Бүгін кейбір өңірлерде де Наурыз мерекесін тойлау басталып кетті. Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқан аймақтарда қызықты шаралар ұйымдастырлған. Өңірлердегі тілшілеріміз алаңдарда болып, мерекелік көңіл-күйді жеткізуге дайын.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
Ұлы дала төрінде Ұлыстың ұлы күнін тойлау басталып кетті. Жамбыл жерінде биыл бірінші рет аз қамтылған отбасыларға арнайы дастархан жайылды. 10-нан аса киіз үйде көп балалы аналарға құрмет көрсетілді.
Гүлмира ЖОЛТАЕВА, КҮМІС АЛҚА ИЕГЕРІ:
Бізде бірінші рет, біз осы қазақ егемендігін алғалы қазақ киіз үйіне ана болып құрметтеліп, биыл бірінші жыл шақырылып отырмыз. Жылда сондай әкімдер мен басқа ұжымдар кіріп жататын, біз оны білмейтінбіз де. 6 балам бар, ең кішкентайымыз үшем, үш егіз. Қазақ еліне рақмет!
Жанат ЕСТАЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Рақметімді айтқым келеді. Өйткені, мінекей 150 көп балалы аналар бар, аз қамтылған мүгедек ана, мүгедек бала бағып отырғандар дастарханға наурыз көжеден ауыз тиюге шақырылды.
Мұнан соң көппен бірге мерекелік концерт тамашалады. Бұдан бөлек Сүлейменов көшесінде ұзыннан ұзақ дастархан жайылды. Ашық аспан астындағы 1 шақырым болатын кең дастарханнан көпшілік көже ішіп, жаңа жылды бар сән-салтанатымен қарсы алды.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
Батыс өңірлерінде Наурыз бізге қарағанда ерте бастылып кетеді. Бақыт, ақтөбеліктер Әз наурызды қалай тойлап жатыр?
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Ия, Данияр, Ұлыстың Ұлы күні ақтөбеліктер ет асып, табақ тартудан сайысқа түсті. Байқауда бақ сынағандар кәсіби аспаздар емес, олар жас шамалары 18 бен 30-дың арасындағы жастар. Олар он бес минуттың ішінде етке нан илеп, иінін қандырып, жұқа қылып жаю керек.
Ал ас дайын болған соң қонақтың дәрежесі мен жасына, жолына қарай табақ жасап тартуы тиіс. Бас табақ, құда табақ, бала табақтың қалай жасалатынын түсіндіріп, малдың жамбасын, кәрі жілік, асық жілік, төсті қаншалықты танитыны сынға алынады.
Айсұлу САФИНА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:
Бүгін мен сіздерге құда табақ тартамын. Құда табақта жамбас қазы, қарта, жал, жая ішінде болады. Мұнда бел омыртқа болмайды. Өйткені ол қазыға кетеді.
Байқауға 40 шақты қыз-келіншек қатысты. Олардан іріктелген он қатысушының еңбегін кәсіби аспаздар мен қазылар алқасы бағалады. Сайыстың негізгі мақсаты - жастарға ұлттық тағамды дұрыс әзірлеуді үйрету, - дейді ұйымдастырушылар.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Бұл шара тек ұлттық тағамдарды дәріптеу ғана емес, қайырымдылық шарасы деп те айтуға болады. Әзірленген дайын ас бейімдеу орталығындағы мерекелік дастарханға қойылатын болады. Сайысты тамашалауға келгендер алаңдағы күмбірлеген күй мен шырқалған әннен сусындады. Біздегі Наурыз осылай басталды. Ал, Теріскейдегі әріптесім қандай меркелік шараларға куә болды екен, өзінен білейік. Абзал!
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Рахмет, Бақыт! Мен қазір Тұңғыш Президенттің алаңында тұрмын. Алаңның төрінде қаз-қатар жеті киіз үй тігілген. Ол тегін емес, бұл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласына арнайы жасалған композиция. Әр киіз үйде ұлттың тарихын баяндайтын, салт-дәстүрін дәріптейтін жәдігерлер тұр.
Мәселен, бірінші киіз үйде, жеті қазынаның бірі-ат пен ат әбзелдеріне арналыпты. Жалпы жылқы жануары ең алғаш рет осы қазақ жерінде қолға үйретілгені тарихтан белгілі. Ботай қонысынан табылған сүйектері мен ат әбзелдері бұл жерде киелі жануардың 6 мың жыл бұрын мекендегенін дәлелдейді.
Әлия ҮСЕЙІНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Бұл қазба жұмыстары 1980 жылдан бастап бүгінгі күні дейін әлі де зерттелуде. Бұл жерде100 мыңнан артық жылқының сүйектері табылған. Он мыңнан артық артефактілер,солардың ішінде сол ботайлық адамдардың сүйектері мен еңбек құралдары табылған. Олар көптеген шаруашылықпен айналысқан. Соның ең жетекші саласы - жылқы шаруашылығы болды.
Өзге киіз үйлердегі жәдігерлер ежелгі метал өңдеу, алтын адам, түркі әлемі, жібек жолы, алма мен қызғалдақ сынды тақырыптарға арналыпты. Ал алаңның басқа бұрышында шеберлердің ауылы қоныстаныпты. Ұсталардың арасында Ресейдің Қорған мен Омбы қалаларынан келгендері де бар. Ресейлік шебер Артықбай Смағұлов мұнда арнайы шақыртумен жол салған. Ұлттық нақыштағы жәдіргерлерді жасаумен ол он жылдан бері айнылысып келеді. Жаһанды аралап, түрлі байқау-жәрмеңкелерге қатысып жүрген шебер әрдайым қазақтың салт-дәстүрін мақтанышпен насихаттайтынын айтады.
Артықбай СМАҒҰЛОВ, ШЕБЕР:
Мен осы бұйымдардың арқасында жастарға жеткізейін дегенім біздің салт-дәстүрді танып білсін. Мысалы, мына қазақтың оюлары салынған тақиялар қазіргі заманда аз кездеседі. Қазақтар қытайдың тақияларын киіп жүреді. Біздің тақияның формасы киіз үйге келеді. Ал қытайлардікі басқаша тігіледі. Ол қазақтікі емес. Сондықтан қазақтар мұны білуі керек.
Ұлық мерекеге орай бүгін күннің көзі де ерекше шуақ шашып, теріскейде күн райы жылына түсті. Алаңдағы мерекенінің көркін шырқалған әндер мен мың бұралған би қыздыра түсті.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Қызылжарлықтар әз-наурызды үш күн қатарынан тойлауды жоспарлап отыр. Бұл күні қазан-қазан Наурыз -көже дайындалып, бауырсақ пісірілмек. Түрлі спорттық шаралары мен ұлттық өнер дәріптеледі.
Б. Рахметова