Ірі қалаларда ландшафты дизайн дамып келеді. Көгалдандыру, гүл егу ісі. Табысты кәсіп. Алматы бойынша Олжас Нұржақып әңгімелеп береді. Тек қосатынымыз – көпшілік сол баяғы мамандықтар шеңберінде жүрміз. Ал шын мәнінде мың сан бағыт шықты. Кеңседе отыратын, жалдамалы жұмыс істеуге үйірсекпіз. Және айлық жоғары болса деп қиялдап қоямыз... Негізі мемлекеттің іргетасы мызғымастай болуы өз кәсібі бар адамдардың проценттік үлесінің көптігіне де байланысты. Коррупция сияқты кедергілерге қарамай, миды қозғалту керек. Түптеп келгенде әрекет еткеннің ғана армандары орындалады.
Бір мысал. Әлемдік деңгейде клип түсіріп жүрген 22 жастағы Айсұлтан Сейітов есімді жігіт бар. АҚШ-ң әншілерімен жұмыс істейді. Ойы азат. Әлемдік трендтерді түсінеді. Иә, әлемнің кез-келген бұрышында әркім жұмыс істей алмас. Бірақ кәсіби деңгейге деген талапты алдымен өзіміздің ішімізде күшейтуіміз керек.
Зоя Кастрикина 21 жылдық тарихы бар ірі кәсіпорын жұмысшысы. Дүкенде жай сатушы ғана емес - келушілерге бөлме гүлдерінен бастап басқа да толып жатқан неше түрлі өскіннің өсіру әдісін, күтіп-баптауын түсіндіреді. Айтуынша өзі жұмыс істейтін компания бау-бақша өсімдіктерімен қатар, қаланы көгалдандыру ісіне де белсене атсалысады. Тіпті 18 гектарлық аумақтағы жылыжайда дайындалатын өнім республика өңірлеріне де жеткізіледі.
Зоя КАСТРИКИНА, «ЗЕЛЕНСТРОЙ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Кәсіпорын жылыжайы қала сыртында орналасқан. Гүл нарығында 1998-ші жылдан бері жұмыс істейді. Негізінен гүлзарларды көгалдандыру, көріктендіруге атсалысамыз. Сәуір айында белгіленген аумақтың топырағын дайындасақ, мамыр айынан отырғызу басталады. Осылайша күз аяғына дейін сол учаскені күтіп баптаймыз. Көбіне біржылдық өскіндерді өсіреміз. Биыл шамамен 2 миллионға жуық түпті дайындап қойдық.
Бірақ ең қиыны – отырғызған гүлдердің ұрлануы. «Бекітілген аумақтағы гүлзарларға гүл егеміз, бірақ артынша сол маңдағы халық ұрлап кетеді» дейді ол. Бұл кәсіпорын үшін қосымша шығын. Десе де гүл отырғызу, көгалдандыру ісі табысы мол жұмыс. Қаладағы тағы бір ірі компанияның директоры Наталья Кутлина ерінбей еңбектенсең, жемісін еселеп көресің деп отыр.
Наталья НИКУЛИНА, «ГРИН СЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Көгалдандыру саласында 20 жылға жуық қызмет етіп келеміз. 8 гектарлық жерде заман талабына сай жылыжай салынған. Кейде еуропалықтар қызығып қарайды. Нарық өте кең. Қала көшелері мен аулалар, саябақтардан бөлек, ғимараттардың да ішін көріктендіру біздің салаға тиесілі. Сол себепті біздің қорымызда 100-ден аса сорт бар. Табысты іс. Мысалы, бір гүлдің құны 2500 теңге деп есептесеңіз, оның 2000 теңгесі пайда ретінде қаралады. Себебі гүлді отырғызған соң уақытында суын құйсаң, өзі өседі емес пе?!
Жасыл экономиканы жандандырып жүрген ірі компаниялардың басым бөлігі жұртшылық елей бермейтін істің табыстылығын жасырмайды. Бірақ жастардың құлаққа үйреніп қалған мамандыққа асығатынынан ба, бұл салада маман өте аз, дейді олар. Мұны Қазақстанды көгалдандыру қауымдастығы да растап отыр.
Татьяна АНТОНЕНКО, ҚАЗАҚСТАНДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Құрылыс қарқынды жүргізілген кезеңде көгалдандыру ісінің де маңызы артады. Өйткені кез-келген көп қабатты үйдің ауласын көріктендіру, қала көшелерін көгалдандыру, саябақтарды гүлдендіру заман талабы. Дей тұрғанымен осы аталған аумақтарға көз салсаңыз бірнеше міндетті тек бір ғана адам атқарып жүреді. Топырағын дайындайды, отырғызады, күтеді, баптайды, өсіреді. Осыған қарап-ақ бізде маман жетіспейтінін байқайсың.
