Тереза Мэйге қарсы саяси соққы. Оннан аса британдық министр Премьердің отставкаға кетуін талап етпек. The Sunday Times басылымы бұл шиеленістің Брексит үшін басталғанын жазады. Олар Еуроодақтан шығудың бірде-бір нұсқасын құптап отырған жоқ.
Біріккен Корольдікте саяси шиеленіс ушыға түсті. Парламенттің бірден 11 министрі Тереза Мэйге биліктен кет деп шарт қойды. Сонда ғана Еуроодақтан шығу келісімін мақұлдауға дайын. Министрлер жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартты.
Тереза МЭЙ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Еупоодақпен бекіткен келісімшарт қолдау табады деп үміттенем. Ол референдум нәтижелеріне жауап беретін және келіссөз жүргізуге болатын ең тиімді шарт. Енді Парламент мүшелерінің шешім қабылдайтын уақыты келді. Олар осыған дейін бас тартып келген.
Брексит тарихындағы ең үлкен наразылық өткен сенбіде Лондонда өтті. Еуроодақтан шығуға миллионға тарта адам қарсылық көрсетті. Ереуіл Гайд-саябақтан премьер-министрдің резиденциясы арқылы Доунинг көшесіне дейін жалғасқан. Брекситті жоюды талап еткендер саны 2 күн ішінде 4 миллионға жетті. Тіпті, Лондон көшелеріне саясаткерлер де шықты.
Садик КХАН, ЛОНДОННЫҢ МЭРІ:
Британдықтарға соңғы сөз беру керек. Халық Үкіметке болашаққа немқұрайлы қарасын деп дауыс берген жоқ. Елде келеңсіздіктер болсын деп дауыс берген жоқ. Британдықтарға брекситке қатысты шешім қабылдау уақыты келді.
Том УОТСОН, ҰЛЫБРИТАНИЯ ЛЕЙБОРИСТІК ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Парламент халық қалаған шешімді шығармай отырғаны анық. Брексит парламентте тұралап қалды. Егер келісімшарт осы аптада шешілмесе, біз үлкен проблемаға тап боламыз.
Тереза Мэй отставкаға кеткен жағдайда орнына орынбасары Дэвид Лидингтон мен Қоршаған орта істері жөніндегі министрі Майкл Гоув келуі мүмкін. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары жазады. Бірақ лауазымды қызмет қос саясаткерді де қызықтырмайды.
Майкл ГОУВ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТА ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МИНИСТРІ:
Қазір кеменің капитанын ауыстыратын уақыт емес. Бізге дұрыс бағыт қажет. Ал премьер-министр оны біледі. Алдағы міндеттерге мән беріп, аптықпай ойлану керек.
Дэвид ЛИДИНГТОН, ҰЛЫБРИТАНИЯ КОНСЕРВАТИВТІК ПАРТИЯ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Премьер-министр болу ниетім жоқ. Тереза Мэй өз міндетін жоғары деңгейде атқарып жатыр деп ойлаймын. Мен ол бар мәселенің шешімін тауып, қалай еңсеріп жатқанына таң қалам. Халық оның еңбегін елеп, құрмет көрсетуі қажет деп есептеймін.
Брюссельдегі соңғы саммитте Британияның Одақтан шығуы кейінге қалдырылған еді. Егер Палата наурыз айының соңына дейін жобаны мақұлдаса, келісімшарт 22 мамырға ұзартылады. Ал құжатты тағы кері қайтарса, 12 сәуірде Біріккен Корольдік қатаң Брекситпен Одақтан шығады.
А. Бектас