Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

ШҚО-ның денсаулық сақтау басқармасы «Реанимобиль» жеткізушісін сотқа берді

AstanaTV
05.03.2019ж. 20:00
2674
ШҚО-ның денсаулық сақтау басқармасы «Реанимобиль» жеткізушісін сотқа берді

Шығыс Қазақстан облысында «Реанимациялық автокөлік» дауы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы көлікті дер кезінде жеткізбегені үшін жеткізуші кәсіпкерді сотқа берді. Ойнатылған тендер шарттарына сәйкес, шымкенттік кәсіпкер Өскемен қаласының Медициналық жедел жәрдем ауруханасына заманауи жабдықтармен жарақталған 13 машина жеткізуі тиіс болған. Компанияға 30 пайыз көлемінде алдын-ала төлем де жасалған. Десе де, әлі күнге дейін ауруханаға бірде-бір машина жеткізілмепті. Енді талап бойынша, игерілмеген сома ретінде 800 миллионды аурухана әкімшілігі өңір бюджетіне қайтаруы тиіс. Қалған 350 миллионды кәсіпкер қайтарады. Дегенмен, ол әзірге қаражатты өтеуге асықпай отырған көрінеді.  

Райфа САФИОЛЛИНОВА, ШҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тапсырысты жеткізуші өзінің шарттық міндеттемелерін орындамады және осыған байланысты қаражатты бюджетке қайтаруға тура келді. Кәсіпкер орындамаған келісімшарттағы міндеттемелерді орындамағанына байланысты біз облыстық ауданаралық экономикалық сотында талап арыз бердік. Тиісті шаралар қабылданды. Қазір кәсіпкерден аванс ретінде алған 30 пайыздық сумманы қайтару үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Айта кетсек, 2017 жылы облыстың барлық жедел жәрдем ауруханаларына 100 «УАЗ» автокөлігі сатып алынған болатын. Ал, өткен жылы 8 реанимациялық автокөлік, оның ішінде екеуі «Мерседес» маркалы. Медициналық жедел жәрдемді жаңғыртудың жол картасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі 3 жыл ішінде республикалық жедел жәрдем паркін жаңа заманауи реанимациялық автокөліктермен жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл үшін мемлекет қазынасынан 28 миллиард теңге жұмсалады.  

Ә. Өмірзақ