Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді-Қ. Тоқаев

AstanaTV
09.04.2019ж. 20:00
4145
9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді-Қ. Тоқаев

Күннің басты жаңалығы 9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі үндеуінде мәлім етті. Ол Қазақстан халқын маңызды науқанға жауапкершілікпен қарауға шақырды.  

«Кезектен тыс сайлау - өте маңызды әрі қажетті қадам» деді Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде. Ол осы шешімді қабылдағанға дейін алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, кейін Парламент палаталарының спикерлерімен және Үкімет басшысымен кеңескен екен. Конституциялық Кеңестің де келісімін алыпты. Президент олармен күні бұрын кездесіп, елдің ішкі саясатына қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланған. Ал, бүгін маңызды үндеумен эфирге шығар алдында елге белгілі саяси партия жетекшілерімен кездескен. Онда да қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыға түсті. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін.

Мемлекет басшысы жоғары биліктің заңды және бейбіт жолмен ауысқаны, үлкен аброй және бұл тарихи кезең екеніне тоқталды. Енді сол транзиттік сатының нүктесін қоятын кез келді. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім. Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз - біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі-сыртқы саясаттағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент бастаған әлеуметтік бағдарламаларды жоспарға сай жалғастыру керек, деді. Сайлау да осыны көздейді. Халық өз басшысын демократиялық жолмен таңдайды. Ал, оның таза әрі әділ өтуіне өзі кепіл болмақ. Бұл Тоқаевтың ұстанымы. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін. Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты !

Президент сайлауы ол туралы жарияланғаннан кейін екі ай ішінде өтуі керек. Конституцияға сәйкес, Президентті халық бес жылға сайлайды. Қазақстанда жалпыхалықтық сайлау бес рет - 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткен.  

Д. Қайыртай