Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Айықтыру орталығына түсіп, мәйіті шыққан Николай Кривенконың сот тындалымы өтті

AstanaTV
31.10.2017ж. 20:00
3438
Айықтыру орталығына түсіп, мәйіті шыққан Николай Кривенконың сот тындалымы өтті

Айықтырғышта көз жұмған Николай Кривенконың ісіне қатысты сот тындалымында қос тарап та қолда бар айғақтарын ұсынып бақты. Жан түршігерлік оқиғаға қатысты үкім таяу арада шығарылады. Сот процесінен тілшіміз Диана Сапарқызы тарқатады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Зардап шегуші Николай Кривенко 15 наурызда бірнеше ауыр соққыдан айықтыру бөлмесінде көз жұмады. Қорғаушының айтуынша, марқұм сыра ішкен көрінеді.  Арнайы сараптама қорытындысы марқұмның орташа масаю күйінде болғанын көрсеткен. Айықтыру орнына түскен Кривенко, өкінішке орай, ол жерден тірі шықпады. 

Істі қарап жатқан судья БАҚ өкілдерінің қатысуымен марқұм Кривенконың соққыға жығылғаны жазылған бейнетаспаны қайта қарап шықты. Мұнда жәбірленушінің айықтырғышқа қалай жеткізілгені, ол жерде болып жатқан әрекеттер анық көрінеді. 

Мына кадрларда күдікті Мырзабеков пен Саят Сатынның Кривенкоға қол жұмсап жатқаны жазылып қалған. Біреуі бұрынғы тәртіп сақшысы, ал екіншісі фельдшер болып істеген. Алайда олар өз жауабында марқұм Кривенко сыраның буымен өнер көрсетіп, ырыққа көнбеген соң сабадық деп отыр.

Берік Мырзабеков, айыпталушы:

Кривенко мені балағаттады, ал мен оған қол көтеруге болмайтынын білемін. Бірақ ол адам қол жүгірте бастаған соң, тыныштандыру үшін бір екі рет соққы жасағаным рас. Сондай ауыр соққы жасадым деп айта алмаймын. Ол агрессивті адам болатын. Бұрын бокспен айналысқан екен деп естідім.

Ал марқұмның анасы Татьяна Кривенко ұлымның өмірге деген құштарлығы зор болған дейді. 29 жасында отбасылы болғысы келгенін айтып еді деп егіледі ол.

Татьяна Кривенко, марқұмның анасы:

Ұлыма қатысты «агрессивті, бокспен айналысқандықтан басында ауытқушылықтар болған» деген сөздердің ешбірі шындыққа жанаспайды. Айналып келгенде марқұм болған жанды айыптап отыр. Оның сол кездегі жағдайына байланысты сот-медициналық сараптамасы бар.

Тараптарды тындау барысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы айыпталушыларға ең ауыр жаза беруді сұрады.

Олег Кубасов, қорғаушы: 

Мырзабековке, Сатынға, Камбековке 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілсін. Сонымен қатар, жерлеу рәсіміне кеткен материалдық шығын 177 мың теңгені өндіруді сұраймыз.  Бейітті қоршауға жұмсалған 149 мың теңге де өндіріліп берілсін. Моральды шығындар тағы бар.

Диана Сапарқызы, тілші:

Сот тындалымында, мемлекеттік айыптаушы марқұмды сабады деп айыпталған Мырзабековке 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал наркология орталығының маманын 9 жыл жазаға кесуді, сондай-ақ медицина саласында 10 жыл қызмет ету құқығынан айыруды, ал басқа күдіктілерді үй қамағына алуды талап етті. Енді тараптар жақын күндері шығарылатын сот үкімін күтеді.   

Диана САПАРҚЫЗЫ