Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылордада 15 жастағы бала жемқорлармен күреспекші

AstanaTV
04.03.2019ж. 20:00
4573
Қызылордада 15 жастағы бала жемқорлармен күреспекші

Қызылордада мектеп оқушысы шенеунік атанды. 15 жастағы Дамир Бозаев сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті басшысының штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Елдегі ең жас шенеунікпен әріптесім Шарипа Сақтапова тілдесіп, оның алдағы жұмыс жоспарымен танысып қайтты.  

9 сынып оқушысы Дамир Бозаев сабақта үздік. Қарапайым отбасынан. Өзі спортпен де шұғылданады. Өткен аптадан бастап өзіне жауапты міндет алды. Енді ол мектептегі парақорлықтың жолын кесуге ат салысуы тиіс. Қоғамда жиі кездесіп жүрген жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлы жиі еститінін айтты.   

Дамир БОЗАЕВ, ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ: 

Нашар оқитын балалар ҰБТ-ға барған кезде олар өте жоғары балл алып кетеді. Бұл жерде, яғни, сыбайлас жемқорлық. Ата-анасы сатып алып берді, болмаса туысқындары арқылы осындай көптеген балл алып кетеді. Жоспар бойынша біз облыс бойынша бүкіл мектептерді аралап, шағымдарды жинап, алдағы уақытта жоспар құрып, сол жоспармен жұмыс жасайтын боламыз.

Дамир 4-ші сыныпта мектептегі еріктілердің «Адал ұрпақ» ұйымына мүшелікке өткен. Қазір бұл ұйымда 16 мың қызылордалық оқушы бар. Оның жаңа қызметіне осы ұйым көмек көрсетпек. Сабақтан тыс уақытта мектептерді аралап, ондағы проблемалармен жақын таныспақшы. Ұйым мүшелері білім ордаларында мәселе көп деп отыр.  

Нұршат ЗҰЛХАРНАЙ, «АДАЛ ҰРПАҚ» МЕКТЕП КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Оқушылар мұғалімдерге сыйлық беріп жатыр. Бұның өзі пара есебінде саналады. Мен-оқушымын, ал болашақта мен студент боламын. Егер, мен өзіме сенбесем, емтихандарымды да сол ақшаның көмегімен немесе ата-анамның көмегімен ол емтихандардан өтіп кетуім мүмкін. Жемқорлықсыз болашақ деген - ең алдымен адам санасының тазалығы. Одан соң-білім.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіндегілер мектеп оқушысын жұмысқа алу ойланып жасалған қадам екенін айтады.    

Абзал МҰХИМОВ, ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Жалпы бұл бастама оқушылармен кездесу барысында келді. Дамир Бозаевты өзіме кеңесші ретінде тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл ешқандай хайп емес, ешқандай атақ жинау емес. Шын мәнісінде, сол балаларға өздерінің тіліндегі, өзінің деңгейіндегі мәселелерді шешу болып табылады

Дамирдың лауазымы мемлекеттік қызмет реестірінде жоқ. Оған айлық та төленбейді. Жас шенеунік өзіне артылған жүктің салмағын түседі. Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін еңбек ету - міндетім деп есептейді. 

Ш. Сақтапова