Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Мәңгілік ел» қақпасын жөндеуге 600 млн теңге жұмсалмайтын болды

AstanaTV
29.03.2019ж. 20:00
3034
«Мәңгілік ел» қақпасын жөндеуге 600 млн теңге жұмсалмайтын болды

«Мәңгілік ел» қақпасын жөндеуге 600 миллион теңге бөлінбейді.Бүгін екінші рет журналистерді жинаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Нұрлан Нүркенов монумент ешқандай жөндеуді қажет етпейді, дейді. Ал қомақты қаражат сол маңдағы сауданы дамыту үшін жеке инвесторларды тартуға жұмсалмақ. 

Нұрлан НҮРКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

600 миллион теңгенің жөндеу жұмыстарына түк қатысы жоқ. Жерасты жолына да қажет емес. «Мәңгілік ел» салтанатты қақпасына жөндеу жүрмейді. Ақша оған бөлінбейді. 600 миллион теңге кәдесый саудасы мен басқа да бизнесті дамытуға инвесторларды тарту үшін жұмсалады.

Бірақ, бір қызығы Нүркенов түске дейін мәслихат сессиясында мүлде басқа ақпарат айтқан. Әкім орынбасары «Мәңгілік ел» қақпасына күрделі жөндеуге 600 миллион теңге жұмсалады, деді. Тіпті, нысан құрылысын сапасыз деп, алдағы жөндеу жұмыстары кемшілікті жоймайтынын жеткізген. Айтылған сөз атылған оқ. Шенуніктің цитатасы желіде лезде тарап, қарсылыққа тап болды. Мәслихат депутаттары да 2011 жылы бой көтерген монумент қабырғасында 2 жыл өтпей жарықшалар пайда болғанын айтты. 

Нұрлан НҮРКЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

«Мәңгілік ел» салтанатты қақпасында да қиын жағдай. Монумент маңында жерасты жолын салғанда құрылысты сапасыз жүргізілген. Жыл сайын істейтін жөндеу бұған көмектеспейді. Бұған күрделі жөндеуге кететін ақша шамамен 600 миллион теңгені құрайды.  

А. Бектас