$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығысқа алаңдаушылық білдіреді

AstanaTV
28.02.2019ж. 20:00
8694
Қазақстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығысқа алаңдаушылық білдіреді

Қазақстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығысқа алаңдаушылық білдірді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі шиеленіс өршіп кетпеу үшін тараптарды сабырға және халықаралық ережелерді сақтауға шақырады. Ал, екі ел арасындағы шиеленіс кесірінен «Дели-Алматы» бағытындағы рейс жоспарланған ұшу кестесінен ауытқып, уақытынан қалды. Қазақстандық азаматтар елге қашан оралады? Нұрсұлтан Біләл тарқатсын. 

Екі ел арасындағы қақтығыс кесірінен «Дели-Алматы» жолаушылар ұшағы бір күнге кешігіп, бүгін жолға шықты. Ол Пәкістан әуе кеңістігін айналып, Оман корольдігі арқылы жетпек. Бұл туралы «Эйр Астана» әуекомпаниясының басшылығы мәлімдеді.  

Александр НЕБОГА, «AIR ASTANA» АҚ ЖЕРДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Дәл қазір КС908 жолаушылар рейсі әуеге көтерілді. Оман корольдігінің астанасы Маскат қаласына бағыт алды. Пәкістан әуе кеңістігінен тыс ұшу арқылы аталмыш қалаға жанармай құю үшін қонады. Одан әрі тікелей Алматыға ұшып келуі жоспарланып отыр. Сағат 17:22-де қонады деп күтілуде.  

«Эйр-Астана» компаниясынан өзге тағы «Qatar Airways», «Singapore Airlines» және «British Airways» сынды ірі әуе тасымалдаушылары да біраз қиындықтарға тап болды. Мәселен, Таиланд әуежайынан 40-тан астам турист елдеріне қайта алмай отыр. Ал, Пәкістан аспанында қашан қауіп сейілетіні білмейді.   

Сомшит БАЙН, ЖОЛАУШЫ:  

Бізге ертеңге дейін күтіндер деді. Әлі ешкім тұшымды жауап айтқан жоқ. Әуежай қызметкерлері маған бір аптадан соң ғана жолға шығуды жоспарлаңыз деп кеңес берді.  

Сәрсенбіде Пәкістанның әуе күштері үндінің екі ұшағына соққы жасады. Секіріп кеткен екі ұшқышты сол жерде тұтқынға алған. Оқиға Пәкістан жерінде «Джаиш-е-Мухаммад» содырларына қарсы шабуылдан кейін болды. Дегенмен, ресми Исламабад қақтығысты өршіткісі келмейді.  

Асиф ГАФУР, ПӘКІСТАН ӘСКЕРІНІҢ ГЕНЕРАЛ-МАЙОРЫ:  

Елдің әуе кеңістігі соңғы күндері орын алған жағдайларға байланысты жабық. Ал, Пәкістанның жауабы кері соққы емес. Бұл біздің мүмкіндіктеріміздің, мемлекет ретінде жігерлі екеніміздің көрінісі. Біз бұл жағдайдың ушығуын еш қаламаймыз.     

Үндістанның Сыртқы істер министрі болса Пәкістан лаңкестерге қарсы әрекетсіз отырған соң, шабуыл жасалды деп ақталды. Ал, «Джаиш-е-Мухаммад» содырлары 14 ақпанда Кашмирде 40 үнді жауынгерінің өмірін жалмаған терактіге кінәлі деп танылған.  

Сушма СВАРАДЖ, ҮНДІСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:  

«Джайш-е-Мухаммад» содырларының жаттығу лагерлеріне Үндістан жасаған шабуылды лаңкестермен күрес ретінде қарастыру қажет. Арнайы операция кезінде бейбіт халық зардап шекпеуіне басты назар бөлінді. Бұл әскери операция емес. Алдағы уақытта біз бұл мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне бар күшімізді саламыз.  

Кашмир - екі ел 1947 жылдан бері бөлісе алмай келе жатқан даулы аймақ. Ал, 1949 жылы Кашмир 3-ке бөлінді. Оның Солтүстігін Пәкістан, Джамма мен Кашмирді Үндістан, Аксай-чиномды Қытай өз бақылауына алған. Кешегі қақтығыс соңғы 50 жылда қайталанған ауыр жағдай болып отыр. Өзге мемлекеттер екі елге араша түсіп, сабырға шақыруда.  

Ван И, ҚХР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:  

Қытай Үндістан мен Пәкістанның ортақ досы. Біз екі мемлекет орын алған жағдайды тергеу арқылы бір шешімге келеді деп үміттенеміз. Өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін бір келісімге келу маңызды.   

Қазақстан да Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығысқа алаңдаушылық білдірді. Ал, «Air Astana» компаниясы жолаушыларды елге қайтару үшін барын салуда. Өзге де әуе тасымалдаушылардың көмегіне жүгіну жоспарланып отыр.  

Н. Біләл