Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мал шаруашылығы кешені екі жылдан бері іске қосылмай келеді

AstanaTV
31.10.2017ж. 20:00
4162
Мал шаруашылығы кешені екі жылдан бері іске қосылмай келеді

Кешен іске қосылмаған, ал өнімді әлі бір жыл күтуге тура келеді. Қызылорда облысының Шаған ауылында салынған бірегей мал шаруашылығы кешенінің ахуалы осындай. Кәсіпорын толық қуатында өнім шығаратын күнге жетуге асық. Әу бастағы жоспар бойынша мұнда ет, шұжық, үй жануарларына арналған тағамдар, қалбырдағы ет пен фармацевтикада қолданылатын сүйек ұны шығарылуы тиіс еді. Тіпті мәрмәр етін өндіру де көзделген. Алайда мұның барлығы жоспар күйінде қалып тұр.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Бұл нысан еліміздегі ірі мал шаруашылық кешендерінің қатарынан орын алуы тиіс еді.  Тіпті шығарылған өнімді экспортқа да жіберу көзделген. Алайда уәделі ет пен шұжық  жергілікті дүкендерге де әлі түсетін түрі жоқ. Кешеннің өзі 2015 жылдың соныңда пайдалануға берілген.

Тек қолданысқа берілді деген аты болмаса, әлі жұмысқа кіріспеген. Жобаны қолға алған кәсіпкердің айтуынша, 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салу - ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан. "КазАгро" ұлттық холдингі арқылы 400 миллион теңгедей қаржы да бөлінген. Бірінші транш бойынша қаралған сома толық игеріліп, оған 16 бордақылау алаңы, жем сақтайтын қоймалар мен ветеринарлық зертхана, санитарлық бекет салынған. Су мен электр желісі де тартылды. Бірақ жобаны қаржыландыру орта жолда тоқтап қалды.

Бердібек Қадыров, мал шаруашылығы кешенінің басшысы:

КазАгроӨнім "біз құрылыс салып болдық, әрі қарай өзің кредит аласың да, өзің іске асыруың керек" деді. Негізінен бұл жобада малды алып, әрі қарай оны рефинансирование жасалып, қайтадан іске асуы үшін, оны өндірілген өнімді сату, бәрі совместно жасау керек болды ғой. Ауыл шаруашылық министрлігінде бұл жоба негізінде толық піспеді ме, әлде толық шешім таппады ма, бірақ жақсы болып басталды да, орта жолда тұрып қалды.

Жұмысқа кедергі болған тағы бір мәселе - несие пайызын қайта қарау ісінің тым созылып кетуі. 400 миллион теңгені 16 пайыз үстемеақымен қайтарудың ауыр екенін айтқан шаруа, оның мөлшерін 9-пайызға түсіргенше, бір жыл уақытымыз кетті,- дейді. Сала министрлігі мен ұлттық холдингтің жобаның екінші кезеңіне ат салысудан бас тартқанына қынжылады.

Бердібек Қадыров, мал шаруашылығы кешенінің басшысы:

Облыс әкімдігіне шығып, солардың қазіргі танда қолдауынын арқасында жобамыз әрі қарай іске асып отыр. Кеше сессияда қаралып, бірінші транш - 15 миллион ақша бөлініпті. 

Кәсіпкер алған несиесін екі жылдан бері төлеп келеді. Осы уақыт аралығында 30 миллиондай қаржыны қайтарып та қойған. Ал 200 миллион теңгедей займ мемлекет есебінен жабылды. Ауқымды жоба жарты жолда қалмау үшін, жергілікті шенділер де барынша қолдау көрсетуге тырысып жатыр

Пірмұхамед Сыздықов, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Жобаға 216 миллион теңге қаржы қаралды. Оның 157 миллион 500 мың теңгесі мың бас мүйізді ірі қара сатып алуға. Және 58 миллион 602 мың теңгесі ішкі мал союға құрал-жабдықтармен жабдықтауға қаралып жатыр.  

Келесі жылдың ортасына қарай көптен күткен өнімді жергілікті дүкендерге шығару көзделіп отыр. Екі жыл бұрын уәде етілгендей мәрмәр еті де нарыққа жол тартуы мүмкін. Табиғи өнімді шетке шығару да жоспарда бар. Айта кетейік, Қызылорда облысы биылғы жылдың мамыр айында бруцеллез ауруы бойынша буферлік аймақтан шығарылған. 

Шарипа САҚТАПОВА