Университетте агроном мамандығын оқып шығатын жастар бар. Бірақ нақ гүл өсіру әдісін терең үйрететін оқу орны елімізде жалғыз. Алматы технология және флористика колледжінің үшінші курс студенті Диана бағбан болуды бала күнінен армандағанын айтады. Оның қызығушылығын анасы мен әжесінің аула алдына гүл егіп, күтіп-баптауы оятқан. Болашақта өз кәсіпорнын ашқысы келеді.
Диана МҰРАТ, АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ФЛОРИСТИКА КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
Мамандық жалпы қаламызды әсемдеу, көгалдандыру, сонымен қатар бөлме гүлдерін күтіп-баптау, оның ерекшеліктерін үйретеді. Оқытады. Өзің ұнатып тұрсаң, өзіңнің қалауыңмен түссең ешқандай қиындығы жоқ. Болашағы зор мамандық. Кәсіп ашса болады, үлкен табыс табуға болады.
Оқу орны бүгінде флорист мамандығы бойынша 500-ге жуық маман даярлап үлгерді. Ал жыл сайын 50 түлек аталған кәсіпке араласады. Бір жақсысы - бірде-бірі жұмыссыз қалмайды, дейді колледж мұғалімі. Сұраныс өте көп. Оның үстіне мұнда теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру үшін 300 шаршы метрлік жылыжай салынған. Студенттер көп уақытын сонда өткізеді. Ал бос кездерінде қала дүкендерінде кеңесші сатушы болып қосымша табыс табады.
Ақжарқын ҚАЙРАТҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ФЛОРИСТИКА КОЛЛЕДЖІ ГҮЛ ӨСІРУШІ МАМАНДЫҒЫНЫҢ ЦИКЛ ЖЕТЕКШІСІ:
Гүл өсіруші мамандығы бойынша қазақ және орыс топтары бойынша студенттерді қабылдап, жыл сайын өндіріске 50-ге жуық студентті жіберіп отырамыз. Гүл өсіруші қазіргі таңда ең қажетті мамандықтардың бірі. Өйткені қазіргі табиғатты таза ұстау, экологияны таза ұстау, Алматы әсем қала оны гүлдендіру осы гүл өсірушілердің қолында.
Алматы әкімдігіндегі жасыл қорды реттеу бөлімі жетекшісінің сөзіне сүйенсек, Алматыдағы жасыл желекке былтыр санақ жүргізілген. Ал оның алдында 2010-шы жылы өткізіліпті. 9 жыл бұрын қаладағы тал-шілік пен ағаш саны 1 жарым миллионды құраса, 2018-ші жылы 2 миллион түпке жеткен. Айта кететіні, биыл гүлдің 30-ға жуық сорты отырғызылады.
Олжас ЖАНЫСПАЕВ, АЛМАТЫ Қ. ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАСЫЛ ҚОРДЫ РЕТТЕУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
2018-ші жылға дейін қаланы көріктендіру тендер арқылы жүргізіліп келген. Былтырдан бастап билік көгалдандырудың жаңа жүйесін іске қосты. Арнайы аумақтарға кәсіпорынды өзіміз таңдаймыз. Оларға тапсырма алдын ала жүктеледі. Кәсіпкерлер көшеттерінің мөлшерін әзірлеп, топырағын дайындап, қаламызды уақытында гүлдендіріп отырады. Ал тендер арқылы іріктелген кезде көріктендіру ісі уақытынан қатты кешігетін. Гүл ұрлығын тыюға келсек, оған қоршаған ортаны қорғау мамандары жұмылдырылмақ.
Расында, тіршілік пен құрылысы дамыған мекенде көгалдандыру ісі де ілесіп жүреді. Ал ол жұмыспен кәсіби мамандар айналысса, әсемдік те, үйлесім де болатыны рас. Және ірі қалалар солай жасауға дағдыланып келеді. Демек гүл өсіруші, бағбан мамандығының да маңызы арта бермек. Ал кәсіп - табысты. Әрине, бастамай жатып пайдаға күмп ете қалу деген сөз жоқ. Кез-келген іс сияқты күн-түн демей еңбектену керек. Бұл салада кемі 4 жыл екен. Қаланы, кеңселерді былай қойғанда, ауқатты кісілер үйінің маңын бейнелеп айтқанда, иранбаққа айналдыруға құмар. Сондықтан жоғары білімі болса да тиын-тебен санап жүрген талай қыздар мен жігіттердің мүмкіндігі болса, қайта оқып алуына тұратын мамандықтың бірі.
Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»