Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Күн жылуға таяу. Орал маңы қалың қар

AstanaTV
02.03.2019ж. 20:00
3017
Күн жылуға таяу. Орал маңы қалың қар

Биыл Оралда отыз жылда болмаған қарлы қыс болды. Қаланы қоршай орналасқан саяжайларды қыстаған 14 мың адамның бес мыңы - мектеп жасындағы балалар. Ал тасқын қаупі күшті... Бір мән бермей жүрген маңызды мәселе бар – тұрғын үйді сақтандыру. Бірақ әлеуметтік жағдайы онша емес адамдардан оны талап етудің өзі... Еркін Кариннің репортажы. 

Күн жылынса оралдық атқамінерлерден маза қашады. Өйткені қалың түскен қарды аршып үлгірмеген. Сөйтіп ірі кәсіпорындардың техникалары да тартылыпты. Қазірдің өзінде қалада су басу қаупі бар 32 аумақ анықталған.

Мұрат МҰҚАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Біз өткен жылмен салыстырғанда қарды сегіз есеге көп шығардық. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Кейбір пәтер иелері кооперативтері өз жұмысын дұрыс деңгейде атқарып отырған жоқ. 134 материал толтырылып, соның ішінде он шақты пәтер иелері кооперативіне 20-дан 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Бірақ пәтер иелері кооперативтерінің де жағдайы мәз емес. Қытымыр қыс оларды да қатты қинады. Қардың салмағын көтермеген бірнеше үйдің шатыры ортасына түсті. 

- Мына үйдің бұрышын тазалап жатырмыз. 

- Дым көріп тұрған жоқпын мен.

- Тазалап жатыр.

- Жоқ қой ешкім?

- Жігіттер әбетте.

- Қалай әбетте?

- Сағат бір болды ғой.

- Так, МПС оштрафовать! По 505-ой статье! Енді қашанғы айтамыз? Сколько надо еще?

- Нас оштрафовали же...

- Уже оштрафовали? Значит по второму кругу. Альпинистерді жалдау керек, төбені тазарту керек, ауладағы қарды шығару керек. Қиын ешнәрсесі жоқ.

- Басқаға ақшаларымыз жоқ...

Күн күрт жылынса, 36 мың адам тұратын 88 елді мекенді су басуы мүмкін. Қары қалың үш аудандағы жағдай мәз емес. Тіпті ең қуатты техника саналатын К-700 тракторының да омбы қарды күреуге күші жетпей жатыр. Қатынас қиындағасын, тұрғындардың қолға күрек алуына тура келді. Қазір облыс көлемінде 78 эвакуациялық бекет ашылған. Яғни, үйін су басқан тұрғындар осы жерді уақытша паналайды. Табиғат-ана сабасына түскесін бұрынғы мекеніне қайта барады. Ал су бүлдірген дүние-мүлікке өтемақы берілуі екіталай. Өйткені сақтандырылған мүлікке ғана өтемақы төленеді. 

Данияр АХМЕТ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Ортанқол баспананы өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және өзге де табиғи апаттардан сақтандыру құны 35 мыңнан басталады. Бұл - бір жылға төленетін ақша. Бірақ бізге саяжай тұрғындарынан өтініш түспеді. Өкінішке қарай адамдар баспанасының бүтіндігінен гөрі, көлігіне көп мән береді. Біздің азаматтар әлі бейқам.

«Біздің азаматтар бейқам» дегенмен Жайнагүл сияқты айлығын шайлығына әзер жеткізіп жүрген саяжай тұрғындарынан сақтандыру талап ету қисынсыз әңгіме айтумен тең сияқты. Олар үйдің өзін әупірімдеп жүріп салып алған.

Жайнагүл МАХРАЖАНОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

Баламның мүгедектігі үшін 73 мың теңге ақша аламын. Сол ақшамен күн көріп отырмын. Басқалай табысым жоқ, жалғызбасты анамын. Екі балам бар. Қазіргі таңда су келу қаупі бар деп ескертілді. Онымен баратын жеріміз жоқ. Қардың қалыңдығы мынау. Бізге әкімдіктен берілетін көмек – ең басты көшенің қарын күреп, тракторлар келіп тазалап кетеді. Басқалай көмек жоқ.

Оралды қоршай орналасқан саяжайларда Жайнагүл секілді 14 мың адам тұрады. Олардың бес мыңы - мектеп жасындағы балалар. Ауылдан қалаға күнкөріс қамымен көшіп, одан шаһар шетінен әрең пана тапқандардың қатары жыл санап көбеюде.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Төтенше қызметіндегілер көктемге дайындығын қазірден бастап пысықтап жатыр. Су мен батпаққа батпайтын, жол талғамайтын, қар мен мұзға да жүре беретін небір жүрдек техниканы қаз-қатар тізіп қойған. Ал ауа райын болжаушылар 7-наурыздан бастап, күн жылынып, қардың ери бастайтынын болжап отыр. Демек мақтаулы техниканың қаншалықты мықты екенін осы көктем көрсетіп бермек.

Көктемде бар салмақ су соратын құралдарға түседі. Сондықтан құбырлар мен моторлар мығым болуы керек.

- Он че китайское?

- Мынау жарылып кетпей ме?

- Жоқ, мынау ондайға арналмаған.

- Лучше мы в прошлом году для районов и сел купили, вот такое надо покупать.

Биыл төтенше қызметіндегілер өзен-көлдердің мұзын жарудан бас тартты. Өйткені бұл тәсіл суасты тіршілігі мен жақын маңдағы ғимараттарға қауіпті. Сондықтан былтырдан бері мұз кесетін қондырғыны қолданады. Әзірге мұндай құрал еліміз бойынша оралдық құтқару қызметінде ғана бар екен. 4 жігіт бағыттап тұратын құрылғы мұзды өзі кеседі, сосын кесілген сынықтарды көтеріп шығарады.

Жасұлан ЖҰМАШЕВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫ:

Бірінші Деркулдің суы ойнайды, содан кейін Шағандікі, сосын барып тек Жайық көтеріледі ғой. Жайықтың өзінің қара сулары бар ғой. Біздің бүкіл дачаларымыз сонда тұр. Әңгіме қарда емес тіпті. Жайықтың суы көтерілгенде соған келеді. Сол үшін біз эвакуация жұмыстарын алдын-ала өткізіп, 3900-ге дейінгі адамымызды көтере аламыз, керек болып жатса.

Күндіз-түні қармен алысқан қоғамның да өз әпендісі бар. Теректі ауданының тұрғыны биіктігі үш қабатты үймен бірдей алып аққала соғыпты. Оны шамамен екі-үш көлік қардан қалаған. Отағасы балаларын осылай қуантқысы келсе керек. Тек күн күрт жылынғанда қарды кері тасып үлгірмей, келіншегін ренжітіп алмаса болғаны...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»