Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Жезқазған энергосбыт» компаниясы тұтынушыларға 1 миллиардтан астам теңге қайтаруы тиіс

AstanaTV
03.11.2017ж. 20:00
3450
«Жезқазған энергосбыт» компаниясы тұтынушыларға 1 миллиардтан астам теңге қайтаруы тиіс

Қарағанды облысында бірнеше елді мекенді жарықпен қамтитын «Жезқазған энергосбыт» компаниясы тұтынушыларға 1 млрд-тан астам теңге қайтаруы тиіс. Экономикалық сот осындай шешім шығарды. Бірнеше аудан мен Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш қалаларының тұрғындары жарық ақысын бірнеше жыл бойы жоғары тарифпен төлеген. Ал компания өкілдері тарифті ешкімнің ұстап тұра алмайтынына сенімді. Оны Қазақстанда электр станцияларының тапшылығымен түсіндіреді. 

2015 жылдың қаңтарынан бастап «Жезқазған энергосбыт» тұрғындардан электр қуатының 1 киловатт сағатына қосымша құн салығынсыз 14 теңге 66 тиын алуы тиіс. Бұл тарифті табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бекіткен.

Соған қарамастан, бірнеше жыл бойы тұтынушылар екі теңге артық төлеп келген. Негізсіз қымбатшылық әсіресе ауылдықтарға ауыр тиген. Қушоқы кентінің 4 мыңдай тұрғыны талай наразылық шараларын өткізіп, компаниямен соттасқан болатын.

Роза Темірбаева, Қарқаралы ауданының тұрғыны:

Киловаты 19 теңгеге таман төлейміз. Енді ол алыстан Жезқазғаннан тасымалданған кейін бізге солай баға деп айтылған. Амал нешік? Жергілікті жерде ТЭЦ, ГЭС-тар салу керек.

Алтын Сәрсенбаева, Жаңаарқа ауданының тұрғыны:

Осындай жел тұрғанда, свет болмай қалады. Бағадан келіспеушілік бар. Біз неге Қарағандыдан емес, Жезқазғаннан алатынымызды түсінбеймін?

Бұл жолы тариф дауы тұрғындардың пайдасына шешілді. Экономикалық соттың қаулысына сәйкес, «Жезқазған энергосбыт» өз тұтынушыларына 1 млрд 400 млн теңгені 30 күннің ішінде қайтаруы тиіс.

Компания өкілдері бұған қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал соңғы бірнеше айда тұтынушыларға 175 млн теңге қайтарылған. Бұл жұмыс алдағы уақытта  жалғасады,-деп сендірді. Алайда, тарифті бір қалыпта ұстап тұрудың мүмкін еместігін де ескертеді. Өйткені соңғы 3 жылда қуат өндірушілер мен тасымалдаушылар электр жарығының бағасын 200-250 пайызға дейін арттырған.

Константин Рудницкий, «Жезқазған энергосбыт» ЖШС атқарушы директоры:

Бұл біздің шығындарымыз. Бастапқы тариф 3 есеге қымбаттаса, бағаны қалай ұстап тұрамыз?

Компания электр энергиясын мыңдаған шақырым қашықтықтан жеткізеді. Оған 19 ұйымның желілері қолданылған. Мәселен, Жезқазған, Балқаш қалаларына жарық сонау Павлодардағы Екібастұз электр станциясынан әкелінеді. Ал жолдағы шығын тұтынушының мойнына ілінеді. «Қазақмыс» секілді ірі корпорациялардың жылу, электр орталықтары бар. Бірақ олар ең алдымен өз мүдделеріне жұмыс істегендіктен, халықты толық қамти алмайды.

Константин Рудницкий, «Жезқазған энергосбыт» ЖШС атқарушы директоры:

Заңды өзгерту керек. Мәселен, кенттегі электр орталығы ең алдымен жақын маңдағы елді мекендерді қамтысын. Олар  бір кездері осы мақсатта салынды ғой.

Айжан Қуаш, тілші:

Сот шешімі әзір күшіне енген жоқ. Сондықтан «Жезқазған энергосбыт» түбіртектегі санды өзгертуге асықпайды. Тұтынушылар жарықтың әр киловатт сағатына 18 теңге 83 тиын төлеуге мәжбүр. Үкіметтен жылдан жылға ушығып бара жатқан мәселені қарап, халықты электр қуатымен қамтудың жаңа жолдарын қарастыруды сұрайды.

Айжан ҚУАШ