Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда металл ақшаның дефициті байқалып отыр

AstanaTV
28.03.2019ж. 20:00
5044
Қызылжарда металл ақшаның дефициті байқалып отыр

Қызылжарда тиын тапшылығы байқалады. «Әсіресе бір, екі және бес теңгелік тиындар жетіспейді»,- дейді дүкен сатушылары. Қаржы тепе-теңдігін сақтап отыру үшін, ұлттық банк- жыл сайын жаңадан миллиондаған монета соғуға мәжбүр. Тек былтырдың өзінде- ақша айналымына 300 миллион теңгеден артық қаражат құйылған. Ұсақ тиын қайда кетіп жатыр? Құзырлы органдар қандай амал қолданбақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді. 

Қызылжарлық дүкендер тиын жетіспеушілігіне үш ай бұрын тап болған. Бір, екі және бес теңгелік монеталар қазір атымен жоқ, дейді сатушылар. Екінші деңгейлі банктер супермаркеттердің сұранысын толық мөлшерде қамтуға қауқарсыз көрінеді. Осының кесірінен дүкен иелері біршама табысынан қағылып отыр. 

Надежда КАЛИНИНА, БАС КАССИР: 

Біз банкке күнара 250 мың теңгеге тапсырыс беріп отырамыз. Банк бізге шамамен 100 мыңнан ғана бөліп отырады. Ұсақ ақша жетпегесін, тұрғындардан сұрауға мәжбүрміз. Кейде тиындарды автобус жүргізушілерінен аламыз. Егер сатып алушыға қайтаратын ақшамыз болмаса, тауарды бүтін ақшамен сатуға тура келеді. Есеп-айырысудың мұндай түрі қалтамыздан қағады, әрине.

Ұлттық банк өкілдері тиынның басым бөлігі тұрғындардың үйлерінде жатыр, деп санайды. Жұрт ұсақ ақшасын айналымға жіберу үшін жетекші банк арнайы акция ұйымдастырды. Бұқара металл ақшаны қағазға комиссиясыз айырбастауға мүмкіндік алды. Банкке ұсақ теңгеліктерді тапсыруға келген қала тұрғыны Игорь Искаков аталған шарада жеңімпаз атануға үмітті. 

Игорь ИСКАКОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: 

Акция туралы газеттен оқып, бүгін көрейінші деп келдім. Үйде немеремнің ұсақ ақшаға толы сандықшасы бар. Жақын арада сонып әкеліп тапсырамыз. «Бірінші орынға күміс монета береді»,-дейді.

2018 жылы Ұлттық Банк Солтүстік Қазақстан облысы үшін түрлі номиналды 46 тонна монета соғып шығарған. Жалпы құны 344 миллион теңгеге тең. Ал қайтып келген қаражаттың көлемі бұдан үш есе төмен. Баланстың бұзылуы мемлекеттік бюджеттің қосымша шығындалуына әкеліп соғады, дейді банк өкілдері. 

Мейрам МАМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ СҚО ФИЛИАЛЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Айналымнан алынған ұсақ тиындар қайтадан банктерге таратылып, нарыққа құйылады. Бұдан бөлек, жыл сайын шамамен 340 миллион теңге көлемінде жаңадан монеталар соғылып, айналымға жіберіледі. Әр монетаның өзіндік құны өзінің номиналынан қарағанда біршама қымбатқа шығады. Сондықтан металл ақшаның тепе-теңдігін сақтау үшін Ұлттық банк жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаражат бөліп отырады.

Тәуелсіз сарапшылар Ұлттық Банк ұйымдастырған акцияны бірауыздан қолдап отыр. Теңге тиыннан құралады демекші, халықтан жиналған монеталар, ел экономикасына оң әсерін беруі мүмкін, деп санайды олар. 

Бекнұр КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ: 

Үйде ештеңе ұстамау керек, ең бірінші әр зат айналымда болуы керек. Ол тиындар нацбанкке келсе, ұлттық банк оның бәрін экономикаға құйса, оның бәрі бәрімізге де пайдалы болады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Сондай-ақ, сала мамандары ұсақ ақша жетіспеушілігінің тағы бір теріс жағын белгілеп отыр. Саудагерлер тұрғындарға ақшаның қайтарымын бере алмағандықтан, тауардың бағасын дөңгелектеуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде тауар бағасының өсуіне ықпал етуі әбден мүмкін.

А. Құрманкин