Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Диализге мұқтаждар «дәрі тапшы» деген, дәрігерлер «жеткілікті» дейді. Ара-жігін ажырату қиын болып тұр

AstanaTV
06.04.2019ж. 20:00
4599
Диализге мұқтаждар «дәрі тапшы» деген, дәрігерлер «жеткілікті» дейді. Ара-жігін ажырату қиын болып тұр

Бүйрегі істемейтін диализге мұқтаж жандар соңғы екі айдан бері қажетті дәрі-дәрмек тапшылығы туып, денсаулықтары нашарлағанын айтқан хабарлама шықты. Олар мемлекеттен тегін берілетін дәрі мөлшері азайғандықтан «сүйегіміз жұмсарып, құлап қалатын жағдайға жеттік» деп шағымданған. Денсаулық сақтау министрі «жылда қайталанатын өзекті проблеманы» шешу жолдары қарастырылып жатыр деген. Ал бүйрегі істемейтін науқастардың айтуларынша, ағзасындағы паратгормон мөлшері ұлғайып отырады. Оны қалыпты шамаға түсіру үшін бірнеше препарат қолданылады. Емдеу хаттамасы бойынша кейбір кісілер оны күнделікті қабылдау қажет. Бірақ соңғы екі айдан бері күнде емес, аптасына үш рет қана және бұрынғыдай 90 милиграмнан емес, тек 60 милиграмнан беріп жатқан көрінеді. Соның кесірінен бүйрек ауруына шалдыққан кей науқастардың ағзасында паратгормон қалыпты мөлшерден он есе ұлғайып кеткен. Мәселені Ақерке Бектас зерттеп көрген, Денсаулық сақтау министрлігінің жауабынан кейін сауал тіпті көбейіп кетті...  

57 жастағы Акзам Семізбаев созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан. Науқас дұрыс қойылмаған диагноз кесірінен дерттің барын өте кеш анықтаған. Диализге тәуелді екенін былтыр ғана білді. Енді мына аппараттан алыс кете алмайды. Қанын үнемі тазартып отыруға мәжбүр. Бұған күнара қабылдайтын дәрі-дәрмекті қосыңыз. Медицинаға заманауи аппарат келгенімен, білікті маман тапшы, - дейді науқас.  

Акзам СЕМІЗБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын диагноз дұрыс болмады. Бір дәрігерге барсам, дәрігер білмейді қандай ем керегін. Қазір оборудование бар, мамандар аз. Негізі жағдай қиын болды. былай қарағанда тек қатты ауырғанда барамыз. Бірақ профилактика жасамаймыз.

Статистикаға сүйенсек қазір Қазақстанда 6000-ға жуық науқас гемодиализге мұқтаж. Ал жылына 200-ден аса адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдығады. Дәрігерлер қант диабеті мен қан қысымының үнемі жоғары болуы қатерлі ауруға алып келетінін айтады.

Абай ШЕПЕТОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Созылмалы бүйрек аурулары 5 сатыдан тұрса. Соның 1,2-ші сатысында ол бастапқы медико-санитарлық орталықтарда, емханаларда қаралу керек. 3-ші сатыдан бастап нефролог маманмен алып жүру керек. 4-ші сатысында науқасты бүйрек алмастыру терапиясының түрлерімен таныстырып, сосын қай түрі екен өздері таңдайды. Мұның барлығын жеткізу керек науқастарға. Қай тәсілді таңдаса, сол тәсіл бойынша науқасты дайындау керек.

Батыс елдерінде диализге тәуелді адамдардың орташа жасы 63-64-ті құраса, біздің елде бұл 54 жасқа дейін қысқарған. Абай Шепетов дерттің ерте жастан дендеп кетуін тұрғындардың алдын ала тексерістен өтпеуімен байланыстырды.

Абай ШЕПЕТОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Ол науқастар жылма-жыл көбейіп жатыр. Оның көбею себебі дер кезінде диагностика жасап, диспансерлік учетқа алмай, емдемей жатырмыз. Гемодиализге түскен науқастардың барлығы бізге 5-ші сатысында келеді. Оған дейін ол кісілер ешқайда қаралмаған. Қазақстан бойынша тірі бүйрек трансплантациясы және мәйіттік бүйрек трансплантациясы жүріп жатыр. Оны гемодиализге жеткізбей жасауға болады.

Ал елордадағы мына медициналық орталықта қазір 45 науқас ем қабылдайды. Диализге мұқтаж адамдар 1 айда 13 ем шарасынан өтеді. Оның әр кезеңі 26 248 теңгені құрайды. Қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінген. Демек 13 ем-дом кезеңінің жалпы құны 341 мың теңгеден асады. Ал 45 науқасқа қарастырылған жалпы ақша 15 млн теңгеден асады. Әрине, қомақты қаражат. Тегін берілетін дәрі-дәрмек осы қаржыға алынады. Науқасқа керек препаратты осындағы дәрігер тағайындайды. Ал препарат жетіспеушілігі орталықта болған емес, деп дәрі тапшылығын жоққа шығарып бақты.

Әйгерім БЕГАЛИЕВА, НЕФРОЛОГ, ЭНДОХИРУРГИЯЛЫҚ КЛИНИКАНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Тегін берілген дәрілерді бәрінің бірдей қабылдауы мүмкін емес. Өйткені әркімнің организмі әртүрлі. Сондықтан талдау арқылы әр науқасқа қажетті дәрісін ғана беріп отырамыз. Науқас өмірінің соңына дейін осы диализге тәуелді. Егер де диализ қабылдамаған жағдайда өліп кетуі мүмкін. Диализден құтылу үшін тек қана бүйрек алмастыру мәселесі бар.

Ал дәріге мұқтаж, оны үнемі қажет ететін науқас әрекетін мамандар энцефалопатияға балады. Бүйрек істен шығып, ағза уланған кезде мұның адам миына да әсер ететінін айтады. Бастың қан айналымы бұзылып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сөйтіп психикалық ауытқуға әкеледі. Науқастың дәріге тәуелділігі осының кесірінен пайда болуы мүмкін, дейді дәрігерлер. Ал адамдарды тегін диализбен қамтамасыз етуге биыл бюджеттен 100 млн теңге бөлініпті. Былтыр 13 млрд теңге қарастырылған еді. Бұған Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті дәріге сұраныс болмаса, сатып алынбайды, деп жауап берді. Бұл гемодиализді қаржыландырудың қысқарғаны ма? Нефрологтар Қазақстанда бұл аурудың жасарып бара жатқанын айтты емес пе?

Ержан АСҚАРҰЛЫ, ҚР ДСМ ФАРМАЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сұраныстарға байланысты, қай жерден сұраныс келеді. Соған толығымен қамтамасыз етеміз. Ол тек қана сұранысқа байланысты. Сұраныс болмаса, бірыңғай дистрибьютор тарапынан ол жерге алынбайды.

Жә, сұраныстың аз болуы мүмкін емес. Бұған бір ғана медициналық орталыққа барып көз жеткізуге болады. Күн сайын 4 сағат төсекке таңылып, бұған қосып дәрі ішетін науқастар сөзімізді жоққа шығармады. Бірақ дәріден де қымбат дүние бар. Бұл - адамның өмірі. Тек соны жарық дүниеде әр жаратылысқа берілген ең үлкен сый деп түйсінсек. Аппаратпен алысып, құрылғыға тәуелді болмау кей жағдайда өз қолыңызда емес пе?!

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»