$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Лото ойнап 3 млн теңге ұтылып қалған Н. Қожамбердиевті таныстары алаяқ деп айыптады

AstanaTV
15.03.2019ж. 20:00
3510
Лото ойнап 3 млн теңге ұтылып қалған Н. Қожамбердиевті таныстары алаяқ деп айыптады

Күні кеше лото ойнап 3 млн теңге ұтылып қалдым деп арнамызға көмек сұрап келген Нұрдүн Қожамбердиевті таныстары алаяқ деп айыптады. Эфир біткен бойда редакциямызға хабарласқан Қанат есімді Астана қаласының тұрғыны Нұрдүннің қолынан зардап шектім дейді. Ол Астанада көлік жөндеумен айналысқан жігітке қарындасының машинасын жөндеуге берген. Өзі іс-сапарға Алматыға кетуге мәжбүр болыпты. Сол мезетте шұғыл ақша қажет болып көлікті сатуға тура келген. Содан бас сенімхатты көлік жөндеп жүрген ескі танысы Нұрдүнге рәсімдеп, сатып беруін өтінген. «Ол көлікті сол күні 3 миллионға сатып, із-түссіз жоғалып кетті»,-дейді.  

ҚАНАТ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:  

Соңғы жарты жыл бойы көлікті соған жөндетіп келдім. Ол сенімхатты маған аудар дегенде мұндай әрекетке барады деп ойыма келмеді. Менен басқа оны басқа да клиенттер іздеп жүр. Көбінің көлігін уақытында жөндемеген. Полицияға шағым жаздым. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Енді сотқа арыз жазам.  

Ал «Астана» арнасының журналисі Нұрдүннің бір бөлмелі пәтер жалдап тұратынын анықтады. Көлікті сатқан күні ол әріптестерінен қарызға ақша да алған. Содан бері оны ешкім көрмепті. Қазір біздің қоңырауға да жауап бермейді. Ал полиция департаменті екеуінің арасында өзара келісімшарт болған соң іске араласа алмаймыз дейді. 

София ҚЫЛЫШБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

ҚР қылмыстық кодексінің 179-шы бабына сәйкес, жазбаша түрде ресімделген азаматтық-құқықтық қатынастар болса, өтініш тіркеуге жатпайды. Бұл жерде бұл мүлік иесінің осы автокөлікті басқаруға берген бас сенімхаты бар. Біз оған тек сотқа жүгінуге кеңес бере аламыз. 

Ә. Өмірзақ