$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Тазының өлімі»... Тазыларды түгендей алмай отырмыз

AstanaTV
16.03.2019ж. 20:00
13092
«Тазының өлімі»... Тазыларды түгендей алмай отырмыз

Мұхтар Мағауин «Тазының өлімі» повесін тура 50 жыл бұрын - 1969 жылы жазыпты. Шығармадағы Тазы - символдық образ. Сұмдық тамаша шығарманың бір қатпары – тазының өлімі рухтың өлімі сияқты берілгені. Данияр Әлімқұлдың материалына «Тазының өлімі» деп тақырып қойдым. Себебі одан артық дәл атау жоқ...  

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Ит жүгіртіп, құс салу – қазақтың қанында бар қасиет. Бұл – салты бөлек, салтанаты басқа сауық-сайран. Сондықтан тұқымы асыл тазыларға деген қызығушылық Алаш баласында алабөтен. Ал қазақтың құмай, дегдар, бекзада тұқымды тазыларын түгендей алдық па? Біздің уақытта оларға деген қамқорлығымыз қандай? Мен осыны айтайын.

Ескілікте есік ауызында емес, төрде жататын төре иттің тұқымы тазы еді ғой қазақта. Қазір құмайларымыздың қайда қалғанын білеміз бе? Білуге бас ауыртпай жүргенде қазақтың құмайын орыстар олжалап алмақ. Жамбыл облысындағы ерікті азаматтар тазылардың есебін алу керек деп елге үндеу жолдап жатыр. Тазыларды түгендеп, тізімін жасауды тездету керек дейді. Өйткені құжаты жоқ құмайымыз жаттың жетегінде кетпек. Онсызда қазақтың құмайы Мәскеудегі иттер көрмесінде көпшілікке «Азиялық тазы» деп таныстырылды.

Ергөбек НИЯЗБЕКОВ, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Ата-бабамыздан қалған мұра. Мынау қазақтың тазысы. Өзіміздің бабаларымыздан келе жатқан құмай тазының тұқымы» дегенге дәлел ретінде біздің қолымызда ешқандай құжат жоқ. Орыстар тазыны «Орта Азиялық борзое» деп патенттеп, меншіктеп алмақшы.

Ергөбек Ниязбеков саятшылықты серік еткен сирек азамат. Жамбылдағы Меркі ауданының тұрғыны жақында ғана жалаң қолмен түз тағысын тірідей ұстап келді. Ол өзінің төрт тазысын еліміздің төрт бұрышынан алдырыпты. Алайда ол асыл тұқымды тазыларын тиісті федерацияға тіркете алмай әуре. Өйткені олар құмайларға қатысты қисынсыз талаптар қояды, деді.

Ергөбек НИЯЗБЕКОВ, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тарихи деректерге қарасаң, бұрынғы атпал тазылар кәдімгі алғыр тазылардың өзі омыраулы, сирақты, жіліншікті, жақеттері бұлшық етті болып келген. Бізге қоятын талаптары жіңішке біздей түлкінің тұмсығындай болу керек. Аяқ қолы шидей жіңішке болса, бойы тым биік болмасын, 55-60-тан аспасын деген шектеулер қойып отыр. Ондай тазыларды ұстай берейік десек олар ертең түлкіні де ала алмайды ол.

Желмен жарысқан жүйрік тазылардың ұшқырлығы ұқсағанымен бітімі бөлек болады. Осындай алып тазыны асырап отырған Қуанай Молдабеков Майтөбе ауылындағы құмайға құмар екі азаматтың бірі. Жеті қазынаның бірін жүгіртіп жүргеніне 35 жыл болған. Қарапайым шаруаның құмайы – жеңіл атлет. Оның Ақтұмсық атты тазысы Қазақстанның чемпионы. Тазылар арасында өткен Халықаралық біріншілікте де топ жарған.

Қуанай МОЛДАБЕКОВ, АҚТҰМСЫҚТЫҢ ИЕСІ:

Үш рет түсті жарысқа, үшеуінде де бірінші келіп, Қазақстан Республикасының чемпионы болды. 500 метрді 18 секундта бағындырды. Биылғы жылы бір қасқыр алды. Тазылар тақырыбын таспалап жүріп Жамбыл ауданы, Өрнек ауылына қайырылдық. Тазы асырау дәстүрі жеті атасынан жалғасқан Ешметовтар әулетін естіп барған едік. Барған бетте Бауыржан ақсақалдың ауласының алдындағы тазы, бүркіт пен қаршығаның көптігіне көз сүрінді. Ақсақал айтады: «Ашаршылықтан аман өткен қазақ қос ауыз мылтығымен қоса құмай тазыға алғыс айту керек»,- деп.  

Бауыржан ЕШМЕТОВ, САЯТШЫ:

Бұрын ашаршылық кезінде де бұлар бір ауылды асыраған. Елік алған, арқар алған, қасқыр, түлкі алған. Еуропа бойынша ең жүйрік қазақы тазылар осылар. Ешқандай ит жетпейді жүгіргеніне. 70-80-ге дейін алады сағатына.

