Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыдағы травматология орталығын шарпыған өрт электр шәйнегін сөндірмей кету салдарынан болған

AstanaTV
26.02.2019ж. 20:00
2681
Қарағандыдағы травматология орталығын шарпыған өрт электр шәйнегін сөндірмей кету салдарынан болған

Қарағандыдағы облыстық травматология және ортопедия орталығында болған өртке электр шәйнегінің қосылып қалуы себеп болған. Төтеншеліктер осындай болжаммен бөлісті. 

Айдана ЖҮНІС, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:  

Медбикелік үй-жайда жиһаздың және заттардың, терезе блогының және екінші және үшінші қабаттағы жабындылардың 20 шаршы метр аумағы жанғаны анықталды. Болжам бойынша, өрттің негізгі себебі электр құрылғыларын қараусыз қалдыру болып табылады, яғни, электр шәйнегін сөндірмей қалдырып кеткен.

 Өрт түнгі сағат 23:30-да травматология орталығының оңалту бөлімшесіндегі медбикелер бөлмесінен шыққан. Электр сымы тұтанып, дабыл қағылған соң күзетші дереу өрт сөндіру қызметіне хабарласыпты. Алайда, құтқарушылар келгенше бөлме отқа оранды. Түн ортасында өз беттерімен жүре алмайтын 22 науқас пен 3 медицина қызметкері аурухананың бас ғимаратына жеткізілген. Мекеме жетекшісінің айтуынша, адамдар дін аман. Қазіргі таңда мамандар төтенше жағдайдың себеп-салдарын анықтауға кірісіп кетті. Ал, оңалту бөлімшесі жөнделіп біткенше науқастар бас ғимаратта емделмек.  

Дәуір ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, Х.Ж.МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Оңалту емханасының жұмысы тоқтатылды. Өйткені, қазір өрт болған аумақты қайта қалпына келтірумен бірге төтенше жағдайдың себеп-салдарын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Науқастар мен медицина қызметкерлерінің ешқайсы жапа шеккен жоқ. Басқа ғимаратқа көшірілді.

А. Қуаш