Атырауда еріктілер Жайық жағасын өлген балықтардан тазалауға кірісті. Қала тұрғындары үшін жағалау төрт аумаққа бөлінді. Әрқайсысы қажетті жабықтармен қамтамасыз етілген. 150-ге тарта тұрғын бір күнде 1 тонна 300 келіге жуық өлексені судан сүзіп алған. Жалпы күн жылынғалы өзеннен 3 тоннадан артық балық шығарылған. Естеріңізге салайық, Атырауда былтыр желтоқсанда балық жаппай қырылып қалған. Ол кезде Жайықтан 4 тоннадан астам өлексе жиналды. Табиғи апатқа байланысты қылмыстық іс те қозғалды. Алайда, кінәлілер әлі табылған жоқ.
Қыс бойы мұз астында жатқан өлі балықтар тоң жібіген бетте су бетіне қалқып шығып жатыр. Оларды жинау әлі де қиын. Жайықта мұз толық еріген жоқ, ал жағалау батпаққа айналған. Дегенмен, табиғатқа шын жанашыр қала тұрғындары таңнан іске кірісті. Араларында студенттер, қоғамдық ұйым, ірі компания өкілдері, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар бар.
Арман ХАЙРУЛЛИН, ЕРІКТІ:
«Жайықтың тағдырын - өз тағдырым» деп қабылдаған адамдар деп білемін. Әрине, бұл сырт көзге қарағанда декаративті шара болып көрінеді. Бірақ шынымен де жағада жатырған жиналмауы мүмкін балықтарды жинап жатырмыз. Бар үміт судың көктемде мол келуіне, жайықтың қайраңын тазалайды деп есептейміз. Ал Жайық қайраңында балықтың 80-90 пайызы өлі жатыр, көзімізбен көріп жатырмыз, барлығы тұнып жатыр.
Жиналған өлекселер арасында «Қаракөз», «Табан», «Қылышбалық», «Мөңке» балықтарының шабақтары бар. Ара-тұра ірі балықтар да кездесіп қалады. Бір ғана «Тұрғын үй қалашығы» көпірі маңында айналдырған екі сағатта 200 келідей өлі балық жиналды. Өзенде балықтың азайғанын осы маңдағы балықшылар да байқаған. «Бұрынғыдай олжа жоқ», - дейді олар.
Юрий БЕЛОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жайықта балық жоқ. Күні бойы отырып, бір-екеуін ұстасақ ол да жақсы. Былтыр жақсы болып еді. Биыл да үмітімізді үзбейміз. «Қаракөз» келеді деп күтіп отырмыз. Балық аулау деген қызық, ең бастысы аулау процесі қызық біз үшін.
Жағалауда төрт жерде балық жинаған еріктілермен бірге арнайы автобаза тазалаушылары мен балық инспекциясы мамандары да жүр. Бұл олардың күнделікті жұмысына айналған. 8-9-шы наурыз күндері Жайық жағасын екі тонна өлекседен тазалапты. Ал қала маңындағы елді мекендер өз аумақтарындағы жағалауды тазалауға кеше бір кісідей атсалысты.
Арман МОЛДАШЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Кеше темір жол көпіріне дейін мұз айдыны ойылды. «Аманкелді» серіктестігінің кемесімен. Қазіргі қиындық жағалауда әлі де бар мұздар қатқан, өлген балықтарды жинастыру әлі де қиын. Осыған байланысты атыраудың тұрғындары, еріктілер өз күштерін берсе, балықтарды жинау жұмыстары тиімді жүргізілер еді.
Белсенділер Жайықты тазалау - бір күндік шара емес деп отыр. Сондықтан, олар көмектесетіндерін жеткізді. Ал мұз толық ерісімен, өзен ортасына балықшылар қайықтармен шығып, сүзіп шығуды жоспарлап отыр.
Б. Нәдірқызы