР: 

Бұл шегрен кілем деп аталады. Тақыр кілем. Екі жақты кілем. Төсеуге де, іле беруге болады. Өте әдемі. Ал мынау алаша солтүстік өңірінде қошқар мүйіз салып тоқылған дүние. Мәселен, оңтүстік аймақтарда кілем-алашаларды көбіне мақта жібінен тоқыған болса, ол жақта қойдың жүнінен тоқитын болған... 

Ұлттық дүниелерге әуес Дана құнды кілемдерді еліміздің түкпір-түкпірінен жинағанын айтады. Денін Сыр өңірінен тапқан. Қызылорда облысында қазақы кілемдер көптеп сақталған көрінеді. Ал алашаларды негізінен Ақтөбе өңірінен алған. Кілем беттеріндегі сан алуан өрнектің тілі тым күрделі көрінеді. Дегенмен әжесінің жанында бала күнінен кілем тоқып өскен Дананың өзі әр сызықтың, оның түр-түсінің айтар ойын жақсы ұғынады.  

Дана БЕКТАЕВА, КІЛЕМ ЖИНАУШЫ КОЛЛЕКЦИОНЕР: 

Мәселен мына кілемнің тоқылу техникасы мүлдем бөлек. Бұл тақыр кілемнің бір түрі.Өрнегі де ерекше. Бір қызығы, ізденгенде көз жеткізгенім -мұндай ою-өрнек түркімен халқының өрнегі ретінде көрсетіліпті. Бірақ кезінде әр қазақтың төрінде ілулі тұрғанын көріп өстім. Бәлкім Түркіменстанда тұратын қазақтар алып келді ме екен деп те ойлап қоямын. 

Тоқылған бұйым көрсем қасынан өтіп кете алмай қалатын әдетім бар, деп ағынан жарылды. Дананың қызығушылығы арта түскені сонша,пәтерін де сатып, кілемдер алған. Айтуынша, осынша дүниені жинауға бір үйдің ақшасы ғана жұмсалмаған көрінеді. Қорын түгесіп, қарыз алған да кездері болыпты. Барлық кілемдері нөмірленген. Тіпті сараптамадан өткізіп алған. Мақсаты - қазақтың өнері, қазақ аналарының жанын салып тоқыған еңбегі кілеммен бірге өшпесе, өлмесе деген ниет. Әйтпесе бүгінде қазақы кілем тұтынатындарды айтпағанда оны тоқитындар жоқтың қасы...Қазақтың кілемі тек Наурыз мейрамында ғана жылт ететін экспонат іспетті. Сондықтан Дананың ендігі бар ойы – елімізде арнайы музей ашу.Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем. Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем.Туған жерді осылай бейнелесек те, қазақы кілемді сақтай алмайтын түріміз бар... 

Дана БЕКТАЕВА, КІЛЕМ ЖИНАУШЫ КОЛЛЕКЦИОНЕР: 

Мұндағы әрбір кілемде әжелеріміздің қолының табы, еңбегі жатыр. Маңдай тері, өнері жатыр. Ою-өрнегі тіптен бөлек. Алайда қазақ кілемі деген ақпарат әдебиеттерде жоқтың қасы. Парсы кілемі, ауған кілемі, үнді кілемі деген деректер кездеседі, бірақ қазақы кілем деген жоқ есепті. Жоқ десем де болады. Бұл ойланатын мәселе. Сондықтан мемлекеттік деңгейде үкіметтегілермұражай ашуға ықылас танытса екен. Бәлкім меценаттар табылып қалар?! Қалай дегенмен де үкіметтің менің коллекцияма назар аударғанын қалаймын.