Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Елімізде жатақтарға газ бен улы түтінді анықтайтын қондырғылар орнату ісі бәсең

AstanaTV
06.04.2019ж. 20:00
3900
Елімізде жатақтарға газ бен улы түтінді анықтайтын қондырғылар орнату ісі бәсең

Астанамыздағы бір үйдің бес қызы пештен шыққан өрттен опат болған оқиғадан кейін әкімдіктер көп балалы және тұрмысы нашар отбасылар тұратын жатақтарға газ бен улы түтінді анықтайтын қондырғылар орнатуға кірісетіндерін жариялаған. Нұр-сұлтанда еріктілер көп тірлік бітіріп жатыр екен. Жай-жапсарын Әлішер Өмірзақ баяндайды. Тек, астанамызда орнатылған сондай қондырғының арқасында бір отбасы аман қалғанын айта кетейік. «...Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады. Жүгіріп терезеге барып күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тұп-тура пешке түскен... Қарды тастай беріп Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті... Іші елжіреп көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне үйге кірді: - Қарағым, Қалижан, тұр!.. Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті... Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады». Осындай тақырыптарды қозғағанда Бейімбет Майлинің «Күлпаш» әңгімесі еске түседі. Бұл енді авторлық шегініс.  

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Мына датчикті орнатуға 4-5 минут қана кетеді. Салмағы 200 грамм, ауданы алақандай ғана. Бағасы 5 мың теңге. Аса қымбат емес және қарапайым болып көрінгенімен, осының арқасында адам аман қалды. Оқиға елордада, Сарыарқа ауданында болған. Түн ортасында үй іші ұйқыға кеткенде пештен шоқ түсіп, өрт шыққан. Орнатылған мына құрылғы түтін иісін анықтап.... осындай ащы дауыс шығарғанда үйдегілер оянған. Әйтпесе ұйқыда жатып түтінге уланған адамның оянуы екі талай дүние ғой...

Гүлсім МИШЕЛОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ: 

Түнгі 2-де пештің түтіні шыққасын датчик сработал. Сол датчиктің сигнализациясынан мен ояндым. Оянғасын светті жақсам комнатам бүкіл түтін. Бірінші қыздарымды ояттым да, далаға шығардым. Сосын есікті ашып, әйнекті ашып проветрила. Сосын ДЧС келгенде хозяинға штраф салынды.

Астанамызда ақпан айында 5 баланың өмірін жалмаған қызыл жалыннан кейін республика бойынша көп балалы және тұрмысы нашар отбасылар тұратын үйлерге осындай газ бен улы түтінді анықтайтын қондырғылар тегін орнатылып бастаған болатын. Қазір 8 мыңға жуық қана орнатылған. Ең көбі Атырау, Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласында. Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облысы 10 шақтымен шектелсе, Жамбыл және Қызылорда облысы мүлде орнатпаған. Нұр-Сұлтанда 900-ге жуық қондырғыны өз ақшаларына еріктілер орнатқан. Билік немесе жеке біреуге қатысты емес...жалпыға ортақ проблема, сондықтан қоғам болып жабылсақ ғана мәселенің оң шешімін табамыз,- дейді олар.  

Жұлдыз АРТЫҚБАЕВА, ЕРІКТІ: 

Нұр-Сұлтан қаласы мамандарымен бірігіп 30 шақты ерікті жер үйлерді араладық. Үлкен трагедия болған Көкталдан бастағанбыз. Бірнеше апта бойы осындай датчиктерді орнаттық. Бітіп қалғасын Елордадан таппай, өзге қалалардан алдырдық. Бағасы 6 мың теңге көлемінде. Біз еңбегімізді еш міндетсінбейміз, бізге маңыздысы - адам өмірі.

Бас қалада 22 мың 267 жер үй бар. Оның мыңында ғана датчиктер орнатылған болса, қалған 21 мың үй иелерінің өміріне кез-келген уақытта қауіп төнуі мүмкін. Сақтасын дейміз. Әйтпесе әкімдіктегілер қыс бітті, келесі қысқа дейін бір мәнісі болар деп отыр. Ал павлодарлық төтенше жағдай қызметіндегілер екі айда әрқайсысының құны 7 мың теңге 51 құрылғы орнатыпты. Бұл тым аз. Десе де тағы 170-тен астам үйге орнатамыз деп уәде беріп отыр. Дегенмен орнатқанымызға ұқыпты қарап жатқан тұрғын жоқ,- дейді.  

Асқар БҮРКІТБАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ТЖБ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

Өкінішке орай, орнатқан датчиктерді алып тастаған тұрғындарды да кездестірдік. Кейбіреулері тұрмыстық жағдайда сындырып алған. Бірақ жақында ғана бір тұрғынның үйіндегі датчик газдың иісін сезіп, дабыл қаққан. Содан кейін үй иесі бірден терезелерді ашып, тиісті шараларды қолданған.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдай қызметкерлері де немқұрайлық туралы айтады. 2016 жылдан бастап көгілдір отын қолданатын әр үй құрылғы орнатуға міндеттелген, бірақ кейбір адамдар өз өмірі үшін маңызды дүниеге келгенде салғырттық танытады деп отыр. Облыста 200 мыңға жуық газ тұтынушы болса, оның тек 23 пайызы ғана датчикпен қамтылған екен. БҚО-да да жағдай мәз емес. Жыл басынан бері болған 113 өрттің 78-і тұрғын үйлерден шыққан. Астанамызда да 3 ай ішінде жер үйлерде 61 рет өрт фактісі тіркелген. Көбі дұрыс жұмыс істемейтін пештен болған. Алайда Нұр-Сұлтанның суығы белгілі ғой, түнде қалай пеш жақпайды? Табиғи газ да жоқ. Оны қолдану оңай және көмірге қарағанда қауіпсіздеу емес пе?! Қызылорда облысынан тартылатын "Сарыарқа" газ құбыры әкімдіктегілердің айтуынша, биыл желтоқсан айында елордаға шынымен жететін көрінеді. Газ кіргізу 3 кезеңге бөлінген. Бірінші Көктал-1 және Көктал-2 аудандары қамтылады. 2021 жылдан кейін Мичурино, Интернациональный, Тельман, Garden village және Family village аумағына, ал үшінші кезек аясында Ильинка, Шұбар шағын ауданы мен Өндіріс тұрғын алабына тартылады.   

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Әр өңірдің атқарушы билігі тура да, ауыспалы да мағынасында өрттің алдын алудың маңызды екенін ел астанасында ақпан айында болған оқиғадан кейін терең түсінетін кейіп танытады. Түтін мен газдың иісін анықтайтын қондырғы орнату сол бағытта жасап жатқан ең кішкентай қадамдары шығар. Алайда бейнелеп айтқанда, жүгірмесе болмайды, себебі республика бойынша миллионға жуық жер үйдің жүз мыңға жетер жетпесінде ғана қондырғы орнатылған... Екінші жағынан, адамдар өзінің өмірі, өмірінің мағынасы -баласының өмірі түптеп келгенде өзіне ғана қастерлі екенін естен шығармауы керек.

Әлішер Өмірзақ «Біздің уақыт».