Мемлекеттік команиялар функциясының тең жартысын жекеге беру керек. Ал, жекешелендірудің екінші толқыны көңіл көншітпейді. «Нұр Отан» съезінде берілген тапсырмаларды пысықтаған «Атамекен» палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осылай дейді. Жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандар небәрі 321 млрд теңгеге сатылған. Тек «Самұрық-Қазынаның» активтері 25 трлн теңгені құрайды. Мемлекеттік компаниялардың шағын акциясын жеке инвесторларға сату олардың экономикадағы рөлін азайтпайды. «Себебі, бәрібір бақылау пакеті мемлекет қарамағында»,-дейді Құлыбаев. Қазір мемлекеттік компаниялардың 348 бағытта жұмыс істеуге рұқсаты бар. Осы тізім санын кемінде 2 есеге қысқарту керек деп отыр. Ал, Ұлттық банктің жаңа басшылығы алдында экономиканы несиелеуге қатысты күрделі мәселе тұр. Оның айтуынша, қазір бизнеске берілетін несие тапшы.
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ:
Ал, банктер бизнеске көзқарасын түбегейлі өзгертіп, сенімсіздіктен арылып, шағын және орта бизнеске жаңа ұсыныстар әзірлегені дұрыс. Елдегі 1,2 миллионнан астам кәсіпкердің 80%-ы банк несиесін пайдаланбайды. «Атамекен» банктермен, даму институттарымен бірлесіп, жаңа несие тұтынушылар тобын қалыптастыруға дайын. Осылайша, жеке ісін жаңа бастаған және бизнесін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің іріленуі мен бизнес деңгейінің өсуіне қолайлы жағдай қалыптасады.
М. Дюсекина