Алматыда осыдан екі күн бұрын ыстық су құбырының жарылуынан зардап шеккен тұрғындар өтемақымен келіспей отыр. «Алматы жылу желісі» компаниясы барлығы 7 пәтер мен 8 автокөліктің иесіне өтемақы беретін болған. Үйдің бірінші қабатындағы Жұртановтардың пәтері қатты зақымданған. Судың нөпірі жатын бөлмелерден өтіп, дәлізге дейін жеткен. Үйдің қабырғаларынан тыс жиһаздар да жарамсыз болып қалды. Бағалаушылар бұл отбасына 700 мың теңге көлемінде өтемақы есептеп беріпті.
Нұрлан ЖҰРТАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қазір кез-келген жиһазды ашып қараңыз бәрі су. Сыртынан құрғақ сияқты көріне береді. Одан тыс қабырға, еден мен заттарымыздың бәрі жарамсыз. Бізге кеше өттемақының көлемін есептеп әкеліпті. Ол 720 мың теңге. Ештеңкеге жетпейді. Оны жөндеушілердің еңбекақысына берсек, материалға қандай ақшаға аламыз?! Мұнымен келіспейміз.
Айта кетейік, Медеу ауданына қарасты Төле би мен Пушкин көшелерінің қиылысында 10 сәуірде ыстық су құбыры жарылып, бірнеше пәтер мен көліктер зақымданған еді. Бүлінген үйлерге қауіпсіздік мақсатында әлі күнге электр энергиясы берілмей отыр. «Алматы жылу желіс» компаниясы өтемақымен келспегендердің арызын қарауға дайын екендерін айтты.
Р. Асқарбекұлы