Айтқандай, тазылардың қазақ жеріндегі санын анықтайық деп даладағы жұрт дабыл қағып отыр. Қарияның қапа болатыны да сол - тазыларды тіркеу. Төрт аяқты төрелердің тізімін жасауға жанашырлық жоқ, деді.

Бауыржан ЕШМЕТОВ, САЯТШЫ:

Жігіттің сәні еді ғой бұл. Қазіргі заманда бұларға көп көңіл бөліп жатқан жоқ. Жоғарыдағы басшыларымыз осыларға санақ жүргізсе, паспорт әперсе... Егерде осындай тірлікпен, мына түрлерімен тұра берсе мына қазақтың құндылығы жойылады деймін.

Төл тазымыз жаттың жетегінде кетеді деп, жамбылдағы саятшылардың намысы оянды. Еріктілер ауыл-ауылға ат шаптырып, құмайлардың қанша қарасы барын өз шамаларынша есептеген. Олардың санағы бойынша таза қанды тазы Жамбыл өңірінде 1000-нан асып жығылады. Ал, еліміз бойынша 6 мыңның айналасында екен. Алайда Жамбылдағы «Құсбегі және тазы иттері» федерациясы өңірдегі таза тұқымды тазылардың саны оншақты ғана дейді.

Дулат МАРАТҰЛЫ, «ҚҰСБЕГІ ЖӘНЕ ТАЗЫ ИТТЕРІ» ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз патенттеу үшін бір облыста кем дегенде 1500 тазы тіркелу керек. Ал бізде келіп жатқан тазы көбісі аралас. Таза қанды емес. Маған тіркелген 87 тазының тек 13-і ғана таза.

Федерация өкілдері саятшылардың сөзіне қарама-қайшы айтады – керісінше, біз оларды шақырып шаршадық, тіркетуге келгендердің құмайларына қатысты қисынсыз талап қоймадық, деп отыр.

Дулат МАРАТҰЛЫ, «ҚҰСБЕГІ ЖӘНЕ ТАЗЫ ИТТЕРІ» ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қанша газетке бердік, ешкім қимылдап жатқан жоқ. Облыс бойынша да газетке бердік, ешкім келіп жатқан жоқ. Барлық тазының бәрін тіркейміз, керек мамандарды шақыртамыз, күнін белгілейік, мамандар келеді, бәрінің қолына паспорт таратамыз.

Төл тазымыз екенін дүние жүзіне дәлелдеу үшін оған патент алу керек. Ал патент үшін тазылардың тазасын тіркеп, санақ жүру шарт. Бізге қазақтың құмайы деп құжат жасауға иттің саны жетпейді екен. Алаңдататыны - олар жылдан жылға кеміп келеді. Кинологтар солай дейді. Статистикаға сүйенсек, 1939 жылы қазақ даласында – 7000 тазы болса, 1990 жылы – 3000 тазы, 2005 ж. – 700 тазы, 2012-де – 300 тазы болған. Қазір тазалары облыстарда оншақтыдан ғана қалып отыр.

Саятшылықтың сырына қанық Сәтмахан Жолтаев тазыларға қатысты тарихи деректерді көп білетіндігімен танымал. Ол бүгінде бір тазыға бір жылқы беруге болатынын айтады. Өйткені сонау 1917 жылдары қара базарда 1 тазыға 47 жылқы, 1937-1947 жылдары 1 тазыға 27-37 жылқы берген екен. Тарихи деректің тағы бірінде тазы ит тіпті қыздың қалың малы ретінде берілген дейді. Ал қазіргі қара базарда тазының құны 400 доллар.

Сәтмахан ЖОЛТАЕВ, САЯТШЫ:

Баяғы заманда қырғыздың бір Бүрге деген батыры біздің қолымызға түсіп қалған ғой. Сонда батырды алтынға да айырбастамаған. Сол кезде қырғызда «Көкдауыл» деген тазы болған екен. Соған батырды басына бас айырбастап алған екен, әнекей! Тазының құндылығы сондай бір батырды бір тазыға айырбастап алған.

Қазақ даласында тазы иттің жарғақ құлақ және шашақ құлақ түрлері кең тараған. Олардың өзі жер ерекшелігіне қарай бірнеше топқа, бітімге бөлінеді. Ал, елімізде тазы итті ұстау мен тұқымын көбейтуге арналған заңның жоқтығы құмайдың құрып кетуіне әкеліп тұрғандай. Әзірге Халықаралық кинологиялық федерация қазақтың құмай тазысын иттің дара тұқымы ретінде мойындаған жоқ. Дегенмен көршінің пысықайлары қалауын тауып құжаттарын дайындау қамында.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Ен далаға жіберсең еркін жортатын тазы төресін Мұхтар Мағауин лашын деп суреттеген еді. Сол құстай ұшатын құмайларды қорғауға, санын сақтауға, санақ жүргізуге мемлекет мүдделі болуға міндетті ғой. Аузымызды ашып жүргенде Алаштың аристократ тазысын өзге ұлт өзіне тіркеп, тағы бір асылымыздан айырмаса болғаны.

Данияр Әлімқұл, Эльдар Байділда «Біздің уақыт».